Жан-жақты дамуды жоспарға алады

1816

Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбеков 2021 жылды қорытындылады. Онда елімізде футбол тұрғысында орын алып жатқан жаңалықтар тілге тиек етілді. Сонымен жанкүйер қауымды елең еткізетін жаңалықтар, қандай?

Жан-жақты дамуды жоспарға алады

Өңірлік футбол федерацияларының басшылары қатысқан конференцияда ҚФФ президенті ең алдымен балалар футболына тоқталды. Елімізде биыл жеке футбол клубтары арасындағы лига өтті. Оған 44 команда қатысып, жалпы 1,5 мыңға жуық бала жарысқа қатысты. Олардан бөлек "Былғары доп" және "Теңбіл доп" балалар жарысы да сәтті жүрді. Оған 6 мыңға жуық бала қатысқан. Сонымен қатар Берік Қаниевтің бастамасымен Қазақстан футбол федерациясының қолдауымен "Жас қыран" балалар лигасы да жоғарғы деңгейде өтті.

Ал бапкерлер мәселесіне келсек басты жаңалық – келесі жылдан бастап бапкерлік курстың ақысын Қазақстан футбол федерациясы өзі көтеретін болады. ""В" және "С" санатындағы бапкерлік оқу ақылы түрде жүреді. Оны футбол клубтары мен оқуға ниетті болған адамның өзі төлейді. Еліміздегі біршама футбол клубы өзінің қызметкерінің санатын көтеріп, білім алуына қаржы таппай жатады. Ал білім алғысы келетін бапкер оқу ақысын төлей алмай қиналады. Футбол орталықтары мен академиялар бапкерлерінің бұл мәселесі бұрыннан белгілі. Енді келесі жылдан бастап "В" және "С" санатындағы бапкерлік курс оқуының ақысын Қазақстан футбол федерациясы өз қалтасынан төлеп отыратын болады" деді Әділбек Жақсыбеков.

Бұл әлбетте бапкерлер үшін таптырмас мүмкіндік. Негізі биыл, 2021 жылы "B Goalkeeper" деп аталатын UEFAның арнаулы курсынан Қазақстанның 22 бапкері өтті. "С" санатындағы оқуды 75 бапкер тәмәмдаса, дәл осы қазір "В" санатындағы курсты 36 маман оқып жатыр.   

Қорытынды жиында айтылған басты жаңалық Қазақстан футбол федерациясының "Genius" компаниясымен келісімге келгені болды. Бұл компания "Pixellot" деп аталатын автоматтандырылған камералар арқылы футбол матчтарын түсіреді. Соның арқасында келесі жылы Қазақстанның Бірінші және Екінші лигаларының матчтары интернет арқылы тікелей көрсетіле бастайды.

Сөз барысында Әділбек Жақсыбеков жағажай футболы, Қазақстан жастар құрамасы, ұлттық құрама, қыздар футболына да тоқтап өтті. Сондай-ақ Қазақстанда биыл футзалшылар арасында жастар чемпионаты іске қосылғанын да қоса кетті. Осы күндері 19 жасқа дейінгі жастар арасында ішкі біріншілік өтіп жатыр. Ал негізгі лигада командалар саны 9 болып, бәсекелестік артты. Футзалдан Қазақстан құрамасының әлем чемпионатындағы ойыны жанкүйерлеріміздің мақтанышына айналды. Олар жер жаһанның үздік деген 4 командасының қатарына енді.

Ел бюджетінен қаржы алудан бас тартқан Қазақстан футбол федерациясының 2022 жылға қойып отырған мақсаттары айқын. Қазақстан ұлттық құрамасының төмен нәтижелерін жақсарту үшін жұмыс істеу. Шынын айтқанда, Қазақстан құрамасында сапалы ойыншылар некен-саяқ. Жаңадан өсіп келе жатқан футболшылар құрама ойынын күшейте алмай жатыр. Демек осы мәселені шешу жолдарын қарастыру қажет. Ел футболын дамыту жолында шетелдік және қазақстандық эксперттер тобы құрылып, қазіргі таңда арнайы бағдарлама әзірленіп жатыр.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу