Жаңа 807 жедел жәрдем көлігі сатып алынады

4697

Еліміздің жедел жәрдем паркі 70%-ға ескірген.  

Жаңа 807 жедел жәрдем көлігі сатып алынады

Елдегі санитарлық көлікті жаңарту бағдарламасы аясында 807 жедел жәрдем көлігі, 11 жылжымалы медициналық кешен және COVID-19 індетін тестілеу үшін 8 жылжымалы зертханалық кешен республиканың 15 аймағына жеткізіледі, деп хабарлайды "СарыарқаАвтоПром" ЖШС баспасөз қызметі.

Еліміздің жедел жәрдем паркі 70%-ға ескірген әрі жаңартуды талап етеді. Сондай-ақ, COVID-19 эпидемиологиялық ахуалының күрделі болуы жылжымалы құрамның жетіспеушілігін байқатуда. Дегенмен "ҚДБ-Лизинг" АҚ қолдауының арқасында ауруханалар мен жедел жәрдем станцияларын жаңа көліктермен қамтамасыз ету үшін жеңілдіктер әзірленген. Бұл еліміздің денсаулық сақтау саласына көрсетілген нақты қолдау болды.

"Медицина қызметкерлерінің жұмысында материалдық-техникалық ресурстар маңызды рөл атқарады. Бұл әсіресе дәрігерлер бар күш-жігерін халыққа білікті медициналық көмек көрсету үшін жұмсап, қиын жағдайда жұмыс істеуіне тура келген пандемия кезінде өте маңызды. Жаңа санитарлық көліктер заманауи қондырғылармен жабдықталған, бұл медициналық көмектің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді", – деп атап айтты "ҚДБ лизинг" АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Байбазаров.

Еске сала кетсек, 2019 жылы Денсаулық сақтау министрлігі мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "ҚДБ-Лизинг" акционерлік қоғамының лизингтік қаржыландыру тетігі арқылы санитарлық көліктерді жаңартудың жол картасын бекіткен еді. 

Жол картасына сәйкес, облыстық әкімдіктер мен республикалық маңызы бар қалалардың денсаулық сақтау басқармалары үшін лизингтік қаржыландыру шарттары бекітілді. Лизинг мерзімі жеті жылға дейін, сыйақы мөлшерлемесі – 7%, аванстық төлем қарастырылмаған, жеңілдік мерзімі 12 айға дейін. Осы мақсатта 31,8 млрд теңге көлемінде қаржыландыру ұйымдастырылды. Автомобиль жеткізушілері "СарыарқаАвтоПром" ЖШС, "СемАз" ЖШС, "Hyundai Trans Auto" ЖШС сынды отандық өндірушілер.

"Біздің міндетіміз – жеткізуді тезірек бастау. Бағдарлама әлеуметтік әсерге ие, бұл тек жұмыс орындарын сақтап қалу және отандық автоөнеркәсіпті қолдау ғана емес, сонымен қатар қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған шаралар", – деп айтып өтті Қазақстан авто бизнес қауымдастығы өкілдері.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу