Жаңа Ата заңның жобасы 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады

170

Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. 

Жаңа Ата заңның жобасы 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады Фото: abai.kz

Конституциялық сот төрағасының орынбасары, комиссия мүшесі Бақыт Нұрмұханов Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасын таныстырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қазақстанның жаңа Конституциясының алғашқы жобасы преамбуладан, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады. Конституцияның преамбуласы толығымен жаңарды. Онда еліміздің өткенін дәріптейтін, бүгіні мен болашағына бағдар болатын жалпыұлттық құндылықтар көрініс тапты. Олар жайлы  үлкен талқылаулар өтті және көпшілік тарапынан қолдау тапты. Жобада Қазақстан Республикасы қызметінің жаңа негіз құраушы қағидаттары бекітілді. Мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде адам капиталын, білім мен ғылымды, инновацияны дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. "Конституциялық құрылыстың негіздері" деген бірінші бөлімде мемлекеттің ұйымдастырылуын айқындайтын, егемендігі мен дербестігін нығайтатын іргелі ережелер қарастырылды. Оларға сәйкес Қазақстан Республикасы – унитарлы мемлекет, басқару нысаны Президенттік республика деп тұжырымдалды. Сөйтіп бұрын бірқатар ғалымдар мен мамандардың басқару нысанын нақтылау керек деген ұсынысы жүзеге асты. Еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысын жай заңмен емес, конституциялық заңмен айқындау ұсынылады. Егемендік пен тәуелсіздік, унитарлық, аумақтық тұтастық, республиканы басқару нысаны ешқашан өзгермейтін құндылықтар қатарына жатқызылды", – деді Бақыт Нұрмұханов.

Бұл мызғымас талап Конституцияның соңында емес, алғашқы нормаларында бекітілді. 

"Төртінші бапта мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі Қазақстан халқы деп шегеленіп жазылды. Конституция мәтіні бойынша "республикалық референдум" ұғымы "жалпыхалықтық референдум" деп өзгертілді. "Халық билікті жалпыхалықтық референдум және еркін сайлау арқылы тікелей жүргізеді, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді" деген норма тұжырымдалды", – деді Конституциялық сот төрағасының орынбасары.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу