Жаңа бағдарлама аясында Тойотаның ай сайынғы төлемі 70 мың теңгеге жуықтайды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
21477

​Сарапшылар автонесиелендірудің "7-20-25" үлгісіндегі бағдарламасына қатысты егжей-тегжейлерді анықтады.

Жаңа бағдарлама аясында Тойотаның ай сайынғы төлемі 70 мың теңгеге жуықтайды

Қазір Қазақстандағы жеке меншіктегі автокөліктер саны 4,5 миллионға жуықтады.

Алайда сонымен бірге, бұлардың көбі 90-шы жылдарда сатып алынған, қазір көнерген көлік құралдары. Ресми мәлімет бойынша өткен жылы 3 жылға дейінгі жаңа көліктер қатары бірден 12,8%-ға азайып, 520,9 мың бірлікке түскен. 3-тен 7 жылға дейінгі автомобильдер саны 471,5 мыңға жетті. 7-ден 10 жыл аралығындағы қанағаттанарлық күйдегі автокөліктер саны да 13,3%-ға құлдырап, 290 мың бірлік болды.

Осылайша, елімізде ескі-құсқы көлік құралдарының қатары басым болып отыр. Жасы он жылдан асып кеткен ескі автокөліктер саны былтыр тағы 4,1%-ға өсіп, 2,4 миллион бірлікті құрады. Бұл еліміздегі барлық "темір тұлпарлардың" 63%-ы. 2017 жылы бұлардың үлесі 60% болған. Бұлай бара берсе, 90 пайызға дейін жетіп, Кубадағыдай еліміздің жолдарында негізінен тек көнерген көліктер ғана қалуы мүмкін.

Жекелеген өңірлер осыған қазірден жетеқабыл жүр. Жамбыл облысында зауыттан шыққанына он жылдан артық уақыт өткен автомобильдердің үлесі 81,3% болған. Алматы облысында бұл көрсеткіш – 77,5%-ды, Түркістан облысы мен Шымкентте 69,4%-ды құрайды.

Бірақ ұлттық валютаның ұдайы құнсыздануы кесірінен бағасы тоқтаусыз қымбаттаған "темір тұлпарлардың" жаңасын алуды қарапайым қазақстандықтардың қалтасы көтермейді. Сондықтан ел президенті қатысқан үкіметтің кеңейтілген отырысында ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев "7-20-25" бағдарламасының үлгісінде және оның инфрақұрылымы негізінде банктер арқылы автокредиттеудің нарықтық қағидаттары құрылатынын жария етті. Оның сендіруінше, бұл отандық автоөндірушілерінің өніміне сұранысты ынталандыру және импорт алмастыру үшін қажет.

"Ұлттық Банк 2019 жылы Қазақстан азаматтарының отандық өндірістегі автомобильдерді сатып алуға арналған кредиттеу бағдарламасын жедел әзірлеуге және оны қаржыландыруға дайын. Неліктен автомобиль? Біз автомобиль жасау да, құрылыс саласы сияқты – жоғары технологиялары бар, көп капиталды қажет ететін, экономикаға елеулі мультипликативті әсері бар сала деп есептейміз", – деп түсіндірді Данияр Ақышев.

Ол осы бастама импорт алмастыруға оң әсер етеді және шетелдік тауарлар импорты өсуінің теріс үрдісін еңсеруге мүмкіндік береді деп есептейді.

Сарапшылар бұл ұсынысты оң қабылдап отыр. Бірақ олар теңге бағамының құнсызданғанына байланысты автокөліктердің де қымбаттағанына назар аударта келе, халық үшін бұл кредит тіпті де арзан болмайтынын ескертеді.

Жаңа мемлекеттік бағдарламаның мәні мәлім: жеңіл көліктің қожайыны болғысы келетін азаматқа Қазақстанда құрастырылған автомобильдер жылдық 7% пайыздық мөлшерлемемен кредитке беріледі. Бұл ретте ол адам автокөлік құнының 20%-ы көлемінде ақшаны бастапқы жарна ретінде енгізуі міндет. Кредиттеу ең көп дегенде 25 жылға беріледі.

Белгілі болғанындай, қазақстандықтар арасында аса танымал Toyota Camry-дің жаңасын осындай кредитпен алған қазақстандықтар 25 жыл бойы ай сайын шамамен 68 мың теңгеден төлеп тұруы керек. Айталық, егер азамат алда осы кредитке Тойота алса және дәл сол тұста перзент сүйсе, ол баласы жоғарғы оқу орнын бітіргенде де, көлік үшін қарызын өтеп жататын болады. Ал ширек ғасыр ішінде ол көліктің жағдайы не болатынын кім білсін.

Тағы бір салыстыру келтірсек, ірі қалаларда "7-20-25" ипотекасы бойынша бір бөлмелі пәтерді кредитке алған азаматтар да шамамен осынша төлейді.

Мұны қымбатсынғандар "Лада" секілді арзанқол, бірақ бірер жылдардан кейін салдырлап, шашыла бастайтын түрлерін алар болса, ай сайынғы төлемі 25 мың теңге айналасында болатын көрінеді. Мұның барлығы алдын ала есептеулер. Нақты сандарды бағдарлама іске қосылғаннан кейін клиенттерге банктер айтатын болады.

Бұл ретте көлікті жеке қолдан алуға, қосарлама нарықтан "б/ушныйларын" сатып алуға рұқсат етілмейді деп күтілуде. Бағдарлама зауыттан шыққалы майы кеппегендерге, салондағы жаңаларына ғана бағдарланады деп тұспалдануда.

Ал қолданыста болған автомобильдерді азаматтардың коммерциялық банктердің жеке тұлғаларды кредиттеу өнімдері арқылы алуына болады. Бұл жерде банктер конвейерден түскелі 3-тен 15 жылға дейін уақытты бастан өткерген "темір тұлпарларды" кредиттей береді. Рас, комиссияларын және басқа алымдарын қосқанда, кредиттің пайыздық сыйақысы біршама қымбат. Ең арзаны Kaspi-де – 7,06%-дан басталады. Жалпы алғанда, автокредитті АТФ, Нұрбанк, Еуразиялық, БЦК секілді елдегі 32 банктің жетеуі береді. Олардың арасында автонесиелендірудің орташа мөлшерлемесі 25 пайыз болса, ең жоғарғы тиімді жылдық пайыз 30,2 пайызға дейін барады.

Осы жеті банк ескі көлік үшін 150-450 мың теңгеден бастап, 19 миллион теңгеге дейін кредит ұсынуға даяр. 

Осы орайда мемлекет те ескі бағдарлама аясында 15 миллион теңге сомаға дейін жеңілдікті кредит ұсынатынын айта кеткен абзал.

"Ұлттық банктің жаңа бағдарламасының шарттары – әзірге талқылау нысаны ғана болып отыр, күшіне ене қойған жоқ. Бірақ бұған дейін де мемлекет жеңілдікті автокредит берумен айналысу тәжірибесіне ие екенін ескерсек және қолданыстағы, төрт жылдан бері жүзеге асырылып жатқан тиісті бағдарламаның тиімділігін бағалар болсақ, мұндай қаржылық құрал қазақстандықтар арасында үлкен сұранысқа ие боларына шүбә келтіруге болмайды. Қазақстан жерінің үлкендігі бойынша әлемде тоғызыншы орындағы алып мемлекет. Мұнда көліксіз ештеңе де істей алмайсың. Елорда, Алматы және бірқатар қалаларда автобустарға, қоғамдық көлікке отыра саласың, ал бірқатар өңірлерде қаланың ішінде де жеңіл көлікке балама жоқ. Әсіресе, ауылда әр көлік алтынға бағаланады. Сондықтан қазақстандықтардың көпшілігі үшін автомобиль алу – баспанаға ие болу секілді маңызды қажеттілік", – дейді "ҚазАвтоӨнеркәсіп" Қазақстанның автомобиль саласы кәсіпорындары одағының директорлар кеңесінің төрағасы Олег Алферов.

Елімізде 2015 жылдың сәуірінде осы айтылған "жеңілдікті автонесиелендіру бағдарламасы" іске қосылған болатын. Оның аясында Қазақстанда жасалған көліктер 4 пайыздық (жылдық тиімді ставкасы 7 пайыз) жеңілдікті несиемен беріледі. Алайда ол бағдарлама қажеттілікті өтеуге жарамауда: 2018 жылы отандық өндірістегі автоны сатып алған азаматтардың әрбір онының тек біреуінің ғана осы несиені пайдалануға мүмкіндігі болыпты.

Бағдарлама 2017 жылдан бері "револьверлік режимде" жұмыс жасауда: яғни, бұрын кредит алған азаматтардың енгізген төлемдері бюджетке қайтарылмай, жаңа кредиттер беруге кері бағытталуда.

Олег Алферов ондай қаражаттар пайда бола салысымен, бір апта ішінде қайта игеріліп кететінін айтады. Тиісінше, қазақстандықтардың көбіне тимейді. Салдарынан, ондай бағдарламаның бар-жоқтығы да білінбейді.

2015 жылдан бері "Қазақстанның даму банкі" осы бағдарлама аясында бюджеттен 47 миллиард теңгені игеріпті. Ол қаражатқа адамдар Kia, Chevrolet, Skoda, Hyundai, SsangYong, Peugeot, Toyota секілді маркалардағы отандық зауыттарда құрастырылған 11 мың 500 көлікті сатып алған.

Демек, біршама қымбат (4 емес, 7 пайыз) болса да, жаңа автонесиелендіру бағдарламасын кең сұраныс күтіп тұруы мүмкін.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу