Жаңа бағыт туризмді түлетпек

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3556

Астана – Көкшетау – Володарское бағытымен жүретін жаңа электр пойызы отандық туризмге серпін береді деп күтілуде.  

Жаңа бағыт туризмді түлетпек

Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында тарихи орындар өте көп. Мәселен, ауданда Шалқар және Имантау көлдері бар. Әйгілі Ботай археологиялық ескерткіші де осы ауданда орналасқан. Бұдан бөлек, Қарасай және Ағынтай батырлардың мемориалдық кешені, Шоқан Уәлихановтың әжесі Айғанымның үйі орын тепкен. Сондықтан ауданда ішкі туризмді дамытудың маңызы зор. Ал Астана – Көкшетау – Володарское бағытындағы жаңа электр пойызының іске қосылуы өңір туризміне тың серпін бермек. Осылайша, жоғарыда аталған орындарға қатынау қолжетімді бола түсті.  

Айыртау ауданының әкімі Бейбіт Исманов жаңа бағыт өңірдің ішкі туризмін жаңа дейгейге көтереріне сенімді.

"Жаңа бағыттың ашылуымен ауданға келетін туристер саны артады деген сенімдеміз. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындар ел ордасы Астанаға өте қолайлы жағдайда қатынауға мүмкіндік алып отыр. Бұл да біз үшін маңызды", – дейді Айыртау ауданының әкімі.

Солтүстік Қазақстан облысы өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, бұл "Володарское" стансасы арқылы өтетін алғашқы электр пойызы. Әзірше бұл бағыттағы электр пойызы аптасына екі мәрте, жұма және жексенбі күндері қатынайтын болады.   

"Айыртау ауданы Саумалкөл ауылының тұрғындары "Астана – Көкшетау – Володарское" бағытындағы жаңа электр пойызын қарсы алды. "Володарское" станциясына дейін қатынайтын жаңа бағыт Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі мен инвестициялар және даму министрлігі көлік комитетінің қолдауымен ашылды", – делінген өңірлік коммуникациялар қызметі таратқан хабарламада.

"Біздің аудан үшін бұл бағыттың маңызы зор. Өйткені, "Володарское" –  үшінші класты станса. Бұл жерден Павлодар, Қостанай, Қарағанды қалаларына бағыт алған пойыздар жүреді. Сондай-ақ, "Брест – Қарағанды" бағыты да осы станса арқылы өтеді. Жалпы жолаушылар тасымалы тәулігіне шамамен 50 адамды құрап отыр", – дейді "Володарское" стансасының басшысы Алмас Кенжекеев.

Электр пойызы алты вагоннан тұрады. Егер жолаушылар саны көбейетін болса, тағы екі вагонды жалғауға мүмкіндік бар. Вагондардағы орындардың жалпы саны – 376. Астанадан шыққан пойыз "Володарское" стансасына дейін 5 сағат 35 минутта жетеді. Аталған бағыт бойынша жол жүру құны да қолжетімді. 1-класты вагонға отыру үшін 1943 теңге төлеу керек. Ал 2-класты вагондағы орынның бағасы – 1810 теңге. 3-кластан орын алу үшін 1504 теңге төлеу жеткілікті. Сондай-ақ жолаушылар Көкшетаудан "Володарское" стансасына дейін 1-класс үшін – 755 теңге, 2-класс – 725 теңге, 3-класс үшін 599 теңге төлейді.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, электр пойызы әлемдік стандарттарға сай. Жолаушыларға қолайлы болу үшін барлық жағдай жасалған. Вагондарда жұмсақ орындар, ауа баптағыш, жылу және салқындату жүйесі қарастырылған. Сонымен қатар, бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілген. 

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу