Жаңа бас бапкер тағайындаған "Қайрат" "Таразды" жеңді

2171

"Тараз" қатарынан жеті матч бойы жеңістің не екенін білмей келеді. Ал "Қайрат" қатарынан екінші матчта жеңіске жетті.

Жаңа бас бапкер тағайындаған "Қайрат" "Таразды" жеңді

"Тараз" Қазақстан Премьер-лигасының он бесінші туры аясында "Қайратты" қабылдады. Матч Тараз қаласындағы Орталық стадионда өтіп, 0:2 есебімен аяқталды.

Кездесудің 12-минутында оң қапталдағы Камо Оганесян екі ойыншыдан сытылып шығып, айып алаңына пас асырды. Ал дайын асқа тік қасық болған Вагнер Лав ашық қақпаны дәл көздеді. 67-минутта Фэйт Обилордың қателігін ұтымды пайдаланған Артур Шушеначев матчтың нүктесін қойды. 27-ші ұпайын қоржынға салған Кирилл Кекер шәкірттері турнирлік кестеде үшінші орынға жайғасты. Жамбылдық клуб 19 ұпаймен тоғызыншы орында тұр. 

"Қайсар" Қазақстан чемпионатының 15-туры аясында "Тұран" клубын қабылдады. Матч Ғани Мұратбаев атындағы стадионда өтіп, 0:0 есебімен аяқталды.

Айта кетейік, қызылордалық клуб бірнеше күн бұрын бас бапкер қызметіне Влалимир Никитенконы тағайындаған болатын. Қазақстандық маман алғашқы матчында тек бір ғана ұпайға қол жеткізді.

Бұл ойыннан кейін түркістандық клуб 16 ұпаймен он бірінші орынын сақтап қалды. "Қайсар" 8 ұпаймен ең соңғы орында тұр.

Сондай-ақ "Астана" Қазақстан Премьер-лигасының он бесінші турында "Тобылмен" кездесті. Матч "Астана Арена" стадионында өтіп, 1:1 есебімен аяқталды.

Ойынның 29-минутында Неманья Николич оң қапталдан асырылған пасты баспен қақпаға бағыттап, есеп ашты. Ал бірінші таймның аяқталуына екі минут қалғанда "Тобыл" қақпасына пенальти белгіленді. Нүктеге келген Марин Томасов допты қақпа торында тулатты.

Бір ұпайды қанағат еткен қос команда көш басында қала бермек. Елордалық клубта 35 ұпай, ал қостанайлық клубта 32 ұпай бар.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу