Жаңа бокс лигасы құрылды

306

Әзірге жаңа промоушеннің атауы құпия сақталуда.

Жаңа бокс лигасы құрылды Фото: ТКО

UFC басшысы Дана Уайт пен Сауд Арабиясының Бас ойын-сауық басқармасының төрағасы Турки Әл аш-Шейх бүгін жаңа бокс лигасының іске қосылатынын ресми түрде жариялады.

Бұл лига UFC мен WWE-дің бас компаниясы TKO Group аясында құрылмақ. WWE президенті Ник Хан да жаңа жобаның басшылығына кіретін болады.

Сауд Арабиясы тарапынан бұл келісімге елдегі бірнеше туристік нысанның иесі және Англияның "Ньюкасл Юнайтед" футбол клубының бас демеушісі болып табылатын Sela компаниясы қатысады.

TKO Group-тың атқарушы директоры Марк Шапироның айтуынша, оның компаниясы жаңа лиганың басқарушы серіктесі ретінде жұмыс істейді.

Олар лиганың жұмысын ұйымдастыруға, шоу өткізуге және жекпе-жектердің трансляциясын қамтамасыз етуге жауапты болады. Ал Сауд Арабиясы бұл қызметтер мен лиганың барлық шығындарын қаржыландырады.

Қазіргі таңда белгілі болғандай, жаңа лига әлемнің түкпір-түкпірінен талантты боксшыларды іздеп, оларды кәсіби деңгейде дайындаумен айналысады. Кейбір ақпарат көздеріне сүйенер болсақ, лига қазірдің өзінде Канеломен келісім-шарт жасап үлгерген.

Лигаға келісімшартпен қосылған боксшылар UFC Performance Institute-ке қол жеткізе алады. Бұл ғылыми-зерттеу, жаттығу, оңалту және медициналық орталық Лас-Вегас, Мехико және Шанхай қалаларында орналасқан.

Ұйымдастырушылар жаңа лигаға қатысатын боксшылардың есімдері, жекпе-жектердің кестесі мен өтетін орындары туралы ақпаратты кейінірек жариялайтындарын мәлімдеді.

Қазіргі уақытта лиганың нақты іске қосылу мерзімі белгісіз. Бірақ, бұған дейін оның 2025 жылдың күзіне жоспарланғаны айтылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу