Жаңа есім. Қазақ футболының болашағы кімдер?

1813

Қазақстан чемпионаты мәресіне жетуге таяп қалды. Осы кезге дейін көзге түскен қай футболшыны білесіз?

Жаңа есім. Қазақ футболының болашағы кімдер?

Өткен жолғы мақаламызда біз 2022 жылғы футбол маусымында көзге түскен екі ойыншы жайлы айтып өттік. Рамазан Кәрімов пен Бақдәулет Зұлфықаров екеуі расымен жарқ ете түсті. Бұл тізімді кімдермен жалғастыруға болады? Үшінші орынға біз жартылай қорғаушы Рамазан Оразовты қоса аламыз. Бұл жартылай қорғаушы биыл бар қырынан көрінді. Әсіресе Қазақстан ұлттық құрамасы сапында сәтті өнер көрсетті. Магомед Әдиев Рамазан Оразовты Қазақстан – Әзербайжан арасындағы матч кезінде алаңға шығарды. Ол алаңда өнер көрсеткен Бауыржан Байтананың орнына шықты. Керемет пастар беріп, шабуылды қыздыра түсті. Кейіннен сырт алаңдағы матчта нәтижелі пас беріп, командамызды жеңіске жетеледі.

"Ақтөбе" сапында жарқ етіп шыға келген ойыншы кезінде өз бағасын ала алмай, көп командада қосалқы құрамда отырып қалды. Ресей біріншілігінің де дәмін татты. Жастар құрамасынан кейін көзге түсіп отырғаны осы. Әзербайжанда өткен матчта ол тамаша финт көрсетіп, өзінің техникалық тұрғыда өте шебер екенін байқатты. Енді бұл ойыншыға шетелдік агенттер көз тігіп отыр. Демек, алыс-жақын шетелдік командалардың біріне ауысып жатса таңқалмаймыз. Ұлттар лигасындағы ойындар оған сенімділік берді.

"Мақтаарал" шабуылында ойнайтын Ғалымжан Кенжебек биыл расымен жарқылдай түсті. Ол осы кезге дейін тек Бірінші лига деңгейінде ғана футбол ойнап жүрген. Тараз футбол мектебінің түлегі кезінде Қазақстан U17 құрамасы сапында ҚР Президент кубогы сайысында үздік сұрмерген атанды. Одан кейін бұл ойыншы "Қайрат" сапында жүріп, негізгі құрамнан шығып қалды. Бапкерлер "спорттық талаптарды түсіріп тастады" деген желеумен оны Екінші немесе Бірінші лига матчтарына жіберетін. Ал биыл жас шабуылшы жетісайлық клуб сапында жүріп негізгі құрамға жиі іліге бастады. Жылдамдығымен көзге түскенімен қоймай, Кенжебек дриблинг тұрғысында да мықты екен. Ол биыл 21 ойында алаңға шығып, 3 гол салып үлгерді. 19 жастағы шабуылшы үшін бұл керемет статистика деп білеміз.

Ғалымжан Кенжебек биыл Қазақстан кубогы жарысында ерекшелене түсті. Осы жарыс жас талантқа тамаша мүмкіндік сыйлады. Ол кубок ойындарында голдар салып бапкерлер сеніміне кірді. Әсіресе кубоктың 6-тур ойынында ол "Тараз" қақпасына әдемі гол салды. Оның алдында "Тобыл" мен "Ақтөбе" қақпасына да гол салған еді. Жалпы, 6 ойынның үшеуінде гол енгізіп, командасының кубок сайысында сәтті ойнауына үлес қосты. Келесі маусымда "Мақтаралда" қалып, команданың негізгі шабуылшысы болуыға тырысатыны байқалады. Өйткені, "Мақтаарал" бас бапкер Константин Горовенконы келесі жылы да жұмыс істеу үшін қалдыратын сыңайлы.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу