Жаңа еуразияшылдық идеологиясының авторына қастандық жасалды

2944

BBC News хабарлауынша, Мәскеу түбінде "орыс әлемінің" идеологы, ресейлік философ Александр Дугиннің көлігі жарылды.

Жаңа еуразияшылдық идеологиясының авторына қастандық жасалды

Кеше кешке Мәскеу маңындағы трассада Дугиннің қызы отырған автомобильде жарылыс болды.

Бұл туралы бүгін ресейлік және шетелдік ақпарат құралдары хабарлады. Әйел оқиға орнында қаза тапқан.

Куәгерлердің айтуынша, машинада шынында Дугиннің өзі болуға тиіс еді. Бірақ дәл соңғы мезетте ол кенет райынан қайтып, басқа көлікке мініпті.

Қайғылы оқиға Можайский тас жолында, Большие Вязёмы кентінің жанында, Мәскеу айналма автожолынан шамамен 25 шақырым қашықтықта болған. 29 жасар Дарья Дугина жүргізіп келе жатқан Land Cruiser Prado қозғалыс үстінде жарылып, жол шетіне соғылып, өртке оранды. Әйел тіл тартпай кеткен, ал жол талғамайтын көліктің сынықтары бүкіл жолға шашылған.

Бастапқыда полиция газ балоны жарылған болар деп тұспалдады. Алайда қазір құқық қорғау органдары машинаның астында қолдан жасалған жарылғыш зат іске қосылған деген нұсқаға ден қойыпты. Егер тергеу, зерттеу барысында осы нұсқа расталса, қастандықтың басты нысаны Александр Дугиннің өзі болуы мүмкін екен.

Әзірге Тергеу комитеті кісі өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.  

"2022 жылғы 20 тамызда, шамамен 21 сағатта Одинцов қалалық округінің Большие Вяземы кенті ауданындағы автожолда қозғалып келе жатқан Toyota Land Cruiser автомобилінде алдын ала жорамал бойынша соның өзіне орнатылған жарылғыш құрылғы іске қосылған. Оның соңы өртке ұласқан. Жүргізуші қыз оқиға орнында мерт болды. Қаза тапқанның тұлғасы анықталды, ол – журналист және саясаттанушы Дарья Дугина", – деп мәлімдеді Тергеу комитеті.

Александр Дугин және оның қызы құрметті қонақ ретінде Мәскеу түбіндегі Захарово усадьбасында өткен "Традиция" фестиваліне шақырылыпты. Сонда "орыс әлемінің" идеологы дәріс оқыған.

"112" телеграм-арнасының дерегінше, дәл сол жерде, усадьбаның жанындағы ашық автотұрақта көлікке жарылғыш зат орнатылуы мүмкін.

Фестивальға қатысушылардың куәлік етуінше, Дугин Мәскеуге қызымен бірге қайтуды жоспарлаған. Бірақ дәл соңғы сәтте жоспары өзгеріп кетіп, Дугин басқа машинаға отырды. Олар ізмен аттанған, тиісінше философ өз қызы жүргізген автомобильдің жарылыс орнына да алғашқылардың қатарында жетіпті. Тергеу жалғасуда.

Би-Би-Си Александр Дугиннің жауы көп болуы мүмкін екенін еске салады. Ол философ әрі консервативті публицист ретінде ондаған жылдар бойы "орыс әлемі" және неоеуразияшылдық идеологиясын таратып келеді. Сөйтіп РФ Президенті Путинді "русский мир" саясатын түзуге ынталандырғандардың бірі саналады. Гумилевтан айырмашылығы сол, Дугин және басқа империяшыл орыс философтарының "орыс әлемі" және неоеуразияшылдық концепциясы Ресейдің аймақта, барлық көршілерінің үстінен үстемдік етуін, тиісінше оған жол бергісі келмей, кедергі келтіретін АҚШ және НАТО-мен тайталасуын көздейді. Дугин бүкіл Еуразиялық континентті Американың ықпалынан арылту жайын айтып жүр. ВВС сарапшылары Дугиннің көп жылдан бері Кремльді әлемдік аренада барынша агрессивті қимылдауға үндеп келе жатқанын қаперге салды.

Батыс саясаттанушылары оның заманауи Ресейдің көзі тірі басты идеологтарының бірі екенін және оның сөздеріне Владимир Путиннің өзі, көптеген күштік құрылымдар жетекшілері және Кремльдегі бастықтар құлақ асатынын жазады.

Ол түгіл Дугин Қазақстанда да танымал болатын. Бұрынғы билік тұсында Қазақстан оны еуразиялық идеялар мен бастамаларға арналған түрлі жиын-конференцияларға шақырып тұрды.

Соңғы рет ол 2013 жылдың жазында Қазақстанға ресми сапар жасады (бейресми сапарларының саны белгісіз). Халықаралық Еуразиялық қозғалыстың басшысы Александр Дугин Алматыға келе сала, бірден ақпарат құралдарын жиып, баспасөз конференциясын ұйымдастырды. Оған тойтарыс беру үшін іс-шараға Әзімбай Ғали да барды.

Нәтижесінде, баспасөз мәслихаты Қазақстанның тағдыры, еуразиялық интеграцияның келешегі, Батыстың Қазақстанның геосаясатына ықпалы тақырыбындағы айтыс-таласқа айналып кетті.

Әзімбай Ғали Президент Н.Назарбаевтең еуразиялық бастамаларын сынады. Оның пікірінше, қазақ елінің бағын ұлттық идеология ашады, ал жарқын болашаққа жеткісі келсе қазақ халқы Батыс қоғамдастығымен бірге болуы қажет. Әйтпесе, әлемнен оқшаулана бастаған Ресей оны жарға жығады.

Бұған ашуланған Александр Дугин Ресейсіз Қазақстан Батысқа жем болатынын, ел ретінде сақталғысы келсе, посткеңестік кеңістіктегі елдер Мәскеумен интеграцияны ұстануы керектігін көкіп, біраз сандырақтады. Дугиннің баспасөз конференциясы еліміздегі барлық телеарналардан көрсетілді.

Сапары аясында Дугин беделді ұлттық университетміздің басшылығымен кездесті, соңынан студенттер мен проефесорлық-оқытушылық құрам алдында дәріс оқыды. Еуразияшылдық теориясы мен идеологиясының қазақ қоғамы үшін пайдасын асырып, зиянын жасыруға тырысты. Қазақстанның сол кездегі билігін қолпаштап сөйлеп, "сонау 90-шы жылдардың ортасында Мәскеу мемуниверситетінде Кеңес одағының ыдырауы орнына жаңа еуразиялық интеграцияны ұсынып, содан бері оны ілгерілетіп келген Елбасының іргелі геосаяси миссиясына" ерекше тоқталды.

2014 жылы Ресей Қырымды басып алды, ізінше квазиәскери құрылымдары көмегімен Украинаның Луганск пен Донецк облыстарының бір бөлігін оккупациялады. Сол жылы Дугин Украинаға қарсы өткір, тіпті сорақы мәлімдемелерімен көзге түсті. Масқарасы сол, 2 мамырда Одессада болған қайғылы оқиғаға пікір білдірген Дугин "убивать, убивать и убивать" деп қайталады.

Ол қазір Кремлдің Украинадағы "арнайы әскери операциясының" (АӘО) қызу жақтаушысы. А.Дугин таяуда әлеуметтік желідегі постында әлі күнге абдырап, күмілжіп отырған ресейлік элитадан осы мәселеде түпкілікті әрі ашықтан-ашық айқындалуды талап етті.

"Менің ойымша, Ресейдің барлық биік лауазымды шенеуніктері де АӘО-ға қатысты көзқарасын ашық білдіруге міндетті. Келіспесе, орындарынан кетсін. Әйтпесе, біразының тым-тырыс отырғаны күдікті. Салдарынан біз олардың үнсіздігін өз білгенімізше түсінуге мәжбүрміз. Бізді алдамаңыздар, Z әрпін нақты әрі дауыстап айтыңыздар немесе адал түрде көз алдымыздан құрыңыздар", – деген Дугиннің мәлімдемесін шетелдік ақпарат құралдары жария етті. 

А.Дугин 2014 жылдан бері Еуропалық одақтың санкциялық тізіміне енді. Ал 2015 жылдан бері Қырымды аннексиялауға қатысы бар тұлға ретінде оны АҚШ пен Канада да қара тізімге қосты.

Әрине, ата-анасы үшін баласы жауапты емес деген қағида бар. Бірақ BBC News жеке тұлға ретінде оның қызы Дарья да әкесінің идеологиясын толық қолдап, залалды идеологияны ілгерілеткеніне назар аудартады. Дарья әкесінің бұл істегі "оң қолы" болыпты. Ол философия және саясаттану мәселелері бойынша өзі дәрістер оқыды. Биылғы мамырда Украинадағы соғысты өркениеттер қақтығысы деп бағалады. Ол әкесі Дугин негізін қалаған Халықаралық еуразиялық қозғалыстың саяси шолушысы қызметін атқарды. Кремльдің басты рупорының бірі саналатын RT, "Царьград" үшін Дарья Платонова лақап атымен саяси мақалалар жазған. АҚШ пен Ұлыбритания билігі Дарья Дугинаны дезинформацияларды таратқаны үшін айыптап, оны да санкциялық тізімге қосты.

Әлем мойындамаған ДХР квазимемлекеттік аумағының басшысы Денис Пушилин қастандық оқиғасына алғашқылардың бірі болып үн қатып, Дарья Дугина әкесі Дугиннің көзін құртпақ болған украиналық диверсанттардың құбанына айналғанына сенімді екенін мәлімдеді.

Соғыс ұзаған, бітім алыстаған сайын оның құрбандарының саны да арта беретінге ұқсайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу