Жаңа Қазақстан азаптаулардан арыла ала ма?

1565

Бірақ билік уәде беріп қойды, демек халық келесі дауыс беруге дейін биліктің қаншалықты "еститін мемлекет" екенін соған қарап та бағалайтын болса керек.

Жаңа Қазақстан азаптаулардан арыла ала ма?

Сонымен биліктің шашбауын көтерген сарапшылардың айтуынша, 6 маусымнан бастап, Қазақстан Назарбаевтың "Бірінші Республикасынан" Тоқаевтың "Екінші Республикасынан" ауысты. Мұның нақты нені білдіретінін, бүге-шігесін олар да түсіндіре алмайды. Себебі ескі республика бекіткен халықаралық құжаттар күшін жоймайды. Қазақстан Еуразиялық одақтан, ҰҚШҰ-дан шықпайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев референдум қорытындысы бойынша ел халқына жасаған үндеуінде өзі құрып жатқан "Екінші Республиканың" не екеніне түсініктеме бере кетті. Оның бір белгісі – Жаңа Қазақстанда азаматтарды саяси көзқарасы үшін қудалау, азаптау болмайды деседі.

"Жаңа Қазақстанда, Әділетті Қазақстанда полицейлердің озбырлығына, біліксіз прокурорлар мен біржақты судьяларға жол берілмейді. Қоғам құқық қорғау және сот жүйесінің шын мәнінде өзгергенін қалайды", – деп сөз берді Мемлекет басшысы.

Әзірге Қазақстан бұл міндет межесінен тым алыс. Озбырлықтың артқанын құқық қорғау ұйымдары да мойындайды.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімованың айтуынша, бірінші кезекте құқық қорғау органдарының және қылмыстық-атқару жүйесінің қызметі барысында азаптаудың әртүрлі амал-тәсілдерін қолдану жалғасуда. Мәселен, 2019 жылы тек омбудсмен атына ғана қылмыстық-атқару жүйесінде және басқа арнайы мекемелерде ұсталатын адамдарды азаптауға және қатігез қарауға қатысты 83 шағым түскен. Келесі 2020 жылы шағымдар саны 97-ге дейін өскен. 2021 жылғы 11 айда осындай арыздар саны 163-ге дейін шарықтады.

Бұл ретте былтырғы 11 айда Қылмыстық кодекстің "Азаптаулар" аталатын 146-бабы бойынша өндірісте 655 қылмыстық іс болған. Алайда Ішкі істер министрлігінің 7 қызметкері ғана сотталыпты.

Мұның бәрі "қасіретті қаңтарға" дейінгісі. Ал "қаралы қаңтар" оқиғалары барысында және одан кейін азаптаулар санының күрт өскені байқалады.

Бас прокурор Берік Асыловтың мәліметінше, жыл басындағы бейберекетсіздіктер кезінде ұсталғандарды "рұқсат етілмеген әдістермен" тергеуге қатысты 300-ден астам шағым түсті. Ол шағымдар негізінде азаптау және билікті асыра пайдалану бойынша 243 қылмыстық іс қозғалды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 234 қылмыстық істі қарауда. Қылмыстық-процестік кодекс бойынша мұндай қылмыстарды тергеп-тексерумен негізінен сол Антикор айналысады. Бірақ заңнамаға енгізуге ұсынылған жаңа түзетулерге сәйкес, азаптау баптарын тергеуді тегіс Бас прокуратураға беру жоспарланған. Яғни Бас прокуратура азаптаумен күрестің "операторына", жауапты уәкілетті органына айналады.

"Ең резонансты 9 оқиғаға, сондай-ақ ұсталған адамдардың уақытша қамау изоляторында қаза табуына қатысты жағдайларды арнайы прокурорлар тексеріп жатыр. Ол істердің аясында сот санкциясымен 9 лауазымды тұлға қамауға алынды. Оның сегізі – ҰҚК департаментінің қызметкерлері, біреуі – полицей. Полицей Алматы облысының Полиция департаментінің ғимаратында ұсталған адамды үтік басып, азаптады деген күдікке ілікті. Ал Алматы қаласында ҰҚК департаментінің 6 қызметкері "Жабайы Арман" қылмыстық тобы ұрлап әкеткен 24 азаматты азаптады деп айыпталуда. Азапталғандардың біреуі қайтыс болған. Алматы ҰҚК департаментінің тағы 2 қызметкері ұсталған адамды изоляторда ұрып-соғып, өлтірген деген күдік бар. Тергеулер жалғасуда", – деп Парламент депутаттарын хабардар еткен еді Бас прокурор.

Қаңтардан сабақ алған билік құқық қорғау және арнайы органдарындағы озбырлық пен азаптауларға тосқауыл қою үшін заңнаманы өзгертуге кірісті. ІІМ-нің Қылмыстық-атқару комитеті "ҚР Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстеріне қылмыстық сот төрелігі, жазаны орындау және азаптау мен қатыгез әрекеттердің алдын алу саласында адам құқықтары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуді" қарастыратын заң жобасын әзірлеп шықты.

Оған сәйкес, біріншіден, "азаптаулардың" анықтамасы нақтыланады, органдардағы арам ниетті қаскөйлерге заңды айналып өтуге мүмкіндік беретін "соқпақ-схемалар", олқылықтар жойылуға тиіс.

Екіншіден, азаптаудың тағы бір түрі ретінде "қатыгез қарау-жестокое обращение" анықтамасы енгізіледі.

Дегенмен заңды әзірлеушінің түсіндіруінше, жаңа анықтама азаптауға құмар кейбір қаскүнемдердің ауыр жазадан жалтаруына жол бермейді. Керісінше, жаза тартатындар санаты кеңейтілмек. "Қатігез қарау" мысалы, "балалар және мүгедектігі бар тұлғалардың әлеуметтік мекемелеріне" қатысты қолданылуы мүмкін.

"Атап айтқанда, "ресми тұлға ретінде әрекет ететін адам" терминін заң жүзінде бекітіп, Қылмыстық кодекстің 146-бабы ("Азаптаулар") бойынша қылмыс субъектілеріне жататын адамдар тобын кеңейту көзделіп отыр. Сондай-ақ "қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын әрекеттер" атты құқық бұзушылықтың жаңа құрамын енгізу жоспарлануда", – деп түсініктеме берді Ішкі істер министрлігінің комитеті.

Тарата айтқанда, жаңа заң жобасы бойынша азаптағаны үшін қылмыстық жазаға қазіргідей тек лауазымды адамдар ғана, яғни тергеушілер, анықтауды жүзеге асыратын орган қызметкерлері ғана тартылмайды. Сондай-ақ олардың айдап салуымен немесе келісімімен, үнсіз келісімімен азаптаған адамдар да (айталық, сотталғандар), сонымен бірге оқу ордаларының (мектептердің, лицейлердің, колледждердің, жоғары оқу орындарының), тәрбие беру орындарының (балабақшалар, балалар үйлері, интернаттардың), емдеу мекемелерінің (емханалар, психо-наркологиялық диспансер, психо-наркологиялық, тубдиспансерлердің), медициналық-әлеуметтік ұйымдардың (қарттар, мүгедектер үйлері, профилакторийлердің) қызметкерлері де жауапкершілікке тартылады. Осылайша, ведомствоның мәліметінше, азаптаулар бабы тіпті педагогтерге, нұсқаушыларға, медбикелерге, санитарларға, тәрбиешілерге, еден жуушыларға, вахтерларға және басқа да тәуелді адамды азаптауы ықтимал адамдарға қолданылады.

"Конституцияның 17-бабына сәйкес ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге болмайды. Алайда осы ұғым қолданыстағы заңнамада бекітілмеген. Азаматтарға, соның ішінде дәрменсіз күйдегі, сот әрекетке қабілетсіз деп таныған, психологиялық аурулары, психикасының бұзылуы, ақыл-есінің кемдігі, өзге сырқатты жай-күйі бар адамдарға қатысты мұндай теріс қарым-қатынас азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзу ретінде қарастырылуға тиіс. Сәйкесінше, соны жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық белгіленуі қажет. Осыған байланысты "қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын әрекеттер" атты құқық бұзушылықтың жаңа құрамы енгізілуде", – деп хабарлады Қылмыстық-атқару комитеті.

Қалай болғанда, азаптауларға қатысты елдегі жағдай алаңдатарлық күйде қалуда. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректері бойынша 2017-2021 жылдар аралығында құқық қорғау органдары қызметкерлерінің азаптау тәсілдерін қолданғаны туралы 3 029 хабарлама тіркелген (2018 жылы – 574, 2019 жылы – 780, 2020 жылы – 719, 2021 жылдың 8 айында – 354). Соның тек 1,8%-ы немесе 56-сы бойынша өндіріс аяғына дейін жеткізіліп, іс сотқа жолданды. Басым көпшілігі – 2 968 іс немесе 98,2%-ы ақтау негізінде тоқтатылды.

Ендеше Жаңа Қазақстанда бұл теріс құбылыс "өз дегеніне күш қолданып жететіндер" санатына педагог, вахтерларды қосумен жойылмасы сөзсіз. Мамандар азаптаумен күресті "партадан" бастауды ұсынады. Яғни оны құқық қорғау және арнайы органдар қызметкерлерін даярлау деңгейінде өрістетіп, өркениетті Қазақстанда күштік құрылым өкілі тәуелді адамның жанын азапқа салмауға тиістігін олардың құлағына құйған, санасына сіңдірген абзал.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу