Жаңа Қазақстан Елбасының идеологиясынан бас тартпайтын болды

1859

Үкімет "Рухани жаңғыру" қазақстандық қоғамдық даму институтының атауын өзгерту жөнінде шешім қабылдады. Енді ол немен айналыспақ? 

Жаңа Қазақстан Елбасының идеологиясынан бас тартпайтын болды

Қазақстанда не істеп жүргені былайғы жұртқа белгісіз, бірақ ел бюджетінен мол қазынаны игеріп жүрген мекемелер жетерлік. Мысалы, квазимемлекеттік сектор ұйымы – 100 пайыз мемлекет меншігіндегі "Рухани жаңғыру" қазақстандық қоғамдық даму институты" коммерциялық емес акционерлік қоғамына ел қазынасынан жүздеген миллион қаражат бөлінетіні жасырын емес.

2022 жылғы бюджетте осы институттың бірнеше қызметі бюджеттен жеке қаржыландырылатыны көрсетілген. Біріншіден, ол "қоғамдық даму саласындағы мемлекеттік саясатты ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету жөніндегі қызметтер" аясында қоғамдық сананы жаңғырту және отбасылық саясатты дамыту бағыттарында жобаларды жүзеге асырып жатқан көрінеді. Сондықтан оған "Қоғамдық сананы жаңғырту саласындағы іс-шараларды өткізу" атты 102-ші жеке бюджеттік бағдарламасы бөлінген. Оның аясында биыл 1 млрд 207,8 млн теңге бағытталыпты.

Екіншіден, "Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша тарихи мұрағат материалдарын зерделеуді ұйымдастыру" қызметі аясында Президент Қ.Тоқаев құрған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша ұсыныстар әзірлеу жөніндегі мемкомиссияның жобалық офисінің қызметін үйлестіруге және сүйемелдеуге осы институт жауапты көрінеді. Бұған "Қоғамдық сананы жаңғырту, азаматтық қоғам институттары мен мемлекеттің өзара қарым-қатынасын нығайтуды қамтамасыз ету" 004-ші бюджеттік бағдарлама аясында 2022 жылы 24,4 миллион теңге бөлінді.

Үшіншіден, "Рухани жаңғыру" институты балаларға арналған мемлекеттік тілдегі контентті ұлғайту үшін балалардың танымал мультфильмдерін қазақ тіліне аударумен айналысады. Бұл мақсатта "Балалар тұтынатын контентті мемлекеттік тілде ұлғайту үшін мультипликациясы бар танымал балалар арналарының құқықтарын сатып алу және қазақ тіліне аудару" жобасы қабылданыпты. Ол бойынша ағымдағы жылы институт 861,5 миллион теңгені игермек. Басқа да шығыстары бар.

Аты айтып тұрғандай, институт Үкімет басшысы Асқар Маминнің 2019 жылғы 23 сәуірдегі №225 қаулысымен Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыру үшін құрылған болатын.

Осы орайда жаңа Үкімет басшысы Әлихан Смайылов қол қоятын "Рухани жаңғыру" қазақстандық қоғамдық даму институты" КЕАҚ-ты қайта атау туралы" қаулысының жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды.

Оған сәйкес, институт атауы енді "Қазақстандық қоғамдық даму институты" (ҚҚДИ) коммерциялық емес акционерлік қоғамы деп жаңаша аталатын болады. Дегенмен, атауы өзгергенімен, мазмұны мен миссиясын бұрынғыдай сақтап қалатын көрінеді.

"Бүгінде "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүйелі дамыту арнайы жобалар, Жол картасы және "Ұлттық рухани жаңғыру" ұлттық жобасы арқылы қамтамасыз етіледі. Елбасы бағдарламасын тиімді іске асыру үшін оны басқарудың институционалдық құрылымы түзілді. Осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмысты жүйелеу, "Рухани жаңғыру" бағдарламасын іске асыруды әдіснамалық және талдамалық сүйемелдеу үшін "Рухани жаңғыру" институты" құрылды. Бұл институттың құрамына "Рухани жаңғыру" орталығы, тағы 3 орталық кіреді. Олар қоғамдық-саяси жағдайды зерттеумен, азаматтық қоғамдағы процестерді болжаумен, мемлекеттік отбасы саясатын жүзеге асыруды зерттеумен және әдістемелік қамтамасыз етумен айналысады. Яғни, оның құзырет аясы кеңейтілді және тек рухани жаңғыру мәселелерімен шектелмейді", – деп түсіндірді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі.

Тиісінше, ведомство институт атауынан "Рухани жаңғыруды" алып тастаған жөн дейді. Алайда неге мұны бұрын, қаңтар оқиғаларына және конституциялық реформаға дейін жасамағаны белгісіз.

Оның үстіне егер қаңтар оқиғаларының болатынын, оған соқтыратын аса күрделі қоғамдық, саяси, әлеуметтік мәселелердің пісіп-жетілгенін, яғни "қоғамдық-саяси жағдайды, азаматтық қоғамдағы процестерді болжай" алмаса, мұндай институттың құны қанша?

Бұл ретте институт ары қарай Елбасы идеологиясын ілгерілетумен де айналысатыны анықталды. Қоғамдық талқылауға ұсынылған құжатта оның миссиясы көрсетілген.

"ҚР Тұңғыш Президенті–Елбасының "Болашаққа көзқарас: қоғамдық сананы жаңғырту" атты бағдарламалық мақаласының жылжыту стратегиясын әзірлеуді және жүзеге асыруды, бағдарламаны іске асыруға қатысатын барлық құрылымдарды талдамалық және әдістемелік сүйемелдеуді, оның ішінде қоғамдық-саяси ахуалды мониторингтеу мен талдауды, азаматтық қоғамдағы процестерді болжауды, ғылыми зерттеулер жүргізуді және мемлекеттік отбасы саясатын іске асыруды әдістемелік қамтамасыз ету КеАҚ қызметінің негізгі нысанасы болып айқындалсын", – делінген.

Тек Есеп комитетінің сынына орай бір ғана өзгеріс енгізілгелі тұр: институттың жастар саясатымен айналысу бағыты жойылады. Бұл оған бюджеттен берілетін қаражаттың азаюына соқтырмайды: "отбасы саясаты" бағыты қалады. Бұған дейін ол бағыт "жастар мен отбасы саясаты" деп аталатын.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаровтың айтуынша, бұл Есеп комитетінің 2022 жылғы 25 наурыздағы мемлекеттік аудиті қорытындысындағы ұсынымды орындау үшін жасалады.

"Есеп комитеті "Мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу бойынша шаралардың іске асырылуы және Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне ведомстволық бағынысты ұйымдар активтерінің басқарылу тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары туралы" нұсқамасында осы институт пен "Жастар" ғылыми-зерттеу орталығы" ЖШС-ның функциялары бірін-бірі қайталайтынын және оны жою керектігін атап көрсетті. Сондықтан институт қызметінің нысанасынан мемлекеттік жастар саясатын іске асыруды әдістемелік қамтамасыз етуді алып тастау ұсынылады", – деді Үкіметтің қаулы жобасына түсініктемесінде министр А.Омаров.

Әлеуметтанушы Бекжан Сәрсекеевтің байламынша, билік "Рухани жаңғыруда" жетістікке жете алмады.

"Қаңтар оқиғалары кезінде мыңдаған адамның тәртіпсіздік жасауы, адам өлтіруге дейін баруы, отбасы болып, дүкендерді тонауға шығуы қоғамның азғындала бастағанын әлемге паш етті. Бұл аштықтан, ашыныстан көзі қанға толған адамдардың ісі. Билік әділетсіздікті, арамдықты, былықты өрістету арқылы бұқараны осыған жеткізді. Сөйте тұра, әбден жемқорлыққа батқан биліктің елден тазаруды, рухани жаңғыруды талап етуі мазаққа ұқсады. Жаңа Қазақстан ескіліктің көріністерінен тегіс арылғаны жөн. Мысалы, "Рухани жаңғыру" аясында әлемдік озық 100 оқулықты мемлекеттік тілге аударамыз деп Ұлттық аударма бюросы арқылы қаншама миллиардты игерді. Ол оқулықтарды біздің студенттер пайдаланбайды. Мектептерде де іске жаратылмайды екен. Ондай көзбояушылықтың қажеті не?", – дейді сарапшы.

Ол "Рухани жаңғыру" аясында жарияланған тағы бір ірі жоба – 2025 жылға дейін қазақ тілін кирилл қарпінен латын графикасына ауыстыру болғанын еске салды. Бұл маңызды жоба қазір толық тоқырады. Кезең-кезеңмен көшу жоспары түгіл, әліпби де дайын емес.

"100 жаңа есім" жобасында жеңіске жетіп, тізімге кірген, "жаңа есім" атағын алған кейбір тұлғалар алаяқ болып шықты. Өзгелерінің Қазақ елінің жақсы атағын әлемге танытып жатқаны сирек. Қоғам мақтанатын, жастар үлгі тұтатын, уәде етілген жаңа қаһармандар қайда?

"Рухани жаңғырудың келесі бір ірі жобасы "Туған жер" және "Туған ел" бағдарламалары. Оның аясында халыққа, әсіресе, жас ұрпақтың бойына Отанға және туған жерге деген махаббатты дарыту қолға алынады деп дәріптелді. Алайда қазір жастар жаппай шетелге кетуде. Елде патриотизм жоғары деп айту қиын. Өйткені ұлтжанды азаматтар Ата заңға өзгерістер енгізу барысында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мәселесі еш ескерілмегеніне өкпелі әрі алаңдаулы. Ал өзге қазақстандықтар Ресейге, Түркияға, Кипрге жаппай көшуде. Түркияда ауып барған қазақтар тұтас аудандарды құрып, мектептер ашып жатыр. Ал бізде балалары үшін орыс мектептерін қаптатып ашуды талап ететін қазақтар көбейді. Бұл не масқара? Бағдарламаны не өзгерту, не жауып тастау керек", – деген пікірін білдірді сарапшы.

Халықаралық қатынастар сарапшысы Әнуар Теміров "Рухани жаңғырудың" қырық-құрақ көрпедей қыран символынан басқа нақты мәні-мазмұны халыққа таныс емес екенін айтады.

"Өңірлерде "Рухани жаңғырудың" түрлі орталықтары қаптап ашылды. Кезінде оның бірінің директоры Гүлнәр Құрбанбаева мойындағандай, жұрт ол орталықтарға коммуналдық қызметтерге қатысты шағыммен жүгінеді екен. Бұлар оған көмектесе алмайды. Өйткені ол ауыл-қала әкімінің құзыретіне жатады", – дейді ол.

Сарапшы "100 жаңа есім" жобасына кірген қаһармандар бет-жүздерінің табақтай болып, құрылысы тоқтап қалған "сақалды құрылыс" алаңдарының дуалына жапсырылғанына қарсы шыққанын, оған қатысты Парламент депутаттары да сын айтқанын еске түсірді. Содан билікке ол тәжірибеден де бас тартуға тура келді.

Ә.Теміров санаулысы болмаса, "жаңа есімдердің" басым көпшілігі не әлеуметтік желіде, не телеарналарда белсенділік танытпайтынына, өздерінің табыс тарихын түсіндірмейтініне, яғни идеологиялық жұмысқа үлес қоспайтынына назар аудартты. Бәлкім, бюджеттен мол қаржы игерген "Рухани жаңғыру" институты сүбелі үлес қоспаған соң, олар тегін үлес қосқысы келмейтін болар. 

Қалай болғанда, "қасіретті қаңтар" оқиғалары жастардың көшбасшылары мүлдем басқа адамдар екенін, елде рухани және патриоттық тәрбие кемшін екенін, арттап қалғанын паш етті.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу