"Жаңа Қазақстан" рухани жаңғырудан неге бас тартты?

3785

Сарапшылардың бірі "Елбасының" осы жобасын сағына еске алса, енді бірі оған миллиардтаған қаражат босқа кеткенін айтады. 

"Жаңа Қазақстан" рухани жаңғырудан неге бас тартты? Фото: newtimes.kz

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі атының өзі көпті айтып тұрған Үкіметтің жаңа қаулысының жобасын жариялады. Ол – "Ұлттық рухани жаңғыру" ұлттық жобасын бекіту туралы" ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы №724 қаулысының күші жойылды деп тану туралы" деп аталады.

Жалпы, бұл ұлттық жоспар жойылатынын биылғы каникулына шығардың алдындағы бір отырысында Сенат депутаттары жариялаған болатын. Бірақ сенаторлар да мұның мәнісін, салмақты себебін біле алмады. Парламентке портфелдерін құшақтап келген Үкімет мүшелері жылы жымиғандарымен, тіс жармай тайып тұрды.

"Әділетті Қазақстанның" бұдан неге бас тартып отырғаны жауапты министрліктің қаулы жобасына түсініктемесінде де айтылмаған.

Ведомство тек мұндай шешім Президент жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңесінің 2023 жылғы 22 маусымдағы отырысында қабылданғанын және соның хаттамасының 5-тармағында тапсырма ретінде бекітілгенін білдірді.

Тиісінше, біріншіден, "Ұлттық рухани жаңғыру" ұлттық жобасының күші жойылып, ол тарих қойнауына жол тартады. Екіншіден, оның ішіндегі өзекті, маңызды іс-шаралар мемлекеттік жоспарлау жүйесінің басқа құжаттарына интеграцияланып енгізіледі.

Құжатты Үкімет аппаратына енгізу мерзімі – 2023 жылғы тамыз.

"Жобаны қабылдау мемлекеттік бюджеттен қосымша шығындарды талап етпейді. Жобаны қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарларға әкеп соқпайды, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге әсер етпейді", – деп қысқа қайырды түсініктемесінде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.

Премьер Әлихан Смайылов қол қоятын Үкімет қаулысы да бас тартудың нақты себебі туралы "ләм-мим демейді".

"Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысында 1. "Ұлттық рухани жаңғыру" ұлттық жобасын бекіту туралы" ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы №724 қаулысының күші жойылды деп танылсын. 2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі", – делінген жобада.

Саясаттанушы-ғалым Зейін Сабырқұловтың пікірінше, бұдан Қ.Тоқаевтың көңілі қалса керек.

"Қасым-Жомарт Кемелұлы жеке жоба ретінде рухани жаңғыру бағдарламасын шынымен жаңғыртуға ниеттенді. Осы мақсатты ол Назарбаев тұсында рухани жаңғыру бағдарламасын әзірлеген команданы билік қасында сақтады. 2021 жылғы 7 қазандағы жарлығымен бастапқы, ізашар, тарихи он ұлттық жобаның тізімінде "Ұлттық рухани жаңғыру" жаңартылған ұлттық жобасының болуын құптады. Бірақ "қанды қаңтар" оқиғалары биліктің рухани іріп-шірігенін көрсетті. Маған тележурналистердің шағымданғаны бар: 5 қаңтарда Алматыдағы бейбіт шеру бүлікке ұласқанда, оның артында "мықты адамдар" тұрғанын сезген депутаттар журналистерге сұхбат беруден бастарын ала қашыпты. Тек мәжілісмен Бақытбек Смағұл мен сенатор Нұртөре Жүсіп қана телеарнадан Тоқаевты қолдап сөйлеп, елді тұрақтылыққа шақырған. Ал 7 қаңтарда, бүліктің басылатыны анық болған соң, бәрі жапатармағай телеарналарға жүгірді", – деді саясаттанушы.

Ол рухани жаңғыру ұлттық жобасының басты мақсаты – "қайратты және жауапты адамдардың біртұтас ұлтын қалыптастыру" болғанына назар аудартты. Қасіретті қаңтар оқиғалары елде бірлік жоқтығын, ауқаттылар мен бұқара екіге жарылғанын паш етті. Оның үстіне Үкіметтің 2021 жылғы 12 қазандағы қаулысымен бекітілген "Ұлттық рухани жаңғыру" ұлттық жобасында ұлттық бірлікке қол жеткізудің нақты жөн-жобасы болмады. Әу бастан сарапшылардың сынына қалған бұл құжат бір-бірімен сыйысып, басы қосыла бермейтін "ингредиенттерден" құралды. Мұны оның ақырғы нәтижелерінен, нысаналы көрсеткіштерінен байқауға болады екен.

Мысалы, Ұлттық рухани жаңғыру ұлттық жобасы патриотизм сезімін арттыруды, мәдениет объектілеріне баратын азаматтар санын ұлғайтуды, жастарды мемлекеттік қолдауды, оларды тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне тартуды, волонтерлік мәдениет деңгейін көтеруді, NEET жастарды әлеуметтендіруді, меценаттарды елде объектілер салуға жұмылдыруды және басқасын қарастырды.

Қалғанының бәрі білім беру, мемлекеттік тілді дамыту сияқты бағыттарда меморгандар онсыз да атқарып жатқан жұмыстармен толтырылды. Тың бастамалар жоқтың қасы еді. Бұл ретте ұлттық жобаның аты дардай болғанымен, заты тарыдай ұсақ болды. Тіпті шененуніктердің, жалдамалы сарапшылардың сұхбаттары мен баспасөз мәслихаттары да РЖ (Рухани жаңғыру) жобасы ретінде енгізілген. 

Айтпақшы, барлық өңірлерде жаппай құрылған Рухани жаңғыру орталықтары былтырдан бері ірі, ілкімді іс-шаралар өткізуін доғарыпты. Осының бәрі, саясаттанушы ғалымның пікірінше, ұлттық жобаның күшін жоюға ықпал етті.

Фото: azh.kz 

Бұрын Президент әкімшілігінің Ішкі саясат департаментінің сектор меңгерушісі, Атырау облысы әкімінің орынбасары, Шымкент әкімінің бірінші орынбасары сияқты қызметтерде рухани жаңғыру мәселелерімен де айналысқан Шыңғыс Мұқан бұл ізгі ұлттық жоба жасанды түрде жарға жығылды дегенге келтірді.

"Қайран “Рухани жаңғыру”! Осы бағдарлама аясында қаншама жиналыс өтті! Қанша адам баяндама жасады. Қаншама іс-шараға қаншама қаржы бөлінді. Баннерлерге қаншама қаржы кетті. Қаншама адамның уақыты қисапсыз жиналыстарда қаза болды. 2017 жылы Президенттің мақалаларынан кейін басталған жоба ғой. Бағдарламаның атасы – Марат Тәжин. Ол кезде Америкада оқып жүрмін. Шыны керек, басы жақсы басталды. 100 оқулық аударылды. Латын графикасына көшуді мақсат етті. Алайда олай істеуге саяси дәрменіміз жетпеді. 2019 жылдың екінші жартысында мемқызметке қайта оралғанымда бағдарлама сиырқұйымшақталып кетіпті. Қандай іс-шара өтсе де, оны РЖ аясында өтті деп есеп беруден аспай жатты. Оның үстіне ковидке тап болдық. “Байтал түгіл бас қайғы”. Жалпы, өте жақсы жоба еді", – деді Ш.Мұқан.  

Оның байламынша, ұлттық жоба аясында көзбен көріп, қолмен ұстар көрсеткіштер аз болды, нақты істер кемшін еді, нәтижесі де бұлдыр, бұлыңғыр болды.

"Сонымен, міне, РЖ аяқталды. Қанша қаржы кеткенін Жоғарғы аудиторлық палата ғана біледі. Әңгіме мынада: оған жұмсалған қыруар қаржының нәтижесі қалай болды? Санамыз қаншалықты жаңғырды, рухымыз қаншалықты қайралды? Ол жөнінде зерттеу жоқ. Біздің елде іске асқан көп бағдарламаның бірі болып, мазмұны дақпыртынан аса алмай, аяқталды. Бір таңғаларлығы, осы бағдарламалардың басы-қасында уралап жүрген мемлекеттік топ-менеджмент ешқандай жаза тартпайды. Ертең тағы бір бағдарлама шықса, тағы да бұрынғы бағдарламаларды қатырмағандар соның басынан табылады. Қоғамдық сананы жаңғыртатын бастамалар керек. Бірақ ең алдымен берер нәтижесін, жетер мақсатын тиянақтап алған жөн", – деді сарапшы.

Кезінде рухани жаңғыру мақсатында құрылған Қоғамдық даму қазақстандық институтын басқарған саясаттанушы Қазбек Майгелдинов РЖ не үшін жойылып отырғанын білмейтінін білдірді.

Фото: Facebook/Kazbek.Maigeldinov

"2017 жылы “Рухани жаңғыру” бағдарламасы қабылданды. Ал 2021 жылы "Ұлттық рухани жаңғыру" жобасы қабылданды. Енді оның күші жойылды деп тану туралы жоба талқылауға қойылды. Жобаның негізгі мақсаты – ұлттық кодты сақтап, мәдени бірегейлікті жаңғырту, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді насихаттау арқылы қоғамның мәдениетін, талғамын және рухын көтеру болған. Басқа 9 ұлттық жобаның тағдыры не болары белгісіз. Дегенмен, аяқталуына 2 жыл қалғанда не үшін жоба күшін жойды?", – деді ол.

Фото: juldyz.info

Саясаттанушы Мақсат Жақаудың пікірінше, негізі, "Рухани жаңғыру" идеясы мықты еді, бюрократия құртты.

"Соңғы 1,5 жыл осы жобаны университетте жүргіздім. Аймақтық офистер тақылдап есеп сұрағаннан басқа түк бітірмеді. Республикада Қарағандының Жобалық офисі жақсы жұмыс жасады. Қалғаны жергілікті жоғарғы оқу орындарынан есебін жинап қана отырды. Мәселе, меніңше, орындаушылықтың ақсап жатқанында. Сол орындаушылар әлі бар, жаңа жоба шықса да сол жағдай қайталана ма деп күдіктенем. Екінші себеп – осындай ұлттық жобаның айналасында орыстілділер жүреді, ұлтжанды жанашыр азаматтар аз. Осыны барлық комиссиялар мен кеңестерден байқадым", – деді ол.

Сарапшылардың пікірі осындай. Әлеуметтік желіде кең таралған мемге сәйкес, рухани жаңғырудың соңы "рухани қаңғыруға" айналып кетпесе болғаны.

Protenge дерегінше, "Рухани жаңғыру" аясында кем дегенде 120 миллиард теңге шығындалыпты. Демек, оның күшін жоймас бұрын алдымен мемлекеттік аудит жүргізіп, осынша қаржының қаншалықты ұтымды жұмсалғанының басын ашып алу қажет. Әйтпесе, ұлттық жоба жабылып қалған соң талан-тараж үшін ешкім жауапкершілік арқаламайды.

Негізі, Қазақ елінің бергі тарихындағы ең жақсы рухани жаңғыру бағдарламасы – Алаш орда Үкіметінің "Алаш" бағдарламасы болса керек. Сонымен бірге "Айқап", "Қазақ" және басқа газеттер, ұйымдар мен қозғалыстар аясында да халықты рухани жаңғыртудың пәрменді шаралары жүзеге асырылды. Ұлт зиялылары, Алаш арыстары қараңғы халықтың сауатын ашты, азат сана қалыптастырды, тілімізді дамытты. Кеңестер ұлттың беткеұстарларын қырып салмағанда, Қазақ елі дамыған елге айналатын еді. 

Бүгінде бүкіл ресурсын жұмылдырса да, ештеңе шығара алмаған биліктің сондай тиімділіктің тырнағына да тұрмайтын тұрлаусыз тірлігі көңіл қалдырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу