Жаңа Конституция жобасы сөз бостандығына кепілдік береді – Аида Балаева

99

Ұсынылып отырған нормалар сөз бостандығын шектеуге емес, әр адамның ар-намысын қорғауға бағытталған.

Жаңа Конституция жобасы сөз бостандығына кепілдік береді – Аида Балаева Фото: Конституциялық сот

Бұл туралы Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның 9-шы отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлім етті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

– Көпшілік тарапынан сөз бостандығына қатысты мәселеге айрықша мән беріліп отыр. Азаматтар Конституциядағы тұжырымдардың айқын әрі екіұшты түсіндіруге жол бермейтіндей болуын күтеді. Жаңа Конституция жобасы дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне сүйене отырып, сөз бостандығына кепілдік береді. Ұсынылып отырған нормалар сөз бостандығын шектеуге емес, әр адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін, жеке өміріне қол сұқпауын қорғауға бағытталған. Бұл халықаралық құқық талаптарына толық сәйкес келеді, деді Аида Балаева.

Оның айтуынша, азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық келісімнің 19-бабына сай, әр адам өз ой-пікірін еркін ұстануға құқылы. Дей тұрғанмен, онда басқа адамдардың құқықтары мен абыройын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында заңмен шектелуі мүмкін екені анық жазылған.

– Жаңа Конституция жобасындағы бапқа қатысты журналистердің ашық хатына келер болсақ, медиақауымдастықтың үндеуімен мұқият танысып шықтым. Мәдениет және ақпарат министрі, әрі Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі ретінде бұл түзетулер еш жағдайда сөз бостандығын шектеуге әкеп соқпайтынын сеніммен айта аламын. Қорытындылап айтсам, бұрыннан белгіленген бұл түзетулер жаңашылдық емес, оның ішінде жауапкершілікке әкеп соғатын шектеулерді конституциялық деңгейде бекіту ғана. Біздің ойымызша, ар-ұждан мен қадір-қасиетті қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау сияқты негізгі құқықтар конституциялық деңгейде бекітілуі тиіс. Соған қарамастан, ең басты қағида өзгеріссіз қалады. Сөз бостандығына кепілдік беріледі, ал цензураға тыйым салынады. Әрине, сөз бостандығы – қоғамның басты құндылықтарының бірі. Сонымен бірге, оның да өзіндік құқықтық шеңбері бар екенін түсінуіміз керек. Бұл шектеулер ой-пікірін білдіруге емес, тек қоғамға қауіпті мақсаттарды көздейтін үгіт-насихатқа қатысты қолданылады. Бұл мәселе конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге, ұлттық қауіпсіздікке, кемсітушілік сипаттағы араздықты қоздыруға бағытталған, не осындай әрекеттерге айдап салу немесе соған ашық шақыру белгілері бар жағдайларға ғана қатысты екені белгілі, – деді Үкімет басшысының орынбасары.

Осындай әрекеттердің барлық белгілері еліміздің Қылмыстық және Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстерінде нақты көрсетілген.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу