Жаңа министр "блогер" туралы заң қабылдамақ

3340

Қоғам ақпарат министрі Асқар Омаровтан қаталдық танытуды және тәртіп орнатуды күтіп отырған көрінеді.

Жаңа министр "блогер" туралы заң қабылдамақ

Ресейде "персона нон грата" деп жарияланған ба?

Тура екі апта бұрын Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұжымына жаңа басшысын – Асқар Қуанышұлы Омаровты таныстырды. Бұл жаңалық отандық ақпарат айдынында елеусіз қалды, ал Ресейде нағыз дүмпу тудырды. Солтүстік көршідегі әсіре империяшыл тұлғалар ашудан жарылып кете жаздады. Мысалы, "Роскосмос" мемкорпорациясының бас директоры Дмитрий Рогозин Қазақстанның ақпарат министріне Ресей аумағы түгіл, "Байқоңырға" кіруіне тыйым салу керектігін меңзеді.

"Байқоңыр ғарыш айлағында біз министр Омаровқа қуана құшақ жаймаймыз. Біз оны ол жақта күтпейміз", – деп жазды Рогозин төл телеграм-арнасында.

ТМД істері жөніндегі ресейлік федералдық агенттіктің ("Россотрудничество") басшысы Евгений Примаков одан да асып түсті және министрді "орысқа қарсы қоқсық" (түпнұсқада "русофобская дрянь") деп артықтау кетті және онымен ынтымақтастықта жұмыс істеуден үзілді-кесілді бас тартатынын мәлімдеді.

"Россотрудничество орысқа қарсы қоқсықпен байланыспайды да, жұмыс істемейді де, ынтымақтастық жасамайды да. Бұл аталған министрмен және ол басқаратын министрлікпен кез келген өзара әрекеттестігімізге толығымен тосқауыл болады", – деп жария етті Е. Примаков.

Ресейлік "мемпропаганда" да аяусыз тиісіп, сынап, сөкті, балағаттады, аузына ақ ит кіріп, көк ит шықты. Ұзын сөздің қысқасы, Мәскеу әртүрлі арналары арқылы Қазақстан Президенті Қ. Тоқаевқа кәдімгідей қысым жасауға, оның өз командасынан Омаров мырзаны лақтырып тастауына қол жеткізуге тырысты. Мемлекет басшысы кез келген дауылға қасқая қарсы тұратын тегеурінді көшбасшысы екенін паш етті. Омаров орнында қалды. Примаковтың өзі айтқандай, Ресейге енді "санаға аса ауыр соғатын компромиске" мойынсұнып, Қазақстан Президентінің шешімімен келісуге, жаңа министрмен мәмілелесуге тура келеді.

Тоқаевқа тісі батпасын түсінген Мәскеу тағы да әртүрлі құралдары арқылы енді Омаров мырзадан "Қазақстандағы орыстарға қатысты шовинистік көзқарастарынан жұрт алдында бас тартуды" талап етті. Содан бері екі апта өтті, әзірге Асқар Қуанышұлы Ресей алдында тізерлеп тұрып бас имеді. Ол тек солтүстік көршінің өзінен "ібіліс" жасауға талпынғанына назар аудартты. Әрі санасына жетпейтіндерге бір нәрсені нығарлай айтты.

"Қайталап айтамын, мен тағат-толеранттылық пен халықтар достығы, Қазақстан халқының бірлігі және көрші елдермен бауырластық қатынастар қағидаттарын жақтаймын. Пайдалы тәжірибе алмасуды жолға қоюға болатын ресейлік және басқа да медиамен жақсы синергия түзуді жоспарлап отырмыз", – деді А. Омаров.

Ресейлік ақпарат көздерінің хабарлуынша, Асқар Омаров бұған дейін "персона нон грата" деп жарияланған, РФ Ішкі істер министрлігінің көші-қон мәселелері жөніндегі басқармасының базасында оның не туристік, не іскерлік мақсатта Ресейге кіре алмайтынын білдіретін белгі соғылыпты. Мәскеудің мұнысын жоятын-жоймайтыны белгісіз.

"Барынша қатал жазалауды сұраймын!"

Жарайды, қазақ министрі Ресей еліне бармай-ақ қойсын. Ол осы екі аптада елде не бітірді? Министрліктің қызметкерлері оның әзірше түрлі кездесулер өткізіп, жұмыс барысымен және іс ауқымымен танысып жатқанын айтады.

Ал қазақстандықтар одан тегеурінді, қажет болса қаталдау қадам жасап, Аида Балаева кезінде әбден бассыз кетіп, былық жайлаған саланы тәртіпке келтіруді сұрап жатыр. Алматы тұрғыны Мәлік Хамзулин 2022 жылғы қаңтарда "Аза тұту" жарияланып, бүкіл Қазақстан Алматыдағы және басқа өңірлердегі қайғылы оқиғалар барысында қаза тапқандардың аруағына тағзым етіп, халық болып қайғырғанын еске салды. 

"Біздің көк байрақтың өзі төмен түсірілді. Барша Қазақстан халқы болып аза тұтқан осы күні 24 радиостанцияның 3-еуі өз жұмысын уақытша доғармақ түгіл, керісінше, күні бойы ағылшын және орыс тілдерінде көңіл көтеруге арналған музыканы үздіксіз қоюмен болғанын байқадым. Бұл елдің азасын құрметтемеу болып табылады. Әлгі радиолардың тірлігі Қазақстан азаматы ретінде менің ар-ұжданымды қорлады. Аза тұту күнінде бұлардың думандатуының жөні жоқ. Сондықтан оларға қазақстандық заңға сай мейлінше қатал жазалау шараларын қолдануды сұраймын!", – деген Мәлік министрге хатында орынсыз жерде шаттанған отандық үш танымал радиостанцияның атын атап, түрін түстеді.

Ал Ержан Жақыпов есімді азамат министр А. Омаровқа хатында бетімен кеткен блогерлерді жазалап, табанына тас қоюды ұсынды. 

"Министр мырза, Instagram, Tiktok, Facebook секілді танымал әлеуметтік интернет-тұғырнамаларында өз қызметін жүзеге асыратын блогерлерге назар аударуыңызды сұраймын. Олардың біразының үлкен аудиториясы бар, олар елді жарнамалық сипаттағы саналуан контентпен "қоректендіреді". Осындай блогерлердің қызметін нақты реттейтін, мейлінше ашық ететін кез жетті. Оларды жазылушыларының санына қарай бұқаралық ақпарат құралдарына теңестіріп, тіркеуден өтуге міндеттеуді ұсынамын. Осы арқылы олардың жарнамалық және кәсіпкерлік қызметі реттелетін болады", – деді арыз иесі.

Оның байламынша, бұл шара бірінші кезекте блогерлердің контентін тұтынушыларды қорғауға мүмкіндік береді. Екіншіден, блогерлік қызметтен табатын мол табысы мен ақша айналымына тиісті салық салуға жол ашылады. Бұл қадам сондай-ақ блогерлердің кемеліне келуіне, медиа-кәсіпқой деңгейіне дейін өсуіне, мәртебе иеленуіне мүмкіндік береді.

Әйтпесе, кейінгі кезде блогерге айналған танымал актер, әртіс, әнші және басқаларының халықты алдап соққаны туралы жаңалық жиі айтылып жүр. Әсіресе, қаржы пирамидаларын көп насихаттайды. Оның үстіне "қаралы қаңтар" оқиғалары кезінде кейбір блогердің ел пікірін көбіне теріс жаққа өзгертуге де ықпал еткені құпия емес. 

Омаров не дейді?

Ақпарат және қоғамдық даму министрі ресми блогында "әлемдік ақпараттық айдында интернет-ортаның үдемелі дамуына байланысты шынында бірқатар мәселе, соның ішінде блогерлік қызмет заң жүзінде реттеуді талап ететінін" мойындады.

"Интернет желісінің өркен жаюы журналистиканың жаңа түрлерінің, соның ішінде азаматтық журналистиканың өрістеуіне септесуде. Бүгінде әлеуметтік желілер мен әртүрлі желілік платформалар аудиториясының өсуі арқасында блогерлер мәселелердің кең ауқымы бойынша өз аудиториясының түсінігіне, сондай-ақ тұтастай алғанда қоғамдық пікірге елеулі ықпал етеді. Соған қарамастан, блогердің құқықтық мәртебесі заң жүзінде бекітілмеген", – деді ақпарат министрі.

Балаева қанша талпынса да, азулы блогерлерге кең ауқымды шабуылдан қаймыққаны мәлім. Ал Омаров мырза босаңдық танытпай, бұл саланы тәртіпке келтіру үшін өз "контроперациясын" жүргізуі мүмкін.

"Қазіргі уақытта біздің министрлік озық елдердің БАҚ саласындағы тәжірибесін, сондай-ақ халықаралық заңнаманы зерттеу бойынша жұмыс жүргізуде. Алда министрлік ұлттық заңнаманы жетілдіру аясында блогердің құқықтық мәртебесін, оның құқықтары мен міндеттерін бекітуді жоспарлап отыр. Сондықтан блогерлерді БАҚ-қа теңестіру бойынша ұсыныс та заңнаманы өзгерту барысында қарастырылады", – деді министр.

Атап өтетін жайт, ел басшылығы жаңа Ақпарат және қоғамдық даму министріне "азаматтық қоғам мен мемлекеттің өзара іс-қимылы, ұлтаралық қатынастарды нығайту бойынша үлкен жауапкершілік жүктепті". Осының алдында Премьер Әлихан Смайылов та дәл осы мәселені "бұрын-соңды болмаған маңызға ие" деп бағалады.

Сондай-ақ А. Омаров діни және конфессияаралық келісім мәселелері жөніндегі жұмысты күшейтуге міндетті. Бұдан бөлек, жастардың деструктивті ағымдарға тартылуының алдын алу шараларын жүзеге асыруға, жастар саясатын ретке келтіруге, отбасы және ақпараттық саясатқа баса назар аударуға тиіс.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу