Атап айтқанда, ел арасында "автоцон" аталатын мамандандырылған ХҚКО-лардың жағдайы жыларман күйге түскен екен. Проблемасы батпаққа айналып, батырып барады. Мәселелер туралы министр Мәжіліс депутаттарына хабарлады.
Біріншіден, оларда көлік жаппай тапшы күйге жете бастапты. Цифрлық даму министрлігіне қарасты "Азаматтарға арналған Үкімет" мемлекеттік корпорациясының филиалдары құрамындағы мамандандырылған мемлекеттік қызмет көрсету бөлімдерінде жүргізуші атанғысы келетін қазақстандықтар мен шетелдіктер емтихан тапсыруы үшін арнайы автомобиль көлігі пайдаланылатыны белгілі.
Қазіргі кезде елдегі автодромы бар 26 автоцонның иелігінде жалпы саны – 273 бірлік көлік тіркелген. Бір қарағанда, жеткілікті сияқты, әрқайсысына оннан келеді. Алайда соның ішінде мемлекеттік корпорацияның балансында тұрғаны – 191 бірлік. Тағы 75 бірлігін олар жалға алыпты. Тағы 7-еуі – бұрыннан бұзылған күйде жатыр, оларды жөндеуге бюджеттен қаржы бөлінбеген.
Қолданыстағысының өзі жиі сынып қала беретіні айтылды. Халық өз шағымдарында бұрыннан мәселе етіп көтеріп келе жатқан бұл жайтты министр растады. Бірақ ол бұған азаматтардың өзін айыпты санайды.
"Емтихан тапсырушылардың тәжірибесінің аздығы және көлік құралдарының тозуы автодромда жол-көлік апаттарының орын алуына себеп болады. Салдарынан, автоцондардың көлік құралдары жиі-жиі істен шығады", – деді Жаслан Хасенұлы.
Екіншіден, жете қаржыландырылмауы кесірінен мамандандырылған ХҚКО-лар жаңа технологияларды енгізу дегеннен құралақан қала бастағанға ұқсайды.
Министрдің айтуынша, олардың автодромдарында практикалық емтихан тапсыруды бақылау GPS негізіндегі автоматтандырылған автодром жүйесінің оқу көлік құралдары модульдері арқылы жүзеге асырылады.
"Енді қараңыз: бір автодромға арналған практикалық емтиханды бақылау жүйесінің, яғни, бағдарламалық қамтылымының құны 103 миллион теңгеден асады. Ал, бір GPS датчигін сатып алу 20 миллион теңгеден көп қаражатты талап етеді. Жүйе толыққанды жұмыс істеуі үшін әрбір көлікке GPS датчиктерін орнату қажет, бұл белгілі бір қиындықтарды туғызады", – деді Цифрлық даму министрі.
Оның түсіндіруінше, егер автодром көлігі жол апатынан не басқалай істен шықса, оның датчиктерін басқа, жұмыс істейтін көлікке ауыстыру керек.
"Осылай әрбір ауыстыру қызметінің құны 300 000 теңгеден асады. Сонымен қатар GPS датчиктерін орнату және шешу қызметін көрсету мерзімі өңірдің қашық орналасқанына және оған орталықтан арнайы маманның баруы қажет болуына байланысты 5-тен 20 күнге дейін созылады. Содан емтихан тапсырып, жүргізуші куәлігін алғысы келетін адамдар сергелдеңге түседі. Бұл мемлекеттік корпорацияның беделіне кері әсерін тигізеді. Өйткені "Жүргізуші куәлігін беру" мемлекеттік қызметін көрсетуді уақытша тоқтатуға мәжбүр боламыз. Содан азаматтардың шағымдары қаптайды, наразылықтары өршиді", – деді Жаслан Мәдиев.
Ол қазақстандық автодромдарды халықаралық стандарттарға сәйкестендіргісі келетінін жеткізді. Бірақ бұрыннан қордаланған проблемалардың шешімін таппауы алға қадам бастырмай тұрған көрінеді.
"Жалпы, республика бойынша 105 мамандандырылған ХҚКО мен сектор жұмыс істейді. Алайда соның ішінде облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларда 26 мамандандырылған ХҚКО ғана автодроммен қамтылған! Аталған автодромдардың жұмысын ұйымдастыру барысында кешенді, сан-салалы проблемалар туындауда", – деді Цифрлық даму министрі Мәдиев.
Мысалы, халықтың таңдауы молаюы үшін ведомство жаңа автодромдар салғысы келеді. Не кедергі?
"Мемлекеттік корпорация қаржыландырудың жеткіліксіздігі салдарынан амалсыз, жергілікті әкімдіктермен келіссөз жүргізіп және жеке инвесторларды тартып, жаңа автодромдар салу мәселесін қарастыруда. Бұған дейін, 2023 жылы – Алматы облысының Қарасай ауданында, жалпы аумағы 40 соттық жер учаскесінде жаңа автодром тұрғызылды. 2024 жылы – Шымкент және Өскемен қалаларында жеке инвесторлар мен жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен автодромдар бой көтерді. Бірақ бұл өте қымбат іс. Автодром салу шамамен 720 миллион тенгені қажет етеді", – деді министр.
Министр Мәдиев тағы бір жаға ұстататын жайтты жеткізді: "Азаматтарға арналған Үкімет" мемкорпорациясында автоцондарға арналған автоматтандырылған жүйені сатып алуға қаржысы жоқ.
"Қаржыландырудың болмауы салдарынан бұл автодромдар әлі күнге толық көлемде жұмыс істей алмай тұр! Олардың толыққанды қызмет көрсетуінің негізгі шарты – емтихан барысында алынған ақпаратты түзету мүмкіндігін болдырмайтын, оның ішінде әрбір сынақ жаттығуын және жалпы емтихан нәтижелерін әділ тіркейтін автоматтандырылған жүйенің болуы", – деді Цифрлық даму министрі.
Дегенмен, министрлік "ақша жоқ" деп аузын қу шөппен сүртіп, құр қарап отырған жоқ. Проблеманы еңсеру үшін қал-қадари тірлік жасауда.
Нақтылауынша, министрлік практикалық емтихан тапсыру кезінде "Компьютерлік көру" (Computer Vision) технологиясын пайдалану мүмкіндігін пысықтап жатыр. Мемкорпорация Computer Vision технологиясын ұсынатын жеткізушілермен "Емтиханды бақылаудың жаңа жүйесін" әзірлеу бойынша келіссөздер жүргізді.
Нәтижесінде, 2024 жылғы 31 желтоқсанда министр Астана қаласындағы №1 мамандандырылған ХҚКО базасында "Computer Vision технологиясын қолданып, механикалық беріліс қорабы бар "B" санатындағы көлік құралында практикалық емтихан қабылдау" пилоттық жобасын іске асыру туралы бұйрыққа қол қойды.
Ведомствоның түсіндіруінше, бұл жүйе бірнеше мынадай артықшылықтар береді:
- емтихандарды автомектептердің көліктерінде өткізуге мүмкіндік береді;
- жүргізуші куәлігін алушыларды биометриялық сәйкестендіруден өткізуді қамтамасыз етеді;
- практикалық емтихан тапсырушылардың күту уақытын қысқартуға ықпал етеді.
Мәдиевтің мәліметінше, қазіргі уақытта пилоттық жобаны ілгерілету бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Жаңа жүйенің артықшылықтары автодром құрылысына және жабдықтауға жұмсалатын шығындарды азайтады, көлік құралдарын жабдықтау шығынын үнемдейді екен.
Бұл өзгерістер практикалық емтиханды әділ, тиімді және заманауи деңгейде өткізуге мүмкіндік береді.
Сауатсыз, жауапсыз жүргізушілердің көшелер мен жолдарды толтыруы депутаттардың да мазасын кетірді. Мәжілісмен Данабек Исабеков жол апаттары санының жыл сайын өсуіне түрткі болатын фактілердің көптігін айтты.
"Соның бірі – жүргізуші куәлігін беретін орындардағы коррупция! Бақылау жоқ жерде жөнді тәртіп те болмайды. 2009 жылы жүргізушілерді даярлайтын оқу ұйымдарын лицензиялау доғарылғалы, ІІМ-нің мониторингтік бақылауы тоқтады. Қазіргі кезде кейбіреу автомектепте оқымай-ақ, "оқыды" деп анықтама алып, автоцондарда сынақ тапсырады. Ол үшін автомектептер еш жауапкершілік арқаламайды, оқыды деген анықтаманы онды-солды береді. Автоцондардың да теориялық және практикалық емтихандарды тапсыру процесінде бұзушылықтар бар", – деді депутат.
Бірақ Парламент пен Үкімет автодромдарды жете қаржыландырылмай, мәселе шешілмейді және ары қарай "алаңдаушылықтың" тақырыбы болып қала береді.