Жаңа оқу жылына дейін тасқыннан зардап шеккендер баспаналы болуы қажет

574

4 315 үй апатты деп танылған.

Жаңа оқу жылына дейін тасқыннан зардап шеккендер баспаналы болуы қажет Фото: Атырау облысы әкімдігі

Республика бойынша 30 538 отбасы 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Биылғы 28 мамырдағы мәліметке сүйенсек, республика бойынша 30 538 отбасы 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды. Бұл бағытта жұмыс бақылауда және қажетті шаралар қабылдануда. Негізгі тәуекелдер тұрғын үйлерді қалпына келтірумен байланысты. Сондықтан өңірлердің әкімдері бұл мәселені ерекше бақылауға алып, күнделікті негізде халықпен жұмыс жүргізіп, туындаған әрбір мәселе бойынша түсініктеме берулері қажет. Қазіргі уақытта республика бойынша су тасқыны салдарынан шамамен 12 155 үй, сондай-ақ 18 321 саяжай учаскелері зардап шекті, оның ішінде 5 353 саяжай үйлері жалғыз баспана", - деді Қанат Бозымбаев.

15 093 үй мен саяжай үйлер техникалық тексеруден өткізілді. Бұл зардап шеккен үйлердің жалпы санының 84%-ы. Бағалау жұмысынан 11 134 үй өтті (64%). 

"Жекелеген өңірлерде техникалық тексеру және бағалау жұмыстарының қарқынының төмендігін айта кету керек. Сонымен қатар, техникалық тексеру және бағалау жұмыстары үйлестіріліп, барлық қажетті қорытындыларды мүмкіндігінше қысқа мерзімде ұсынылуын қамтамасыз еткен жөн. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында 4 мың су басқан үйдің 54%-ы, атап айтқанда тек 2176 үй тексеріліп, 770 үйдің құның бағалау жүргізілді. Ақтөбе облысында көрсеткіш 73%, яғни 3679 үй зерттеліп, 1673 үй бағаланды. Атырау, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктерінің жұмысын атап өткім келеді. Бұл өңірлерде зардап шеккен үйлерді тексеру және бағалау жұмыстары аяқталған деп есептеуге болады", - деді ол.

Сөзінше, алдын ала жасалған қорытындыларға сәйкес, жалпы ел бойынша 9 мыңнан астам үй жөндеуден өтетін болады. 4 315 үй апатты деп танылды.

"Осыған байланысты өңірлерде 1847 үй мен пәтердің құрылысы басталды, бұрын пайдалануға берілген 3417 пәтер мен үй сатып алу жоспарлануда. Құрылыс маусымының қысқа болуына байланысты жұмыстарды кешіктірмеу керегіне әкімдердің назарын аударғым келеді. Жаңа оқу жылына дейін зардап шеккендер баспаналы болуы қажет", - деді Премьер-министрдің орынбасары.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу