Жаңа Парламенттің алдағы жаңа сессиясы Қытайға "арналуы" мүмкін

1309

Шың елімен тығыз жақындасудың қандай оң және теріс жақтары бар? 

Жаңа Парламенттің алдағы жаңа сессиясы Қытайға "арналуы" мүмкін Фото: zakon.kz

Бүгінде Мәжіліс пен Сенат депутаттары каникулда демалуда. Алдағы 1 қыркүйекте салтанатты түрде ашылатын жаңа сессия барысында депутаттардың қабылдауына Қытаймен арадағы көптеген келісім ұсынылғалы тұр. Әлеуметтік желіде пікір білдірген сарапшылар және былайғы жұрт жаңа депутаттық корпустың олардың бәрін қабылдарына күмәнданбайды.

Тіпті осы шақырылымдағы Парламент сонысымен ел тарихында қалуы мүмкін. Себебі әділін айту керек қанша жерден сыналғанымен, бұрынғы заң шығарушы және атқарушы билік Қытаймен арадағы визалық режимді жоюдан бас тартып келді. Сондықтан әрбір қытай өзінің әр сапарына Қазақстанның құзырлы органдарынан рұқсат алса ғана елге кіре алатын.

Бұл қатаң режим былтырдан бері қожырай бастады. Алдымен ҚХР азаматтарына қазақ елінде 14 күн еркін жүруіне рұқсат етілді. Енді визасыз режим енгізіліп жатыр.

Іс жүзінде бұл – өмірге жолдама алған жаңалық. Қос мемлекет тиісті келісімге қол қойды. Ал таяуда, 4 тамызда мемлекеттік ҚазАқпарат агенттігі ел Үкіметінің "Қытаймен арадағы визасыз режим туралы келісімді бекіткенін" жариялады.

Бұл туралы енді ғана белгілі болғанымен, Әлихан Смайылов "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісімді бекіту туралы" ел Үкіметінің №612 қаулысына 2023 жылғы 26 шiлдеде қол қойып тастапты.

"Қоса беріліп отырған 2023 жылғы 17 мамырда Сианьда жасалған ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім бекітілсін. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі", – делінген жаңа қаулыда.

Ресми құжатқа сәйкес, Қытай азаматтары "жеке істерді, туризмді, ем қабылдауда, халықаралық тасымалдарды, транзиттік, сондай-ақ келісім-шарттар жасасу, келіссөздер жүргізу, консультациялық қызметтер көрсету және басқа да іскерлік мақсаттарды жүзеге асыру мақсатында" мемлекеттік шекараны кесіп өткен сәттен бастап, Қазақстанда күнтізбелік 30 күн бойы еркін жүре алады. Ал егер одан көбірек жүргісі келсе, еліне қайтып, қайта кіруіне болады. Сонда жарты жылда, күнтізбелік 180 күн ішінде жалпы жиынтығы 90 күн бойы қазақ елінде визасыз жүре алады.

Фото: thejakartapost.com

Визасыз режимді жұңғо еліне барғысы келетін Қазақстан азаматтары да пайдалана алады.

Ал өткен аптада ғана Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров: "Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим әлі күшіне енген жоқ", – деп мәлімдеген болатын. Өйткені қазақстандық СІМ дерегінше, ҚХР мемлекетішілік бұл шаруаны әлі соңына жеткізбепті. Қытай тарапы тиісті құжаттардың бәріне қол қоюы керек. Содан кейін 30 күннен соң визасыз режим күшіне енеді.

Бірақ екі ел арасындағы келісімдер топтамасы мұнымен шектелмейді. Қазақстан Қытайға қылмыскерлерді ұстап беруде көмек көрсетуі мүмкін.

Әділет министрлігі Мәжіліске "1993 жылғы 14 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының арасындағы Азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заң жобасымен кіретін болды. Алдыңғы келісім де, осы хаттама да Парламенттің ратификациялауын талап етеді.

Дегенмен, әрине, қоғамды алаңдатып отырғаны – визасыз режимнің енгізілуі екені белгілі. Бұл тақырыпқа қатысты қазақстандықтар әлеуметтік желіде пікірлерін білдірді. Бұл жерде екі жайт көзге ұрып тұр. Біріншіден, жасыратыны жоқ, пікір білдірушілердің көбісі эмоцияға, үрейге ерік берді. Екіншіден, визасыз режимді ел басшылығының өзі мақұлдағандықтан оған қарсы сөйлеуге биліктегілер де, белгілі тұлғалар да батпады. Көбісі, пікір білдірмей бас бұғып қалды.

Халық неге алаңдайды?

Фото: e-history.kz

"Негізі, туристік турға 15 күн жеткілікті емес пе?! Қытайдан турист ретінде келгендер қайда барады, нені көреді? Осының нақты жоспары бар ма? Оларға қызмет көрсететін орталықтардың инфрақұрылымы өз деңгейінде ме? Қытай тілін меңгерген гид-экскурсоводтар бар ма? Әлде олар өздерімен гидін әкеле ме? Олары Балқаш көліне дейінгі жерлер біздікі деп насихаттап жүрсе қайтеміз? Міне, осы жағын пысықтап алу керек. Біздің азаматтар Қытайға барып, қалып қоймайтыны белгілі. Ал қытайлықтар біздің елде қалудың түрлі жолын тапса не істейміз? Осы жағы күмәнді. Екінші жағы, қытайлықтар Қазақстанды транзит етіп, өзге елдерге кетуді мақсат етуі әбден мүмкін. Үшіншіден, Қазақстанның құқық қорғау саласы – Шекара, Ішкі істер, Ұлттық қауіпсіздік қызметі қаншалықты дайын? Мәселен, Өзбекстанда туристік турмен келген қытайларды шекарадан кіргеннен арнайы маршрутпен жүруін қадағалап, уақыты келгенде ел аумағынан шығарып жібереді", – дейді қытайтанушы Тұрсынхан Зәкенұлы. 

Қоғам белсендісі Сауытбек Сейсенбаев биылғы сәуірде Қытайдың Франциядағы елшісі посткеңестік елдердің тәуелсіздігіне күмән келтіретін мәлімдеме жасағанына назар аудартты. Бұл елдер қатарына 1991 жылы тәуелсіздігін алған Қазақстан кіретіні сөзсіз. Бірақ Қазақстан Қытай елшісін шақырып, одан ресми түсініктеме алмады.

"Қытайда елшілер өз ойына келгенін айта алмайды, олар әрбір сөзін Сыртқы істер министрлігімен ақылдасып айтады. Бұл жағдайда Қытаймен визасыз жүйе орнату өте қауіпті деп санаймын! Егемендігімізді мойындалмады деп елшісі мәлімдеме жасап жатқан үлкен елмен қалай визасыз жүйе орнатуға болады? Мен, Қытайдың елімізге визасыз келуіне түбегейлі қарсымын", – деді Сауытбек Сейсенбаев.

Қазақстанның ата-аналар одағының төрайымы Бағила Балтабаева бір жарым миллиардтан асатын "Қытай азаматтарының біздің елде визасыз 90 күн тайраңдап жүруіне қарсы" екенін білдірді. Оның ойынша, әлемде геосаяси ахуал ушыққан жағдайда керісінше, визалық режим күшейтілуі, әрбір кіретін ҚХР азаматы түгел бастан-аяқ тексерілуі, әр қытайдың депозитінде белгілі мөлшерде қомақты қаржысы тұруы талап етілу шарт. Сонымен бірге визаның құны да қымбаттатылуға тиіс. Сонда одан түсетін табыс бюджеттің бір тесігін жамар еді деген пікірде. Әйтпесе, ертең Батыс пен Қытай арасында қақтығыс болса, ондаған миллион қытай қазақ еліне босымай ма? Ресейліктер де былтыр визасыз деп Қазақстан мен Грузияға ағылды.

"Қытайлар Қазақстанға бір кіріп, қалып қоймайтынына кірерде кепілдік берсін, үйтіп-бүйтіп қалып қойғандары үлкен айыппұлмен депортациялансын. Визасыз режим енгізілгенде, осының бәрі бар ма екен? Жүз қытай азаматы кіріп, сол жүз адамның 90 күнде елімізден қайта шыққан-шықпағанын бақылауға болады. Ал егер бірнеше миллиондап кіріп жатса, біреуін қалдырмай, шыққанын қадағалай алады деп ойлайсыздар ма? Өз басым, мұндай ағыммен кірсе, бақылау жағын игере алады дегенге күмәнім бар. Байқаусызда деп, абайсызда деп, қаншасы "қалып" қоярын бір Алла біледі! Бұл қытайдың сол жақтағы қазақтар мен ұйғырларға не істеп жатқанын бүкіл әлем біледі. Оларды қорғаймыз деген Батыстың құқық қорғаушыларын да, Еуропарламент депутаттарын да тұмсығын сұқтырмай қойды. Ал енді сондай сұмдық тәсілдермен өз еліндегілерді аямаған бұл мемлекет өзге елді несімен қарық қылады? Малдың аласы сыртында, адамның аласы ішінде. Бұл халықтың да аласы ішінде дер едім", – деді Бағила Балтабаева.

Екі ел арасындағы визасыз режим Қытайда тұратын қандастардың атамекенмен байланысын нығайтады деген дәйектеме де айтылды.

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса керісінше, қазақтардың тарихи Отанымен араласуына қолдан тосқауыл жасалып отырғанын айтып, биылғы маусымда, каникул карсаңында депутаттық сауал жолдады. Парламентке ҚР Сыртқы Істер министрлігінің Қытайдың Үрімжі қаласындағы консулдығы визалық қызметіндегі қаптаған қалың нөпір кезек пайда болып, виза алу қиындап, күрделі мәселеге айналып тұрғаны туралы көптеген арыздар келіп түскен. Депутаттың айтуынша, "2017 жылдан басталған Қытайдың Шыңжаң аймағындағы сепаратизмге қатысты шектен шыққан саяси науқандардың кесірінен, оның үстіне үш жылдан астам уақытқа созылған пандемияның салдарынан Қытай қазақтарының өз тарихи Отанына оралу мүмкіндігін мүлде тоқтатып тастады десе де болады".

Бірақ екі ел арасында толық визасыз режим енгізілсе, Қытай билігінің қазақтардың бері қарай, атажұртқа лек-лекпен ағылуына жасанды кедергі жасамасына еш кепіл жоқ. Визасыз режим туралы екіжақты келісім бұл мәселені реттемейді. Халықаралық сарапшылар ҚХР билігі елді тұтастандыру үшін шағын ұлыстарды, соның ішінде қазақтарды да ассимиляциялауға, қытай арасына тастай батырып, судай сіңіруге тырысып жатқанына назар аудартып келеді. Демек, Қытай қазақтарының өз елімен тығыз араласуына, рухтануына көрші мүдделі бола қояр ма екен? Мүдделі болмаса, бұл визасыз режимнен қазаққа не қайыр?

Қытаймен визасыз режим неге керек?

Қытаймен визасыз режимді Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан жан сала қорғап жүр. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында соны қолдап, бірнеше рет әрі аса көлемді постар жариялады. Сұхбаттар да беріп жүр. 

Фото: parlam.kz

"Осы келісімге қатысты елімізде білдіріліп жатқан алаңдаушылықтар негізсіз деген пікірдеміз. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, өткен жылы визасыз тек 8 мың қытай елімізге кіріп шыққан. Визасыз режимді енгізгеннен кейін, шетел азаматтарына ІІМ Көші-қон қызметі комитеті мен ҚР Еңбекмині Көші-қон комитеті бақылауды күшейту жұмыстарын жүргізуді қолға алға алып отыр. Бұл үшін барлық заңнамалық құралдар пайдаланылады. Барлық шетелдіктер туралы мәліметтер цифрлы түрде тиісті ақпараттық жүйелерге электронды жолмен енгізілген. Қажет жағдайда біз, Парламент депутаттары осы саладағы заңнаманы қатаңдатуға әзірміз", – деп уәде етті Айгүл Құспан.  

Оның сендіруінше, Қытаймен арадағы визасыз режимнің келесі пайдалы тұстары болады. Екіжақты саудаға пайдасын тигізеді, өзара барыс-келісті жеңілдетеді.

"Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Қытай мен Қазақстан басшыларының өзара сапарлары нәтижесінде екіжақты сауда айналымын 30 миллиард долларға дейін көтеру ойластырылуда. Осы мақсатта инвестициялық, туристік және жалпы экономикалық ынтымақтастықты күшейту өзекті. Осыған орай визасыз режимді орнату бастамасы пайда болды. Бұл ретте Қытайдың қазіргі кезде дүниежүзінің екінші экономикасына айналып келе жатқаны, әлемдегі атақты деген брэндтердің көпшілік тауары шығыс көршімізде шығарылатынын, жалпы саны 1,5 миллиардтай адам тұратын аумақта дүниедегі күнделікті тіршілікке мұқтаж заттардың көпшілігі, оның ішінде замануи технологияларға қажет бұйымдар негізінен жаппай Қытайда өндірілетінін естен шығармауымыз керек", – деді Мәжіліс депутаты А.Құспан.

Екі елдің азаматтары жеке істер, туризм, емделу, халықаралық тасымалдау, транзиттік және іскерлік мақсаттар үшін визалық талаптардан 30 күнге босатылады.

Биліктің басты дәйектемелерін Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров жеткізді. Оның сендіруінше, визасыз режим салдарынан Қытай азаматтары елімізге қаптап кіреді деген пікір шындыққа жанаспайды. Себебі, былтыр шілде айынан бастап Қазақстан Қытай азаматтарына елімізге 14 күнге дейін визасыз кіруге рұқсат етті.

"Бірақ Қытай азаматтары біздің көшелерде қаптап жүргенін көріп отырған жоқпыз. Бұл шара республикамыздың инвестициялық климатын және туристік әлеуетін арттыру, сондай-ақ іскерлік байланыстарды дамыту үшін жасалған. Экономикалық тұрғыдан бұл бастама өзінің оң нәтижесін беруде. Визасыз Қазақстанға келген Қытай азаматтары елімізде қалып қояды, жұмыс орындарымызды тартып алады деген пікірлер жаңсақ. Өйткені визасыз режим тек туристік, іскерлік сапарларға арналады және жұмыс істеуге рұқсат бермейді. Қызмет етуге бөлек, жұмыс визасын алдын ала рәсімдеу қажет", – деді Айбек Смадияров.

Мұның бәрі іс жүзінде қаншалықты дұрыс орындалатыны белгісіз. Оның үстіне бұл дәйектеменің өзінде қайшылық байқалады: визасыз режим "іскерлік мақсатта", соның ішінде мысалы, консультациялық қызметтер көрсетуге жол ашады. Ол да жұмыс. Сонымен бірге миллиондар келсе, олардың 90 күн бойы жұмыс істеп жүрмегенін кім бақылайды?

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу