Жаңа Салық кодексі не үшін керек?

2329

Басқа елдермен салыстырғанда, Қазақстандағы салық жүктемесі, салық мөлшерлемесі өте төмен.

Жаңа Салық кодексі не үшін керек? Фото: atameken.kz

Президент биылғы Жолдауда салық жүйесіне ерекше тоқталды. Оны жаңа экономикалық саясатты жүзеге асырудың маңызды құралы ретінде қарастыру үшін болжауға болатындай түсінікті әрі қарапайым етіп қайта әзірлеуді тапсырды.

Дәлірек айтсақ, фискалды реттеу ісін қайта жаңғырту үшін келер жылы жаңа Салық кодексі әзірленеді. Оның ең түйткілді тұсы – салықтық әкімшілендіру мәселесі тұтастай қайта жазылмақ. Сондай-ақ салықтық бақылау қызметін толық цифрландыру жүргізілмек. Қысқасы, жаңа құжатта жаңашылдық көп болатын секілді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Ұлттық экономика министрлігі Салық және кеден саясаты департаменті директорының орынбасары Нұрлыбек Шаймахановтың пікірінше, елімізде бұған дейін де бірнеше Салық кодексі қабылданған.

"Салыстырмалы түрде айтсақ, қазіргі қолданыстағы құжаттың жұмыс істеп тұрғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Ол 2017 жылдың желтоқсан айында қабылданып, 2018 жылдан бастап қолданысқа енгізілді. Бұл құжатта көптеген жеңілдік қарастырылған. Мәселен, микро және шағын бизнес субъектілері салықтан босатылған. Ынталандыру шаралары да бар. Сондықтан оны тиімсіз болды деп айтуға болмайды. Бірақ Мемлекет басшысы жаңа экономикалық саясатқа ерекше мән беріп отыр. Оның негізгі бір құралы ретінде Салық кодексін әзірлеу керектігін ескертті. Демек Салық кодексі – экономиканы дамытатын маңызды құрал. Сондықтан жаңа экономикалық саясатты қабылдап, ойдағыдай жүргізу үшін Салық кодексін өзгерту маңызды", – дейді Нұрлыбек Шаймаханов.

Салықтық әкімшілендіруді цифрландыру да өте маңызды дүние. Өйткені көп мәселе осыған қатысты туындайды.

"Басқа елдермен салыстырсақ, Қазақстандағы салық жүктемесі, салық мөлшерлемесі өте төмен. Халықаралық қаржы ұйымдарының негізінде жүргізілген талдаулар соны көрсетіп отыр. Яғни көршілес мемлекеттерге, Еуропа елдеріне қарағанда, бізде төленетін салықтың мөлшері аз. Бірақ мәселе салық төлеміне қатысты туындап отыр. Салықты төлеу мен есепті тапсырудың қиындығы, төлеуден жалтару, ақпараттық жүйелердегі деректердің сәйкес келмеуі секілді проблемалар бар. Сондықтан бұл жерде онсыз да төмен жүктемені одан әрі азайту мәселесі қарастырылып отырған жоқ. Көзделіп отырған дүние – салық төлеуді жеңілдету", – дейді Салық және кеден саясаты департаменті директорының орынбасары.

Салықтық әкімшілендіру толықтай қайта жазылса, Салық кодексі айтарлықтай өзгереді. Алайда қаншалықты өзгеретінін дөп басып айтуға әлі ерте. Өйткені жұмыс енді басталды.

"Бірақ негізгі бағыт салықтық әкімшілендіруді ауыстыру екені рас. Ол жерде негізінен заңнамалық нормалар емес, ақпараттық жүйелердегі әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға басымдық беріледі. Жоғарыда айтқанымдай, мақсат – салық төлеуді барынша жеңілдету. Негізі бұл бағытта көп жұмыс жүргізіліп жатыр. Мысалы, салық төлеушілерді онлайн тіркеуге болады. Салықты онлайн төлеуге мүмкіндік бар. Банк қосымшалары да салық төлеушілер үшін ыңғайлы етіп жасалған. Дегенмен жетілдіретін тұстар да бар ғой. Мәселен, салық төлеушілердің көбі деректерінің базаға дер кезінде енгізілмейтінін айтып жатады. Осының өзі азаматтар үшін қосымша қиындықтар туғызады. Деректер бірнеше ақпараттық жүйеде шоғырланады. Мысалы, бір жүйе арқылы салық төленсе, екінші жүйеде салық қарызы есептен шығарылады дегендей. Осы жүйелер арасындағы байланысты реттеу маңызды. Аталған бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Цифрландыру аясында салық төлеушілер қазір бетпе-бет келіп жүрген мәселелердің бәрі оң шешілетін болады", – дейді ол.

Салықтық ынталандыру шараларының тиімділігі туралы әңгіме қозғағанда, экономиканың түрлі саласына дифференциалды салық мөлшерлемесін енгізу керекті ойға оралады. Аталған мәселе де соңғы жылдары көп көтерілді.

"Бұл дегеніміз – экономиканың салаларына байланысты салық мөлшерлемесін әртүрлі етіп белгілеу. Мәселен, экономиканың ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі секілді өнім шығаратын, басымдыққа ие салалары үшін салық мөлшерлемесі төмен болуға тиіс. Ал табыстылығы жоғары, бірақ өнім шығармайтын қаржы секторы, жер қойнауын пайдалану секілді салаларда мөлшерлеме жоғары болуы керек. Сондықтан дифференциалды салық жалпы салық жүйесіндегі әділеттілік үшін керек. Қай салада табыс көп, тиісінше соған салық та көп салынуға тиіс", – дейді Нұрлыбек Шаймаханов.

Елдегі салық реформасы аясында сән-салтанат салығын енгізу ұсынылғаны мәлім. Мұның орта тапқа қатысы жоқ екені белгілі. Бұл салық тек аса қымбат жылжымайтын мүлік және автокөлік сатып алған кезде салынады.

"Біз халықаралық тәжірибені зерделеп қарадық. Әлем елдерінде әртүрлі тәжірибе қолданылады екен. Кейбірінде арнайы салық бар. Оған қымбат тұрғын үй, қымбат көліктер, белгілі бір зергерлік бұйымдар, қымбат өнер туындылары жатады. Қайсыбір елдерде арнаулы салық жоқ, бірақ белгілі бір салықтардың мөлшерлемесін арттыру тетігі қолданылады. Мысалы, қымбат үйлер үшін мүлік салығының жоғары мөлшерлемесі қарастырылады. Қымбат көлік сатып алғанда қосымша салық қолданылады. Негізі біздің елдің қолданыстағы заңнамасында да осыған ұқсас тәсілдер бар. Мысалы, 2014 жылдан бастап қозғалтқышының көлемі үлкен көліктерге салық мөлшерлемесі жоғарылатылды. Сол секілді қымбат үйлердің бағасы шарықтаған сайын салық мөлшерлемесі де өседі. Аталған мәселе енді қайта қаралмақ. Белгілі бір шектерді бекіту, сол шектен асқан жағдайда салық мөлшерлемесін жоғарылату ұсынылмақ. Әлбетте, бұл қымбат көлік иелеріне, яхта ұстайтындарға, жеке ұшақтары бар азаматтарға қатысты болуы керек", – дейді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу