Бастапқы тұрғын үй нарығындағы бәсекелестік жағдайына қатысты кешенді талдау жыл соңына дейін аяқталады.
Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаров Астанада өткен XI Еуразиялық монополияға қарсы форум кулуарында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жаз айында БАҚ беттерінде агенттіктің бастапқы тұрғын үй нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйі бойынша кешенді анализ жүргізетіні туралы ақпарат тарады. Марат Омаровтан бұл бағытта қандай жұмыс жүргізіліп жатқанын сұрап білдік.
"Бұл анализ әлі жүргізіліп жатыр. Біз бастапқы тұрғын үйге қатысты бұған дейін "Отбасы банк" жүйесі туралы айттық. Бастапқы тұрғын үй бойынша нақты жоспарлы талдау әзірге жоқ. Біз ипотекалық несие нарығы бойынша жүргізілген талдауды аяқтадық. Сол талдау барысында "Отбасы банктің" монополиясы анықталды. Ал бастапқы тұрғын үй нарығы бойынша көлемді талдау болады, әлі аяқталған жоқ. Біз барлық нақты деректерді жинайтын боламыз. Көпшілігін баға қалыптастыру мәселесі, яғни неге баға өсіп жатыр деген сұрақтар мазалады. Біз осыған қатысты ұстанымымызды айттық. Құрылыс материалдары нарығының әсері үлкен, импортқа тәуелділік бар және т.б. Талдаудың аяқталғанын күтейік, біз оны міндетті түрде жариялаймыз", – деді агенттік төрағасы.
Кешенді анализ жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде.