Жаңа туған қазақстандықтарға ЖСН бірден беріледі

964

Осыған дейін бұл пилоттық жоба бойынша ғана мүмкін болған еді.  

Жаңа туған қазақстандықтарға ЖСН бірден беріледі Фото: almatydc.kz

Мәжіліс байланыс, цифрландыру және ақпараттандыру саласының инвестициялық ахуалын арттыру мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Заң жобасына сәйкес, бала туғаннан кейін алғашқы 20 минут ішінде жеке сәйкестендіру нөмірлерін беру ұсынылады.

Құжат телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға, қалалар мен ауылдық елді мекендерде байланыстың қолжетімділігін қамтамасыз ету және сапасын жақсарту үшін жағдайлар жасауға бағытталған. Сондай-ақ, цифрландыруды дамытуға және спутниктік технологияларды қолдану аясын кеңейту, инновациялық қызметті ынталандыру және инновациялық жобаларды қолдау жолымен инновацияларды дамытуда да көздейді.

"Заң жобасы 19 заңнамалық актіге, оның ішінде 6 кодекске және 13 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Атап айтқанда, байланыс операторларының байланыс инфрақұрылымына, сондай-ақ жиіліктерге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету; елді мекендердің бас жоспарлары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары шеңберінде байланыс желілерін орналастыру орындарын айқындау; Қазақстанның автожолдарында телекоммуникация желілерінің жұмыс істеуі үшін инфрақұрылым құру.

Сонымен қатар цифрландыру кезінде шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп объектілерінде байланыс қызметтерін субсидиялау; мемлекеттік органдардың жер қойнауын пайдалану, орман ресурстары және экология сияқты салаларда мемлекеттік бақылау функцияларын жүзеге асыруы кезінде Жерді ғарыштан қашықтықтан зондтау деректерін қолдану бойынша нормаларды бекіту; жаңа туған баланың дербес деректерін жоғалту тәуекелдерін болдырмау мақсатында бала туғаннан кейін бірден жеке сәйкестендіру нөмірлерін беру.

В2В өзара іс-қимыл шеңберінде тараптардың келісуі бойынша шетелдік электрондық цифрлық қолтаңбаларды тану тәртібін айқындау және инновациялық жобаларды сынақтан өткізу үшін эксперименттік режим деп аталатын инновациялық қызметті қолдау құралын енгізу де бар", - деді депутат Нұртай Сабильянов.

Жұмыс тобына 102 түзету келіп түскен.

Айта кету керек, былтыр ІІМ жаңа туған нәрестеге ЖСН беру бойынша пилоттық жобаны іске қосқанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу