Жаңа тұрғын үй бағдарламасы бойынша нақты кімдер баспана ала алады?

Жоба аясында 70 мыңға жуық азамат қысқа мерзімде тұрғын үймен қамтамасыз етілуі тиіс  

Жаңа тұрғын үй бағдарламасы бойынша нақты кімдер баспана ала алады?

Мамыр айында елімізде жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылмақ. Ол қандай санаттағы азаматтарға беріледі? Қанша адам баспанамен қамтылады? Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Atameken business арнасына берген арнайы сұхбатында мәлім етті, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Айтуынша, елімізде әлеуметтік осал топтағы адамдар үшін жеке тұрғын үйді жалға алу үшін төлем тағайындау ережелері әзірленген. Бұл жоба мамыр айында іске қосылмақ.

"Негізгі тетіктер мақұлданса, министрлік өз бұйрығын ертең-ақ бекітуге дайын. Алайда баспанамен қамтылатын азаматтар санатын белгілеп, жобаны толық әзірлеп шығу үшін 2-3 ай уақыт керек", – деп бастады өз сөзін ведомство басшысы.

Қайырбек Өскенбаевтың сөзінше бағдарлама операторы Отбасы банк. Ұйымның ақпараттық базасының көмегімен тұрғын үйге кезекте тұрған адамдар тізімі сараланады.

Осылайша, жаңа бағдарламаның басты ерекшелігі – жалдау ақысының 50%-ы мемлекеттік субсидия есебінен жабылады, қалған 50%-ын жоба қатысушысы өз бетінше төлейді.

"70 мың азаматты қолдаумен қамту үшін 50 млрд теңге қажет. Бұл ретте ол кезектегілер санына қарай жыл сайын өзгеруі мүмкін", – деді министр.

Жуырда бағдарламаға қатысуға ниет білдірген қазақстандықтарға қойылатын талаптар әзірленбек. Бірінші кезекте көп балалы, жетім және мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған, аз қамтылған отбасыларды қолдау жоспарланған. Жоба тетіктері толық дайын болған соң, жалдау мөлшерлемесінің шекті құны анықталады.

"Бүгінде елімізде 590 мыңға жуық адам баспана кезегінде тұр. Олардың 210 мыңы әлеуметтік осал топтағы адамдар. Бұл көпбалалы отбасылар, бірінші және екінші топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүгедек балалары бар отбасылар. Олардың ішінде, еңбек министрлігі базасының деректеріне сәйкес, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен 70 мыңға жуық қазақстандық қысқа мерзімде тұрғын үймен қамтамасыз етілуі тиіс", – деп ашып айтты министр.

Қайырбек Өскенбаев бұрын баспана кезегінде тұрғандар арасында тізімнің алға жылжуына байланысты даулы мәселелер көп болғанын айтып қалды. Бұл мәселе қалай шешілмек?

"Бұрын көп балалы отбасыларға басымдық беріліп, мүгедектігі бар азаматтардың кезегі ақырын жылжыған. Енді азаматтарды санаттарға бөлмей, баспанаға мұқтаж ретінде есепте тұрған күннен бастап есептелетін ортақ тізім жасалады. Мәселен, барлық санаттар бойынша 2013 жылы кезекке тұғандар қамтылады, әрі қарай одан кейінгі жылдар қаралады деген сынды", – деп түсіндірді министр.

Қазірдің өзінде жаңа бағдарламаға өтініш берушіге қойылатын негізгі талаптар белгілі болды. Атап айтқанда, Қазақстан азаматтығы, отбасының соңғы алты айдағы жиынтық табысы әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы, тұрғын үйге мұқтаж ретінде әкімдік кезегіне тұрғанын растайтын құжат, тұрғын үйдің меншік иесі мен өтініш беруші арасында жасалған шарттың болуы сынды құжаттар бар.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу