Жаңа үйлерге көшкісі жоқ

9048

Павлодар қаласындағы ескі екі қабатты үйлердің тұрғындары жаңа көпқабатты баспанаға қоныстануды қаламайды.

Жаңа үйлерге көшкісі жоқ

Алюминстрой шағын ауданы тұрғындарының Сарыарқа ауданындағы жаңа үйлердің сапасына көңілі толмайды. Сондықтан бастамашыл топ облыс әкімі Болат Бақауовқа хат жазып, мәселеге назар аударуын сұрады.  

"Бізге көшуіміз тиіс үйлердің құрылыс барысын қадағалауға мүмкіндік берген жоқ. Ал құрылыс аяқталған соң қарасақ, біріктірілген санитарлық тораптың аумағы небары 3 шаршы метр, ас бөлмесі қазіргі ас бөлмеміздің жартысындай ғана, пәтердің төбесі төмен. Тізе берсек, мердігер компания – "ДСК Монтаж" серіктестігінің олқылығы көп. Ал біз ұзақ уақыт бойы тұруға жарамды, сапалы пәтерлердің болғанын қалаймыз", – деп жазған еді тұрғындар.

Белгілі болғандай, 36 тұрғын жаңа үйге қоныс аударуға қарсы. Олардың қатарында Юлия Пашкевич бар.

"Бұған дейін Алюминстройдан Сарыарқаға көшкен тұрғындарға кең, жайлы пәтерлер берілді. Ал бізге ұсынып отырған №12 үй – шағын габаритті. Біз ескі аудан тұрғындарының барлығына бірдей жағдай жасалғанын қалаймыз", – дейді Юлия Пашкевич.

Жоғарыда аталған №12 үй өткен жылдың соңында қолданысқа берілген еді. Мұндағы 144 пәтердің 108-іне ескі ауданның тұрғындары қоныс аударуға келісті. Бүгінде 95 отбасы жаңа пәтерлеріне жайғасса, қалған 13-і жөндеу жасаған соң орналаспақ. Ал 36 пәтер әлі күнге дейін иесіз бос тұр.

Жалпы, 2013 жылы құрылысы басталған Сарыарқа шағын ауданында жоспарланған 45 үйдің 21-і пайдалануға берілді. Ол үшін 80 ескі үй сүрілді. Осы және келесі жылы тағы 79 ескі үйдің орнын босату керек. Алайда, кей тұрғындар қамыстан салынған үйлердің төбесі түскенше орнымыздан қозғалмаймыз деп табандап отыр.

Бұл мәселенің нүктесін облыс әкімі Болат Бақауов қойды.

"Тұрғындардың барлығы бірдей келіспейінше Сарыарқа ауданындағы құрылыс тоқтайды. Біз Достық ауданын тұрғызуды бастаймыз. Алюминстрой ауданы тұрғындарының тарапынан сұрақтар таусылған кезде ғана қайта ораламыз", – деді Болат Бақауов.

Демек, ескі ауданның тұрғындары біражақты шешім шығарып, ортақ келісімге келмесе, барлығы бірдей құлауға шақ тұрған баспананы паналауға мәжбүр болады.

Ақтоты Қабдықайыр, Павлодар облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу