Жаңа велотрек командасы құрылды

1787

Нұр-Сұлтанда қала әкімдігі мен Қазақстан велоспорт федерациясының қолдауымен құрылған Nur Sultan Cycling Team велокомандасының тұсаукесері өтті.

Жаңа велотрек командасы құрылды

Nur Sultan Cycling Team - UCI-да тіркелген трек  велокомандасы. Оның құрамына тас жолда да, тректе де өнер көрсететін жас әрі болашағынан зор үміт күттіретін талантты шабандоздар алынды.

"Біз алда өтетін Олимпиада ойындарына жеті лицензия жеңіп алғанымызды мақтан тұтамыз және оның үшеуі трекершілерге тиесілі. Нұр-Сұлтанда велотрек бар екенін ескерсек, трек командасының қайта жандануы федерация үшін өте маңызды мәселе болды. Команда ыдырағаннан кейін жүлдегерлер мен халықаралық жарыстардың жеңімпаздары атанған жүйріктер жұмыссыз қалуға мәжбүр болды. Сонымен, әлемдегі ең жақсы велотректердің бірі елімізде бар бола тұра бізде трек командасы болмады. Бірақ, соған қарамастан, біздің жігіттер екі маусымда өте сәтті өнер көрсетіп, лицензия жеңіп алу үшін қажетті рейтингтік ұпайларды жинады.

Ұжымды жандандыру мәселесінде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің бізді қолдағаны қуантады. Бұл шын мәнінде маңызды оқиға", - деді Қазақстан велоспорт федерациясының бас хатшысы Әсем Конақбаева.

Велоспорттан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Владимир Бушанский команданың бас менеджері болып тағайындалды.

"Біздің жоспарларымыздың бірі Нұр-Сұлтанда өтетін Азия чемпионатына қатысу. Дайындық ойдағыдай өтеді және алдағы халықаралық жарыстардың нәтижелері жоғары болады деп үміттенеміз. Жақын арада шабандоздар мен бапкерлер құрамына артылған сенімді ақтауға тырысамыз", - деді Бушанский.

Жобаны Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мен Қазақстан велоспорт федерациясының президенті Нұрлан Смағұловтың қоры қаржыландырады. Осы қордың бастамасы аясында балалар спортына қолдау көрсетіледі. Тұсаукесер кезінде жеті велосипед № 6  ОМБЖМ мектебіне сыйға тартылды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу