Жаңа жыл қарсаңында банкет бизнесін безгек ұстауда

4246

Бас санитардың мейрамхана қожайындарының сойылын соққаны ұят. 

Жаңа жыл қарсаңында банкет бизнесін безгек ұстауда

Қараша айы аяқталуға таяған тұста Қазақстанда жылда үлкен бір науқан басталады: әр ұжымда бухгалтерия, HR-кадр бөлімі немесе қабылдау бөлмесіндегі қыз сұрау салып, жаңажылдық корпоративке кімдердің қатысатынын анықтайды, мейрамхана-банкет залдарын алдын ала жалдауға кіріседі. Осылайша, ойын-сауық мекемелеріне ақша тасқыны ағындайтын. Биыл бәрі басқаша: ұжымдар тым-тырыс. Жұртшылық жаңа жылды өз үйінде, отбасында, әрі кетсе қонақта қарсы алатынын түсінді.

Бұл дағдарыс осы саладағы бизнесмендердің дегбірін қашырды. Олар жүйкесі жұқарып, жан күйзелісіне ұшыраудың аз-ақ алдында жүр.

Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде барлық қалада мейрамханалар тойды белсенді өткізуде. Оларға бұл қолайлы: егер мониторинг тобы ұстап алса, айыппұл төлей салады. Оның үстіне, рестораторлардың айтуынша, айыппұлдың жартысын төлеп құтылуға болады екен. Заң бойынша егер айыпты өз кінәсін мойындаса, келтірілген дәйектемелерге қарсы шағымданбаса, әкімшілік жаза тіркелгеннен бастап 7 күн ішінде төлесе, онда айыппұлдың 50%-ын ғана енгізуіне рұқсат.

Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің атақты 425-бабына сәйкес, дәмханалар мен мейрамханаларға, шағын кәсіпкерлік нысандарына – 230 АЕК немесе 638 мың 940 теңге айыппұл салынады. Тиісінше, той өткізу үстінде ұсталған ойын-сауық мекемесінің басшысы 320 мың теңгеге ғана шығындалады. Ал мысалы, Нұр-Сұлтанда мейрамханалар 1 ғана банкет не той-думан өткізгеннен 600 мың теңгеден бастап, 3–7 млн теңгеге дейін табыс табады. "Жаңа жыл" мейрамында бір залда тіпті бірнеше корпоратив қатар өте беретіні мәлім.

Сондай-ақ мониторинг топтарына бір тексеріп кеткен мейрамханаға кем дегенде бір апта ішінде қайта оралуға шектеу қойылыпты.

Атап өтер жайт, дәмхана-мейрамханадан ерекшелігі сол, тойханалар мен банкет залдарына есіктерін ашуға мүлдем тыйым салынған. Олар 8 айдан бері жабық тұр. Бұл сегменттің қазіргі жағдайы туралы ақтөбелік белгілі бизнесмен, тойхана директоры Алмас Қалиев әңгімелеп берді.

Ол банкет залдары елде 16 наурызда жұмыстарын тоқтатқанын айтты.  

"Елде ТЖ аяқталған соң, көптеген кәсіпорын кезең-кезеңмен жұмысын жандандырды. Алайда банкет өткізетін мейрамханалар мен тойханаларға сол бойы ашылуға рұқсат берілмеді. Ұқсас мейрамханалар секілді біздің мекеме де 8 айдан бері қаңтарылып босқа тұр. Бизнесті сақтап қалу үшін тамақты үйге жеткізу қызметін іске қосып көрдік. Бірақ одан нәтиже шықпады. Түскен кіріс коммуналдық қызметтер төлемін толық төлеуге де жетпеді. Салада тамақ жеткізуге бұрыннан маманданған алыптар әрекет етуде. Оларды ығыстыру қиын", – дейді кәсіпкер.

Тамақтандыру саласында орын таба алмаған соң тойханалар әр өңірде амалсыздан мектепке, сауда үйіне, ет дүкеніне, қоймаға айналуда. Жалпы, тойхана және банкеттік мейрамхана иелері  A la Carte форматындағы, яғни мәзірмен жұмыс істейтін мейрамханалардың жағдайына қызыға, әрі қызғана қарайды.  

A la Carte карт форматындағы қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарының жұмыс режимі түнгі 24:00-ге дейін ұзартылған соң, бізге тамақ жеткізуге тапсырыс беру мүлдем тыйылды. Біз үш ай бойы өз қызметкерлерімізге жалақыны бұрын тойға тапсырыс бергендердің аванстық төлемдерінен төлеп келдік. Өйткені тойларын жыл басында өткізгісі келгендер "кейін ашатын шығар" деп үміттеніп, той уақытын жыл ортасына қарай жылжытқан. Әйткенмен қайта ашылған мекемелер қатарына біздің кірмей қалғанымызды біліп, аванстарын жаппай кері қайтарып ала бастады", – дейді А.Қалиев.  

Оның айтуынша, нағыз "тозақ" осы кезде басталған. Күнібұрын "броньдаған" тойшылардың төлемін тойханашылар "жеп" қойды. Жаңа тапсырыстар жоқ, жұмыстарына да әлі кіріспеген. Салдарынан, тіпті ескі тапсырыс иелерінің авансын қайтаруға да шамасы жоқ. Банкет ұйымдастыруға тартылатын барлық ұжым айлықсыз отыр. Коммуналдық қызметтер алдында қарыз күн сайын өсуде.

"Бұл тұйықтан шығар жол қайсы? Әрине, заң бұзу, жасырын той өткізу. Бірақ адал кәсіпкер ретінде біз оған бара алмадық. Кезінде ең табысты, рентабельді болған бизнес сегіз айлық қаңтарылудан қаусап қалды. Енді жылыту маусымы да келіп жетті. Үлкен мейрамхананы ұстап тұру – көбіміз үшін көтере алмас ауыртпалыққа айнала бастады. Резервтік қаражатымыздың бәрін жұмсап қойдық", – дейді кәсіпкер.

Ол "ала қойды бөле қырқып", мейрамханаларға ашылуға мүмкіндік берген бас санитардың шешімінің астарын түсінбейді. Жалпы,  A la Carte форматында жұмыс істейтін мейрамханалардың банкеттік мейрамханалардан айырмашылығы қандай?

"Егер салыстырсақ, санитарлық дәрігерлердің шектеуі мен талаптарын сақтау жөнінен біз әлдеқайда басымдыққа иеміз. Қалайша? Мұны мен 20 жылдан астам уақыттан бері қоғамдық тамақтандыру саласында жұмыс істеген маман ретінде айтып отырмын. "А-ля карт" мейрамханаларында қонақтардың негізгі ағыны кешкі асқа ағылады. 18:00-ден бастап толады. 20:00-де бос орын қалмайды. Бас санитардың қаулысына сәйкес, 50 адамға дейін отырады. Қонақтардың 80%-ы түн ортасына дейін қалады. Өзге 20%-ы мезгіл-мезгіл бірін-бірі ауыстырады. Енді мұның тойдан не айырмашылығы қалды? Тойлар да жұмыстан кейін, кешкі 18:00-де басталып, түнгі 24:00-де бітеді ғой. Демек, екеуінде де қонақтардың залда болу уақыты бірдей", – деді Алмас Қалиев.

Ол тағы бір ерекшелікке назар аудартты: мейрамхана дегеніміз, әдетте жалпы ауданы 100–400 шаршы метр болатын, төбесінің биіктігі негізінен 2,5–3 метрден аспайтын стандартты ғимараттар. Оларда негізгі орынды асүй, тамақ дайындау және ұсыну аймағы, дәретханалар, техникалық үйжайлар алады. Қонақтар отыратын аумаққа әрі кетсе, 200 шаршы метр қалады. Ал кейбір тойханалардың төбесінің биіктігі 8 метрге дейін жетеді, негізінен еңселі. Ғимараттардың жалпы алаңы 2500 шаршы метрге дейін алып жатады. Оның 500–900 шаршы метріне дейінгісі – негізгі залға, 65–85 шаршы метрі – шәй залына бөлінеді.

Қалай болғанда, мейрамханалар бәрібір клиенттеріне 1,5 метрлік әлеуметтік алшақтық сақталатын қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмайды.

Еуропаның кейбір елдерінің мейрамханалар мен пабтарды жауып жатқаны да сондықтан. Ендеше бас мемлекеттік санитардың көзбояушылық жасап, кәсіпкерлерді кемсітіп, мейрамханалары бар шенеуніктер мен олигархтардың шашбауын көтеруді қойғаны жөн.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу