Жаңа жыл мерекесінде халыққа не ұнамағаны белгілі болды

1116

Бұған дейін қоғам өкілдері Жаңа жылда "іш пыстырған" телеарналарды сынаған болатын.

Жаңа жыл мерекесінде халыққа не ұнамағаны белгілі болды Фото: canva.com

Жылды қорытындылайтын басты зайырлы мейрамда мерекелік дастархан басына жиналып, теледидарға телмірген жұрт жүректерге жол табатын ән, сезім қылын шертетін қойылым, қиял әлеміне жетелейтін шоу күтеді.  

Өйткені көпшіліктің сенуінше, бұл түнді қызық әрі көңілді өткізсе, жаңа жыл таусылмайтын рахат, еселене түсетін шаттық, қуаныш сыйлайды. Отандық телеарналар осы талапқа сай келуге тырысып бақты.

Олар жаңажылдық той-думандарына 2024 жыл бойы есімі ел аузынан түспеген танымал "шоу-биз" өкілдерін, әнші-актерлерді, блогерлерді және басқа да "жұлдыздарды" шақырып, жоғары ақысын төлеп, құрмет-қошемет көрсетіп, төрі мен сахнасына шығарды. Мерекелік декорацияны безендіруден де бюджет миллиардтарын аяп қалмады.

Алайда жаңажылдық мереке күндеріндегі телебағдарламалар қазақстандықтардың көңілін көншітпепті. Тіпті олардың назарын он секундтан артық өзіне аудара алмаған. Көрерменнің көз айырмай, "жабысып" қалғаны – негізінен шетелдік өнімдер болып шықты.

Inbusiness.kz анықтағандай, "K Research Central Asia" сарапшылары осындай көңілсіз қорытындыға келді.

"K Research Central Asia" (бұрынғы атауы TNS Central Asia) – қазақстандық нарықты 25 жылдан астам уақыттан бері зерттеп келе жатқан жетекші компания. 1997 жылы құрылған ол БАҚ аудиториясын зерттейтін шағын агенттіктен KANTAR халықаралық желісінің өңірдегі ресми серіктесіне айналған ірі құрылымға дейін өсті. Ол шетелдік технологияларды қолдана отырып, телеарна, интернет, радио және баспасөз сияқты елдегі бүкіл медианың аудиториясын өлшейді.  

Сонымен, K Research Central Asia дерегінше, Қазақстанда жасы 6-дан асқан балалар мен ересектер арасында 2024 жылғы 30 желтоқсаннан 2025 жылғы 5 қаңтарда, яғни, мерекелік күндері келесі телебағдарламалар ғана ең көп көрермен жинай алды.

Жаңажылдық мереке күндері ең танымал телебағдарламалар:

1. "Новогодняя ночь на Первом 30 лет спустя. Самое лучшее навсегда". Телеарна: 1-ші арна Еуразия. Қойылған күні: 31.12.2024. Сағат 22:17-де басталып, сағат 23:52-де аяқталған. Рейтингі: 4,02%.

2. "Один дома 2.Потерявшийся в Нью-Йорке" көркемфильмі. Телеарна: 31-ші арна. 01.01.2025. 16:23-те басталып, 18:25-те аяқталды. 3,68%.

3. "Конг: Остров черепа" көркемфильмі. Телеарна: НТК. 03.01.2025. 22:13-те басталып, 22:56-да аяқталды. 3,60%.

4. "Қол созған үміт" телесериалы. Телеарна: Qazaqstan. 02.01.2025. 19:46-да басталып, 19:58-де аяқталды. 3,22%.

5. "Мистер и миссис Смит" көркемфильмі. Телеарна: НТК. 05.01.2025. 21:13-те басталып, 21:36-да аяқталды. 3,22%.

6. "Голосящий КИВИН-24". Телеарна: 1-ші арна Еуразия. 03.01.2025. 20:02-де басталып, 20:21-де аяқталды. 3%.

7. "Битва титанов" көркемфильмі. Телеарна: НТК. 30.12.2024. 19:54-те басталып, 20:05-те аяқталды. 2,95%.

8. "Ән мен әнші". Телеарна: Astana TV. 01.01.2025. 18:38-де басталып, 21:00-де аяқталды. 2,90%.

9. "Один дома 4" көркемфильмі. Телеарна: 31-ші арна. 03.01.2025. 16:56-да басталып, 18:32-де аяқталды. 2,86%.

10. "Ледяной драйв" көркемфильмі. Телеарна: НТК. 03.01.2025. 18:52-де басталып, 19:10-да аяқталды. Рейтингі 2,77%.

Байқап тұрсыз, отандық телеарналардың жаңажылдық шоуларының бірде-бірі ел көп қараған танымал контенттің ондығына кіре алмады.

Осы тізімнен байқалғандай, жылдың басты зайырлы мейрамында Қазақстан халқының жаңажылдық шоу-думандарды қараудан бойын аулақ салғаны аңғарылады.

"Меніңше, Жаңа жыл түнінде және таңында шоу-концерттер қою халыққа қызықсыз болып барады. Жылда көрсететіні "белгілі бекбикелер", құрамы өзгермейді. Бір арнадан екіншісіне көшіп жүреді. Сұрастырдым, менің айналамдағы адамдар жаңажылдық мерекелік телебағдарламаларды тамашаламайды. Биыл отбасымызбен және көрші-қолаңмен Есіл жағалауына барып, Жаңа жылды Астана әкімдігі ұйымдастырған мерекелік отшашумен қарсы алдық. Біраз танысымыз, жора-жолдастарымыз шетелге, бір бөлігі Бурабайға аттанды. Жаңажылдық телеконцерттерді ұйымдастыруға ел қаржысын шашуды қою керек", – деді елордалық кәсіпкер Балажан Рақымова.

Оның пікірінше, кеңестік үлгіден іргені аулақ салып, дамыған елдердің тәжірибесін алған жөн. Оларда "Рождество" қарсаңында және түнінде телеарналар негізінен отбасылық түрлі телебағдарламаларға екпін түсіреді. Отбасы мүшелері бірге бас қосып, ұялмай, қысылмай көре алатын көркем және деректі фильмдерді трансляциялайды.

K Research Central Asia зерттеуі де жаңажылдық мерекелерде қазақстандықтардың қызықты телехикаялар мен көркемфильмдерді тамашалауға көбірек құмар екенін паш етті.

Дегенмен, әзірге Үкімет телеарналарға миллиардтарды төгуін жалғастыруда. "Ашық бюджеттер" мемпорталының дерегінше, басқасын айтпағанда, бір ғана "3-Мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу" бюджеттік бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 2023 жылы – 62 млрд 900,2 мың, 2024 жылы – 62 млрд 890,8 млн теңге бөлініпті.

Бұл шығын одан әрі күрт артқан: 2025 жылы – 95 млрд 528,8 млн, 2026 жылы – 91 млрд 298,2 млн, 2027 жылы – 90 миллиард 728,5 миллион теңге шығындау қарастырылуда.

Бұл астатөк қаржы тек жаңажылдық той-думанға ғана жұмсалмайды.

"Бюджеттік бағдарламаның мақсаты біріншіден, халықтың мемлекеттік саясаттың БАҚ-та жария етілуіне қанағаттану деңгейін 2025 жылы кемінде 69,2%-ға, 2026 жылы кемінде 69,3%-ға, 2027 жылы кемінде 69,4%-ға жеткізу. Екіншіден, отандық ақпаратық өнімді тұтынушылардың сұраныс деңгейі 2025 жылы кемінде 70,2%, 2026 жылы кемінде 70,3%, 2027 жылы кемінде 70,4% болуға тиіс. Үшіншіден, "TNS Central Asia" деректерінің нәтижелері бойынша "Qazaqstan", "Balapan", "Хабар" және "Хабар 24" республикалық телеарналарын ТОП-15 рейтингіне кіргізу", – делінген аталған бюджеттік бағдарламаға түсініктемеде.

Айта кету керек, белгілі өнертанушы, әнші, ұлттық өнерді дәріптеуші Ерлан Төлеутай отандық телеарналардағы іш пыстырған жаңажылдық бағдарламаларды сынады.

"Жаңа жыл түнінде "бұрынғы әннен өзгерек" пе екен деп, ел телеарналарына темірдім. Өкінішке қарай "баяғы жартас сол жартас". Өзгерген түк жоқ, сол отыз жыл бойы ұлттық һәм жалпы музыкаға деген талғамымыздың тас-талқанын шығарған қызылды-жасылды үлде мен бүлдеге оранған өңшең банда бездарных фанерщиковтердің құтырған шоуы, қай арнаны ашып қалсаң да. Сол баяғы не сөзінің, не әнінің мән-мағынасы жоқ әнсымақтар. Ол әнсымақтарын ойсыз көздері "шоқтай жанып", екі иығын жұлып жеп айтып жатқан әншісымақтар. Жасанды жымиыстар, өтірік күлкі, жалған қол шапақтау. Әсіресе, әнші бикештердің жалғандық тұнған жүздеріне жасап алған жасанды қылықтарын айтыңыз. Бәрі шетінен жалған кірпік жалғап алған. Олары, бейнелеп айтқанда, көзін төңкерсе – жарты бетін жауып қалғандай, көтерсе – жарты маңдайы жоқ болып кеткендей болып, жапон желпуішінің қызметін атқарып тұр", – деді өнертанушы.

Ол теледумандарға шақырылған әнші-актрисалардың ежелгі дүрдараздай дүрдиген еріндері қазақ үшін тіпті ерсі екенін еске салды.

"Тап бір жаялықтай ғой, жаялықтай! Шынында осыншама ісіндіріп егіп алған етектей еріндермен не істегелі жүр бұл шіркіндер. Оператор (бәлкім пульттегі режиссер) бәле екен, камерасымен әлгі жұмыртқа тапқалы жатқан тауықтың көтеніндей көнтиген еріндерге төніп кеп қалады. Сол кезде әртіс емес пе: бейкүнә түр жасап алған бикештер әлгі көнтиген дүрдік еріндерін жедел ыңғайлай қалып, камераны "өбіп" қалуға тырысады. Сол кезде әлгі көтен еріндер мына жақта эфир көріп отырған мені аймалап жіберердей сүйреңдап жетіп келеді. Еріксіз кірпідей жиырыласың. Өйткені әлгі рабайсыз ісірілген ауыздар сондай жиіркенішті! Осыны ескертетін, жөнге салатын аға буын телевизионщиктерден бір адам қалмағаны ма, телеарналарда?! Редакторлар неге жұмыс істемейді?", – деді Ерлан Төлеутай.

Сарапшының пікірінше, телеарна режиссерлері эфир эстетикасын сақтауы шарт. Эфир мәдениетіне деген жауапкершілікті көтерген жөн.

Өнертанушы Жаңа жыл шоуында Мәдина Садуақасова айтқан "Сен ем" деген әніне тоқталды.

"Өз көзіме өзім сенбей қайта үңілдім. Иә, титрде "Сен ем" деп анық жазылып тұр. Дұрысы "Сенем" болуы керек еді ғой. Ендеше неге "Сен ем" болып еріндік "қызметті" айтып тұр? Кімге, несін емізбек сонда? Бәлкім, сүйгені жанына ем, дауа екенін айтқысы келген шығар дейін десең, онда әннің аты "Сен емімсің" болуы керек еді ғой. Қазақы ұғымға жат болса да, тұрпайы, дөкір болса да солай болуы керек еді. Жоқ, "Сен ем" дейді. Несін емеміз, қалай емеміз ойбай-ау! Бұлар көрерменді еметін сәби көре ме әлде? Осынысы енді қисынға келеді. Расында фанерщиктердің неше түрлі әнсымақтарын тыңдай-тыңдай ой-санасы әбден деградацияға ұшырап, рухани азғындыққа тап болған көрермен шынында да емшектегі сәби сықылды болып қалды. Бірақ сәби ана сүтін ғана емеді ғой. Сонда қалай, қазақ көрермені не ұсынса да еме беретін, сорпылдатып сора беретін сорлы жағдайға жеткені ме?! Шынында да солай болып тұр. Өйткені адам санасының басты қарауыл-күзетшілерінің бірі – талғам өлді. Оны өлтірген осы фанерщиктер. Оларды отыз жыл бойы осылай "бұлбұлдай" сайратып қойған, жыл сайын мемлекет бюджетінен 50 миллиард қаржы алатын, осылайша, біздің аузымыздан жырып берген салығымызға жұмыс істеп тұрған телеарналар. Ендеше, біз олардың жат құндылықтар мен азғындық уына толған "искуственный мәмәсін" неге еме беруіміз керек? Көрерменді бұлайша қорлау қашанға дейін жалғаса бермек?", – деп қорытты белгілі өнертанушы, зерттеуші Ерлан Төлеутай.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу