Жаңа жылда қазақстандықтарға тағы бір "тосынсый" әзір тұр

1025

Салықшылар енді әрбір сатып алуыңызды мұқият тексеретін болады.

Жаңа жылда қазақстандықтарға тағы бір "тосынсый" әзір тұр Фото: canva

Қаржы министрлігі бұдан былай қазақстандықтардың сатып алулары мен туристік саяхаттарын есепке алатын болады. Сондықтан "Учёт.kz" компаниялар тобының негізін қалаушы әрі басшысы Максим Барышев салықшылардың қырына ілікпеу үшін салық төлеушілерге, яғни, барлық қазақстандықтарға тек өзінің табыстарын ғана емес, сондай-ақ шығыстарын да қадағалап отыруға кеңес берді.

Келесі жылдан бастап, әрбір адам әрбір қомақты қаржы шығынын қалың "қойын дәптеріне" жазып отырғаны, сонымен қатар чектерін, түбіртектерін жеке сақтап қойғаны маңызды.

Мәліметіңіз күдік тудырса, "балама тетік" іске қосылады

Forbes хабарлауынша, Қаржы министрлігі қазақстандықтардың декларацияда ескерілмеген, мемлекетке жарияламаған табыстары мен активтерін жанама тәсілдермен өз бетінше әшкерелейтін болады.

"Қыркүйек айының ортасында Қаржы министрлігінің "Салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді жанама әдіспен айқындау қағидаларын бекіту туралы" бұйрық жобасын әзірлегені белгілі болды. Салық ведомствосының нақтылауынша, жаңа қағидалар салық жүйесінің айқындылығы мен әділеттілігін арттыру үшін жасалған", – деп жазды "Форбс".

Құжатқа сәйкес, әрбір салық төлеушінің – әрбір қазақстандықтың жыл бойғы шығындары мен шығыстарын, табыстары мен айналымдарын, міндеттемелері мен қарыздарын, активтері мен мүлкін нақты, дәл анықтау үшін салық органдары "ақпараттық баламалы көздерін" пайдаланатын болады.

Алайда мәтінде жанама "баламалы көздерге" не жататынын және қандай ақпарат түрлерін пайдаланатынын министрлік ашып айтпады. Бір белгілісі, салық салу объектілерін айқындаудың жанама әдісі мен тетігі келесі жағдайларда іске қосылады:

салық төлеуші есеп жүргізу тәртібін бұзған жағдайларда,

есеп құжаттамасы жоғалған,

жойылған кезде мемлекеттік кірістер органдары тарапынан қолданылатын болады.

"Бұл әдіс жеке тұлғалардың кірісін неғұрлым объективті айқындауға мүмкіндік береді. Жанама (баламалы) әдістің мәні – бастапқы құжаттар болмаған немесе бұрмаланған жағдайда салық органдары баламалы ақпарат көздерін пайдаланады. Салық салу базасын есептеу үшін салық төлеушінің активтері мен мүлкі, міндеттемелері, айналымдары, кірістері, шығындары мен жұмсаулары жөніндегі деректер қолданылуы мүмкін. Мұндай әдіс ауытқушылықты анықтап, субъектінің нақты қаржылық жағдайы туралы шынайырақ көрініс алуға мүмкіндік береді", – деп мәлімдеді Қаржы министрлігі.

"Блогерлерді соққылап жаттықты"

2025 жылғы ақпанда Қаржы министрлігінің салық жинауға жауапты құрылымы – Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) "блогерлердің қалай салық төлеп жатқанын" мұқият тексергенін мәлімдеген болатын. Сонда салықшылар қазақстандық блогерлердің табысы олардың декларацияларда көрсеткен табысынан 53 миллиард теңгеге көп болып шыққанын мәлімдеді.

Бұл жаңалық бұқара халық арасында кең қолдау тауып, тіпті шаттық туғызды. Ал, блогерлер "шок" болды. Оның бір бөлігі ауруханаға түсті. Бір бөлігі мемкірістер органын сотқа берді, блогер Әлішер Елікбаев әлеужеліде салық төлемеуге қатысты іс бойынша МКК-ге қарсы сотта жеңіп шыққанын жариялады. Алайда мемкірістер комитеті бұл ақпаратты жоққа шығарды және соттың салық органдарының әрекетін заңсыз деп танымағанына назар аудартты.

"Әртүрлі ақпарат көзінен алынған деректерді декларацияларда ұсынылған мәліметтермен өзара салғастыру нәтижесінде 593 тұлғаға қатысты 53,3 миллиард теңге сәйкессіздік анықталды. Осыған орай 13-14 ақпанда "табыстарды төмендетіп көрсету" бойынша бұзушылықтарға сәйкес камералды бақылау хабарламасы бағытталды", – деп мәлімдеді сонда МКК.

Комитеттен хабарлама алғандардың қатарында болған коммуникациялар жөніндегі маман Әлішер Елікбаевтың пікірінше, "МКК жай ғана барлық есепшоттағы ақша айналымын алған да, хатта сол жалпы соманы көрсете салған, яғни, есептеу әдістемесіне қатысты өте көп сұрақ туындауда".

"Учёт.kz" негізін қалаушы Максим Барышев Forbes Kazakhstan-ға сұхбатында мемлекет "жаңа моделді блогерлерге сынақтан өткізді" деп санайтынын жеткізді. Алда ол барлық қазақстандыққа қатысты қолданылады.

Салық қызметі, сарапшының тұжырымдауынша, әрбір азаматтың тек табысын ғана емес, сондай-ақ шығысын да бақылауға алады, мұқият есептейді және әрбір қазақстандықтың тапқан табысы мен шығарған шығысы өзара сәйкес келуін қадағалайды. Егер шығысы кірісінен көп болып шықса, қалған ақшаны қайдан алғанын сұрастыру үшін ол адамды МКК-ге шақыруы мүмкін.

Тіпті таксимен жүру саны есептелуі мүмкін

Тісіңізді емдетсеңіз, жеке клиника дәрігерінің қызметін тұтынсаңыз, шетелге саяхаттасаңыз, интернеттен не дүкеннен қымбат тұрмыстық техника, девайс, гаджет, алтын-гауһар әшекей және басқасын сатып алсаңыз, дәмхана-мейрамханада картаңызбен есептессеңіз, бұл туралы құзырлы құрылымдар біле қояды. Мұның бәрі олардың күдігін тудырады.

Бұл алапат ауқымдағы "үлкен деректерді" салық қызметкері қолмен өңдеп отырмайды. Бұл үшін жасанды интеллект және суперкомпьютерлер тоқтаусыз "тер төгеді".

Қыркүйек айының соңына қарай Жоғары аудиторлық палата мемлекет тарапынан бақыланбайтын "көлеңкелі" экономиканы бақылау әдістемесі жаңартылғанын жария етті.

"Бақыланбайтын экономиканы бағалау әдістемесі жаңартылды. Бұрын ол білім беру, денсаулық сақтау, көңіл көтеру және демалыс салаларын толыққанды қамтымайтын. Енді есептеу алгоритмдері осы барлық бағыттар бойынша өзектілендірілді және толықтырылды", – деп мәлім етті Жоғары аудиторлық палата.

Тіксінтетіні сол, ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин де журналистердің сұрағына жауап бергенде, қазақстандықтардың демалысына екпін түсірді.

"Енді біз қанша қазақстандықтың неше рет шетелде немесе ел ішінде демалатынын қараймыз. Бізде бұрындары 6 миллион адам ішкі турист саналатын, ал, 2024 жылы ел ішінде тыныққан қазақстандықтар саны 10,5 миллионға жетті. Бұл ресми статистика. Кедей адамдар ешқайда демалуға бармайды және тіпті ішкі туризммен де айналыспайды", – деді экономика вице-министрі.

Сол себепті, Максим Барышев елде не шетелде тынығатын, басқа да қымбат заттар мен қызметтерді тұтынатын қазақстандықтарға жалпы шығыстарының жалпы кірістерінен асып кетпеуін бақылауда ұстауға кеңес берді. Әйтпесе, енді салық органдары алдында қосымша есеп беруге, тіпті қосымша салық, айыппұл төлеуге тура келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу