Жаңа жылда мемлекеттен ең көп сыйлық алатын кәсіп иелері анықталды

206

Олардың әрқайсысына бюджеттен 34,6 миллион теңгеден таратылады.

Жаңа жылда мемлекеттен ең көп сыйлық алатын кәсіп иелері анықталды Фото: canva

Қарапайым мысал: ауылда тұратын он көршінің әрқайсысы сиыр ұстаса, олардың әрқайсысы қиындыққа жолығады. Біріншіден, олар сиырын жаятын жайылым таппауы мүмкін. Екіншіден, әрқайсысы ауылдағы азғантай тұтынушы үшін өзара қатал бәсекелестікке түседі.

Үшіншіден, бұл мал өсіруші отбасылардың ешқайсысына мемлекеттен ешқандай көмек жоқ. Керісінше, қазіргі кезде әкімдіктер жайылым тапшылығына байланысты әрбір үйдің өз қорасында ұстай алатын мал санын шектейді. Олардың қиын сыртқа шығарғаны үшін эмиссия алымын жинай бастады. Ветеринарлық қызметтер, вакцина егу, ем-дом және басқасы келесі жылы қымбаттайды.

Төртіншіден, жаңа Салық кодексіне байланысты келесі жылдан бастап, ауылда өз бетінше мал өсіретін тұрғындар өндірген өнімдерін сүт өңдеу зауытына, ет өңдеу комбинатына, жүн-тері өңдеу кәсіпорнына сата алмай қалғалы тұр.

Ал, егер сиыр не басқа төрт түлікті ұстайтын осы он көрші бірігіп, малды бірге өсіруге шешім қабылдаса, әдемі бір ортақ атау ойлап тапса, төбесінен шұға жаумағанымен, көптеген игілікке қол жеткізеді. Басқаға берілмеген жер де соларға алдымен ұсынылады. Қайтарымсыз грант, субсидиялар, су-тегін арзан кредит те солардың алдынан тартылады.

Өйткені "ауыл шаруашылығы кооперативтерін" құру қайтадан сәнге айналып, науқан басталды. Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкіметтің ауыл шаруашылығы кооперативтерін қолдау және дамыту жөнінде кешенді шараларды қабылдауға кіріскенін мәлімдеді.

Оның мәліметінше, бұл кешенге жеңілдетілген кредиттеу, жайылыммен, егістік жермен және басқа жер ресурстарымен басымдықты қамтамасыз ету, субсидиялау және мемлекеттік қолдаудың басқа да құралдары кіреді.

Жұманғарин биыл 2030 жылға дейінгі жаңа Өңірлік даму тұжырымдамасы қабылданып, іске асырылып жатқанын жеткізді. Құжатта аумақтардың орнықты және теңгерімді дамуын қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуға жәрдемдесу жөніндегі шаралар айқындалған.

Бұл ретте "Өндірістерді дамыту үшін мамандандырылған факторлар жасау" бағыты бойынша Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары аясында:

ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, өңдеу, сақтау және өткізу салаларын қамтитын ерікті ауыл шаруашылығы кооперациясын ынталандыру,

шекара маңы аудандарында тиімді ауыл шаруашылығы өндірісін және кооперацияны дамыту үшін жағдайлар жасау көзделген.

Ресми мәлімет бойынша бүгінде Қазақстанда 4,5 мыңға жуық ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылған. Олардың 1,7 мыңы – мал шаруашылығында, 400-ден астамы – өсімдік шаруашылығында және 2,3 мыңы – басқа бағыттарда жұмыс істейді.

Кооперативтердің құрамына 35,6 мың қатысушы кіреді. Жартысынан көбі немесе 18,6 мыңы жеке қосалқы шаруашылық.

"Елде кооперацияны ынталандыру үшін мемлекеттік қолдау шараларының кешені жүзеге асырылуда. "Ауыл аманаты" бағдарламасы аясында кооперативтерге жылдық 2,5%-бен 8 мың АЕК-ке дейінгі сомаға жеңілдікті кредит беру көзделген. Бұл 2026 жылы 34 миллион 600 мың теңгеге тең. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы кооперативтері жергілікті бюджеттер есебінен іске асырылатын шараларды қоса алғанда, басқа ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен тең дәрежеде мемлекеттік қолдаудың барлық түрлеріне қол жеткізе алады", – деді вице-премьер Жұманғарин.

Игіліктер мұнымен бітпейді. Кооперацияны дамытуға жәрдемдесу үшін инвестициялық субсидиялау қағидаларында жергілікті бюджеттер есебінен ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдығының жекелеген түрлерінің құнын өтеудің басымдығы, жоғары нормативтері көзделген.

Ал, жаңа жылдан бастап, кооперативке біріккен ауылдықтарға салынатын салықтардың бәрі күрт азайтылады.

"Салық кодексінде ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін төлем көзінен ұсталатындарды қоспағанда, барлық салықтар бойынша 70% жеңілдікті көздейтін арнайы салық режимі белгіленген. Сонымен қатар, жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша заңнамаға енгізілген өзгерістер бойынша ауыл шаруашылығы өндірісіне уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын бөлу кезінде ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін қосымша конкурстық балдар енгізілді", – деді Үкімет басшысының орынбасары.

Айта кету керек, кооперативтердің көпшілігі – пысық әрі ұйымшыл ауылдықтар елдің оңтүстік аймақтарында орналасқан екен. Сондай-ақ, бұған оңтүстікте ауыл тұрғындарының тығыздығының жоғары болуы және шағын фермерлер санының көп болуы да ықпал етті.

Елдің бас экономисті олардың ішінен "кооперацияланудың тиімділігін және мемлекеттік қолдаудың нәтижелілігін көрсеткен" табысты жұмыс істейтін кооперативтерді атады.

"Мысал ретінде Жамбыл облысындағы 85 қатысушыны біріктіретін және майлы және дәнді дақылдарды өндіруге мамандандырылған "Жуалы-2020" кооперативін келтіре аламын. Сондай-ақ, 135 қатысушының басын қосқан, дәнді және жемшөп дақылдарын өндіру саласында жұмыс істейтін "Даму-Сурат" АӨК атап өтуге болады. Бұл кооперативтер жоғары өнімділігімен және заманауи технологияларға бағдарлануымен ерекшеленеді. Шымкентте мал шаруашылығы мен сүт өңдеуге маманданған "Sayram Sut" кооперативі белсенді дамып келеді. Кооператив жыл сайын өндірістік қуаттылықты арттырып, жоғары сапалы табиғи сүт өнімдерін шығарады және халықты тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді", – деді Серік Жұманғарин.

Осындай табысты жобаларды насихаттап, таратып, масштабтау және фермерлердің хабардарлығын арттыру үшін ауыл шаруашылығы өндірушілерінің білім деңгейін арттыруға, заманауи агротехнологиялар және кооперацияны қоса алғанда, саланы дамытудың негізгі бағыттары туралы құлағдар етуге бағытталған "АӨК субъектілерін ақпараттық қамтамасыз ету" бағдарламасы қолға алынды.

Оқыту көкөніс шаруашылығы, бақша шаруашылығы, ІҚМ өсіру, құс шаруашылығы, жылқы шаруашылығы, ара шаруашылығы, аквашаруашылық, өнімді өңдеу, сондай-ақ кооперативтерді басқару сияқты 12 бағыт бойынша семинарлар, вебинарлар және практикалық консультациялар форматында жүргізіледі.

Дегенмен, сарапшылар кооперативтердің көбісі көзбояушылық екеніне, тек мемлекет бөлетін миллиардтаған субсидияларды, арзан кредиттерді, мемлекеттік қолдау шараларын игеру үшін қағаз жүзінде құрылатынына сенімді.

Бұлай деуге не себеп? Біріншіден, мұндай алаяқтық тәсілдерін мемлекеттік аудиторлар тексеру кезінде талай анықтады. Екіншіден, кооперативтер қаптап құрылғанымен олардың өндіретін өнімі мардымсыз.

"Мемлекеттік қолдау шараларына қарамастан, ауылдағы кооперация тиісті қарқынмен дамымай тұр. Қазіргі кезде барлық ауыл шаруашылығы өнімдерінің 40%-дан астамын фермерлер, жеке қосалқы шаруашылықтар өндіреді. Көп жағдайда олар кооперативтік бірлестіктерден тыс, оларға қосылмай жұмыс істейді. Сондай-ақ, ауыл халқы кооперативтерге қатысудың артықшылықтары туралы білмейді және басқарудың ұжымдық түрлеріне сенімсіздік танытуда. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, елде 4,5 мыңнан астам кооператив тіркелген. 2024 жылы олар небары 83 миллиард теңгенің өнімін өндірді", – деді мәжілісмен Нұржан Әшімбетов.

Кей салада кооперативтер жабыла жүріп, әрі кетсе, ауыл шаруашылығындағы жалпы өндірістің шамамен 10%-ын ғана береді екен. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш кем дегенде 50%-ды құрайды. Ендеше Үкімет қанша күш салғанымен, ұланғайыр ақша құйғанымен, кооперация тиімділігін дәлелдей алар емес.

"Президенттің 2023 жылғы жолдауына сәйкес, "Ауыл – ел бесігі" және "Ауыл аманаты" жобалары ауылды дамытудың жаңа тұжырымдамасы үшін негізге айналды. Осы мақсаттарға шамамен 1 триллион теңге бөлінетінін жариялады. Алайда бүгінде біз қаржыландырудың жеткіліксіздігін көріп отырмыз. "Ауыл аманаты" бағдарламасы бойынша әу баста жыл сайын 100 млрд теңге жоспарланса, 2024 жылы 13 млрд теңге, ал, 2025 жылы бар болғаны 10 млрд теңге ғана бөлінді", – дейді мәжілісмен Әшімбетов.

Депутаттар Үкімет басшылығының басқа да көркем есептерін жоққа шығарды. Мысалы, 2024 жылы Парламент Жер кодексіне түзету енгізіп, жер конкурстарына қатысуы кезінде кооперативтерге қосымша балл беруді бекітті.

Алайда Нұржан Әшімбетовтің мәліметінше, АШМ-нің Жер ресурстарын басқару комитеті өз бұйрығымен ауыл тұрғындарына – 10, ал, кооперативтерге – 5-ақ қосымша балл беруді белгіледі. Қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінің депутаттары "Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы" заңға түзетулер енгізуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу