Жаңа жылда мына мамандық иелерінің жалақысы көтеріледі

155

Кейбір мамандарға айлық жалақысының 150%-ына дейін қосымша ақы төленеді.

Жаңа жылда мына мамандық иелерінің жалақысы көтеріледі Фото: kaz.orda.kz

2027 жылдан бастап Қазақстанда ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мөлшері өседі. Сонымен қатар бюджет саласының бірқатар қызметкеріне қосымша ақы мен үстемеақы төленетін болды. Бұл өзгерістер миллиондаған қазақстандықтың отбасылық бюджетіне әсер еткелі тұр.

Бір қызметкерлердің жалақысы міндетті түрде өссе, енді біреулерге жұмыс жағдайы мен мамандығына қарай қосымша төлем беріледі. Әсіресе мұғалімдер, дәрігерлер, әлеуметтік сала мамандары және басқа да бюджет қызметкерлері үшін бірқатар жағымды жаңалық бар.

Сонымен, 2027 жылы кімдердің табысы артады? Қандай мамандық иелері табысқа кенеледі? Бұл туралы inbusiness.kz жазды.

Ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге дейін көтеріледі

2027 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанда ең төменгі жалақы қазіргі 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін өседі. Бұл өзгеріс 1,8 миллиондай адамның еңбекақысын жоғарылатады деп күтілуде. Оның ішінде бюджет саласында жұмыс істейтін 370 мыңнан аса қызметкер бар.

Жалақының көтерілуі халықтың табысына қалай ықпал ететінін Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин түсіндірді. Журналистер одан бюджет қызметкерлерінің айлығы қаншаға өсетінін, сондай-ақ жекеменшік сектордағы жұмыс берушілерді жалақы көтеруге мемлекеттің қалай мәжбүрлейтінін сұрады.

Бірінші вице-министрдің байламынша, ең төменгі жалақыны көтеру – жұмыс берушілер үшін міндетті талап. Яғни, бүгінде қызметкеріне 85 мың теңге төлеп жүрген кәсіпкерлер келесі жылдан бастап жалақыны кемінде 110 мың теңгеге жеткізуге тиіс.

"Ең төменгі жалақы – міндетті талап. Біз ақпараттық жүйелерден ең төменгі жалақы мөлшерінде еңбекақы төлейтін компанияларды есепке алып, еңбекақы қоры қаншалықты өсетінін шамамен есептедік. Бұл – 426 миллиард теңгеге жуық. Яғни, бизнес осынша сомада қосымша қаражат табуы қажет. Ешкімді жалақы көтеруге үгіттемейміз. Өйткені заң бойынша келесі жылдан бастап ең төменгі жалақы 110 мың теңге болады, демек соған дейін арттыруы шарт", – деді Әмрин.

Демек, жұмыс берушілер қызметкерлеріне бұрынғыдай 85 мың теңге төлеп құтыла алмайды. Жаңа талапты орындау – олардың заң алдындағы міндеттемесі.

Шенеунік ең төменгі жалақының өсуі тек жұмысшыларға ғана емес, әлеуметтік көмек алатын азаматтарға да тиімді болатынын жеткізді. Себебі, кейбір жәрдемақының көлемі ЕТЖ-ға тікелей байланысты. Ол өскен сайын төлемдердің ең жоғары мөлшері де ұлғаяды.

"Әлеуметтік төлемдер тұрғысынан алғанда, бұл өзгеріс жағдайды жақсарта түседі. Мәселен, бала 1,5 жасқа толғанға дейін күтіміне байланысты төленетін төлемнің ең жоғары мөлшері қазір 7 ең төменгі жалақыға тең. Тиісінше, ана бала күтімі үшін ай сайын орта есеппен 280 мың теңгедей ала алады. ЕТЖ өскеннен кейін бұл сома шамамен 308–310 мың теңгеге жетеді. Яғни, әлеуметтік төлемдерді пайдаланатын азаматтар мен жалдамалы жұмысшылар үшін бұл өзгерістің пайдасы зор болады. Жалпы алғанда, халық табысын арттыруға оң әсер етеді деп есептейміз", – деді 1-ші вице-министр.

Айта кету керек, таяудағы жолдауында Президент Үкіметке келер жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпы практика бағытында жұмыс істейтін учаскелік дәрігер мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40%-ға дейін арттыруды тапсырды. Бұл тағы 77 мыңнан астам маманның табысын өсіруге мүмкіндік береді.

Мұғалім, тәртіп сақшысы, ғарыш маманы: 2027 жылы тағы кімдер қосымша ақы алады?

Еңбекақы жүйесіндегі өзгерістердің тағы бір маңызды бөлігі бюджет саласы қызметкерлеріне қатысты. Бұл салада лауазымдық айлықақыны (ЛА) есептеудің жалпы тәртібімен қатар, арнайы коэффициенттер, салалық үстемеақылар мен еңбек жағдайына байланысты қосымша төлемдер қарастырылған.

Үкіметтің биылғы №70 жаңа қаулысымен "Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындар қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" қаулыға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Есептеу кезінде қолданылатын базалық лауазымдық айлықақы бұрынғыдай 17 697 теңге мөлшерінде сақталады. Азаматтық қызметшілердің жалақысы функционалдық блогына, атқаратын лауазымына және еңбек өтіліне қарай белгіленеді.

Ал, жұмысшылар үшін біліктілік разрядтары қарастырылған. Оларға қолданылатын коэффициенттер I разряд бойынша 2,77-ден басталып, VIII разрядта 3,06-ға дейін жетеді.

Салалық қосымша төлемдер бірнеше бағытты қамтиды:

  • Білім беру саласында мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагогтері мен өзге де қызметкерлеріне ерекше еңбек жағдайлары үшін қосымша ақы төлеу көзделген.
  • Денсаулық сақтау саласында дәрігерлер, орта және кіші медперсонал, психоэмоциялық және физикалық жүктемесі жоғары жағдайда жұмыс істейтін мамандар қосымша төлем ала алады.
  • Әлеуметтік қамсыздандыру саласында медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметкерлеріне, әлеуметтік қызметкерлерге, тәрбиешілерге, мейіргерлерге, санитарларға үстемеақы қарастырылады.

Бұдан бөлек, мәдениет және архив мекемелерінің қызметкерлеріне, кітапханашыларға, музей мамандарына, дене шынықтыру және спорт саласының мамандары мен жаттықтырушыларына, сондай-ақ ауыл, орман, балық және аңшылық шаруашылықтарында еңбек ететін қызметкерлерге арналған арнайы төлемдер бар.

Арнайы үстемеақы алатындардың қатарында Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, азаматтық қорғау жүйелерінің қызметкерлері де бар. Сондай-ақ Сот сараптамалары орталығының, Геологиялық ақпарат орталығының және ақпаратты техникалық қорғау ұйымдарының мамандарына да тиісті қосымша төлемдер қарастырылған.

Мәселен, жаңартылған №17 қосымшаға сәйкес, Заңнама институты мен Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкерлеріне лауазымдық айлықақысының 100%-ы мөлшерінде үстемеақы белгіленді.

Көлік саласында да бірқатар маманның табысы артуы мүмкін. Айталық, сүңгуірлер су астында жұмыс істеген әр сағаты үшін сағаттық тарифтік мөлшерлемесінің 100%-ы көлемінде қосымша ақы алады. "Қазақстан су жолдары" кәсіпорнының қызметкерлеріне жұмыстың күрделілігі мен қауырттығына қарай лауазымдық айлықақының 50%-ына дейін қосымша төлем белгіленуі мүмкін.

Өзгерістер аясында жаңа санат – "Байқоңырбаланс" республикалық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері енгізілді. Байқоңыр қаласындағы ерекше жұмыс режимі жағдайында еңбек ету, ғарыш техникасымен жұмыс істеу, ғарыш айлағы аумағында көшпелі қызмет атқару ескеріліп, бұл мамандарға ерекше еңбек жағдайлары үшін лауазымдық айлықақысының 70%-ы көлемінде қосымша ақы төленеді.

Тағы бір елеулі жаңалық – мұғалім тапшылығы байқалатын өңірлерге жұмысқа тартылған үздік педагогтерге 2027 жылғы мамырға дейін лауазымдық айлықақысының 150%-ы ауқымында қосымша ақы қарастырылған.

Бұған қоса, Үкімет қаулысының №24 және №25 қосымшаларында бюджет қаражатын үнемдеу нәтижесінде қалыптасқан қаржыны қызметкерлерге сыйақы беруге, материалдық көмек көрсетуге және қосымша төлемдер жасауға шығындау мүмкіндігі ұсынылып отыр.

Алайда бұл әр қызметкердің жалақысына міндетті түрде қосымша ақша қосылады деген сөз емес. Мұндай төлемдердің берілуі бюджет қаражатының үнемделуіне және белгіленген талаптардың орындалуына тікелей байланысты. Қысқасы, кімге не беретінін бастық жеке шешеді.

Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істеу, түнгі ауысымға шығу, жоғары жүктеме және еңбектің ерекше сипатына байланысты қосымша төлемдер жеке тәртіппен есептеледі. Ал, кейбір ұйымдарда ынталандыру сипатындағы қосымша төлемдердің мөлшерін басшылықтың өзі айқындайды.

Осылайша, 2027 жылы Қазақстанда еңбекақы төлеу жүйесінде бірқатар маңызды өзгеріс өмірге жолдама алғалы тұр. Ең төменгі жалақы алатын қызметкерлердің табысы заң жүзінде 110 мың теңгеден кем болмауға тиіс. Бюджет саласындағы жекелеген мамандарға салалық қосымша төлемдер мен еңбек жағдайына байланысты арнайы үстемеақылар беріледі.

Дегенмен әр қызметкердің нақты қанша жалақы алатыны оның атқаратын лауазымына, біліктілігіне, еңбек өтіліне және қай жерде жұмыс істейтініне байланысты болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу