Жаңа жылдық сауық-сайран алдындағы сақтық шаралары

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
4662

Елімізде жаңа жылдық мереке қарсаңында қауіпсіздік шаралары күшейтіледі.

Жаңа жылдық сауық-сайран алдындағы сақтық шаралары

Ішкі істер министрлігі жаңа жылдық мереке қарсаңында қоғамдық тәртіп пен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдамақ. ІІМ мәліметіне сүйенсек, жастықпен және мастықпен жасалған қылмыс саны артып келеді. Бұл туралы үкімет отырысында ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлімдеді.

"31 желтоқсан мен 4 қаңтар аралығында ішкі істер органдарының, оның ішінде қылмыстық-атқару жүйесінің, төтенше жағдай, ұлттық гвардияның жеке құрамы күшейтілген қызметке ауыстырылады. Осы кезеңде жұмыс істейтін күштер мен құралдарды үйлестіріп, басқаратын жедел штабтар құрылады, сондай-ақ халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін және ланкестік қатынаста осал нысандарда қоғамдық тәртіп күзеті күшейтіледі", – дейді ол.

Барлық қала, аудан, облыстың ішкі істер бөлімшелерінде қылмыс жасалғанда уақтылы әрекет ету үшін қосымша жедел тергеу топтары құрылмақ. Ахуал ушыққан жағдайда ішкі істер органдарының жедел әрекет ететін резерві жасақталды.

Мұндай дайындық бекерге қолға алынған жоқ, жалпы қылмыс санының азаюына қарамастан, республикада жасөспірімдер қылмысы мен мас күйінде жасалған қылмыс саны артып келеді.

"Өңірлердің барлығында-дерлік ішімдіктің әсерімен жасалған қылмыс саны 15%-ға артты. 8 аймақта – Астана және Алматы қаласы мен Ақмола, Атырау, Шығыс-Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды облыстарында жасөспірімдер арасындағы қылмыстың артқаны байқалады. Бұл мәселені ішкі істер органдары, оның ішінде жергілікті полиция шешуі тиіс", – дейді Қалмұханбет Қасымов.

Жалпы, жыл басынан бері ішкі істер органдары 331,5 мың қылмыс тіркеді, бұл 2015 жылдың көрсеткішінен 6,1%-ға төмен.

"Бұл тенденция барлық аймақта байқалады. Ауыр және аса ауыр қылмыс 10%-ға қысқарды, оның ішінде адам өлтіру, денсаулығына ауыр зиян келтіру және қарақшылық 12%-ға қысқарды. Еліміздегі қылмыстың басым бөлігі ұрлықтың әсерінен болады, қылмыстық құрылымдағы оның үлесі 60%-дан жоғары, ал 5 аймақтағы үлесі 70%-дан асады. Олар – Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Атырау облыстары және Алматы қаласы", – дейді министр.

ІІМ жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, мерекелік іс-шараларды өткізу бағдарламасын пысықтады, жеке құрамның қажетті саны есептелді, оларды орналастыру жоспарлары жасалып, бекітілді. Іс-шаралар өтетін орындарда және оған жақын аумақта күзететін полиция жасағын көбейту көзделіп отыр.

Сондай-ақ көше қылмысымен күрес және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс жанданып келеді, сондай-ақ станция, теміржол вокзалдары және әуежайларда қоғамдық тәртіпті сақтау шаралары күшейтілді.

Одан бөлек төтенше жағдайлар комитетінің аумақтық бөлімшелері мерекелік шараларды өткізу орындарына: мектеп, ойын-сауық орталығы, мәдениет үйі, спорт мекемесі, аурухана, қарттар үйі, балалар үйлеріне тексеру жүргізді. Сонымен бірге министр жанғыш заттарды пайдаланғанда қауіпсіздік шараларын сақтау жөнінде халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев ішкі істер министріне бүгінгі күннен бастап қауырт қызметке кірісуге тапсырма берді.

"Ішкі істер министрлігі бүгінгі күннен бастап қауырт қызметке кіріссін. Сондай-ақ жаңа жылдық іс-шараларды өткізу орындары өрт қауіпсіздігі және қоғамдық тәртіпті сақтауды бақылауға алсын. Ауа-райының қолайсыздығын ескере отырып, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері министрлікпен бірлесіп жолдағы автокөлік қозғалысының қауіпсіздігін сақтау шараларын уақтылы қолға алсын. Барлық мемлекеттік мекемеде кезекші тағайындалсын, қажет жағдайда нақты және тиімді жұмыс ұйымдастырылсын, бақылау Асқар Ұзақбайұлына жүктеледі", – деп тапсырды үкімет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу