Жаңадан кәсіп ашуға қосымша 40 млн теңге берілмек

4625

Павлодарда өз ісін бастауға ниетті жастарға қайтарымсыз қаржы қарастырылды.

Жаңадан кәсіп ашуға қосымша 40 млн теңге берілмек

Жыл басында "Бизнестің жол картасы – 2020" мемлекеттік бағдарламасы бойынша 15 павлодарлыққа жалпы сомасы 43 млн теңге болатын грант үлестірілген еді. Мемлекет тарапынан берілген бұл сомаға аудан-қалаларда түрлі кәсіп ашылды. Мәселен, Аққулы ауданында этноауыл, Екібастұзда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған киім цехы, Железин ауданында балық аулау және туризмге арналған тауар өндірісі, Ақтоғайда балалар жиһазын жасау орны жұмысын бастады.

"Мемлекеттік бағдарлама бойынша 3 млн теңге алып, өз қаржымды қосып "Тұз city" этноауылын аштық. Киіз үйлер тігіп, жағажайда көріктендірдік. Оған қоса, атқа міну, бассейнге түсу, биенің саумалымен емдеу сынды қызмет түрлері көрсетіледі. Тұзды көлде шомылып, демаламын деушілер үшін барлық жағдайды жасауға тырысамыз", – дейді кәсіпкер Гүлжан Оразалина.

Айта кетелік, былтыр грант алуға 80 павлодарлық өтініш білдірсе, биыл 162 тұрғын қайтарымсыз қаржыға кәсіп ашуға ниет білдіріпті. Тұрғындар тарапынан сұраныстың зор екенін байқаған жергілікті билік қосымша 40 млн теңгелік грант беруді жоспарлап отыр. Басты талап – өтініш берушінің жасы 29-дан аспауы тиіс.

"Жастардың қатарында өз бизнесін бастауды қалайтындар көп. Биыл Жастар жылы екенін ескере келе, оларға тағы бір мүмкіндік берілмек. 29 жасқа дейінгі, салық төлемдері бойынша қарызы жоқ облыстың кез келген азаматы өтініш бере алады. Бастысы оның жобасы әлеуметтік-экономикалық маңызға ие және инновациялық болуы шарт. 13 адамнан тұратын арнайы комиссия әр өтініш иесімен тілдесіп, бизнес-жобаларды сараптап, 40 млн теңгені үлестіреді", – дейді Павлодар облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының орынбасары Айдос Сәкенов.

Одан бөлек, елімізде "Жастар – ел тірегі" бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Оның бір бөлімі – "Жас кәсіпкер" аясында да жастарға қаржылай қолдау көрсетілмек.

"Биыл "Жас кәсіпкер" бөлімі бойынша 29 жасқа дейінгі павлодарлықтардың 500-ден аса грантты иелену мүмкіндігі бар. Бизнес идеясын жүзеге асыру үшін бөлінетін қаржы көлемі – 505 мың теңге. Бұл - бірретік акция емес. 2019-2021 жылдар аралығында республика көлемінде барлығы 30 мың грант берілмек. Сәйкесінше, алдағы үш жылда облыстағы 2 мыңға жуық жастың өз бизнесін ашуына жағдай жасалады", - дейді облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу