Жаңадан құрылған облыстар шетелден инвестиция тарта алмай отыр

2838

Тікелей шетелдік инвестиция аз тартылған өңірлердің қатарында Абай, Ұлытау және Жетісу облыстары бар, деп хабарлайды inbusiness.kz

Жаңадан құрылған облыстар шетелден инвестиция тарта алмай отыр Фото: inbusiness.kz

Осы жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 13,3 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл бір жыл бұрынғы деңгейден 4 пайызға немесе 546 млн АҚШ долларына төмен.

Шетел инвестициясының төмендеу төркіні металлургия, шикі мұнай және табиғи газ өндірісіне байланысты болып отыр. Айталық, металлургия өнеркәсібіндегі көрсеткіш 2,5 млрд доллардан 1,8 млрд долларға дейін кеміген. Ал шикі мұнай мен табиғи газ өндірісіндегі көрсеткіштер 4,8 млрд доллардан 4,3 млрд долларға дейін азайған. Сол секілді құрылыс (461 млн доллардан 190 млн долларға дейін), қаржы-сақтандыру қызметі (700 млн доллардан 490 млн долларға дейін) секторларының көрсетіштері де айтарлықтай төмендеген. 

Инвестициялар көлемінің төмендеуі бірқатар саладағы көрсеткіштердің жақсаруымен ішінара өтелгенін де атап өткен ләзім. Мәселен, тамақ өнеркәсібіндегі инвестиция көлемі 100 млн доллардан 350 млн долларға дейін ұлғайған. Сол секілді жылжымайтын мүлікке қатысты операциялардың көрсеткіші 61,6 млн доллардан 234 млн долларға дейін ұлғайыпты. IT және ақпараттық қызметтер (40 млн доллардан 150 млн долларға дейін), электрмен жабдықтау және газ беру (53 млн доллардан 140 млн долларға дейін) секторларында да біршама өсім тіркелген. 

Ел өңірлері арасында инвестициялардың үлкен көлемі Алматы қаласына тартылған – 4,1 млрд доллар. Оның алдында көш басында Атырау облысы тұрған еді. Бұл жолы Атыраудың көрсеткіші – 3,5 млрд доллар. Үштікті Шығыс Қазақстан облысы түйіндеп тұр – 1,4 млрд доллар. 

Инвестиция аз тартқан өңірлер қатарында Абай (-44 млн доллар), Ұлытау (4,5 млн доллар) және Жетісу (10,5 млн доллар) облыстары бар. Демек, жаңадан құрылған облыстардың бұл бағыттағы жұмыстары баяу деген сөз. 

Айтпақшы, біздің елге инвестиция құйып отырған мемлекеттердің бестігіне АҚШ, Бельгия, Нидерланд, БАӘ және Ресей бар.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу