Жаңақорғанда тау-кен байыту комбинаты салынады

Гидрометаллургиялық зауыт Қаратау қойнауындағы аз кездесетін металдарды игереді.  

Жаңақорғанда тау-кен байыту комбинаты салынады

Жер асты байлығын шикізат күйінше өткізіп жүрген Қызылорда облысы енді Жаңақорған ауданында жаңа ірі өндіріс орнын салатын болып уағдаласты. "Тау-Кен Самұрық" ҰТК" мен "Шалқия Цинк ЛТД" облыс әкімдігімен Шалқия кенішінде тау-кен байыту комбинатын салу жөнінде үшжақты меморандумға отырды.

Жылына 2-ден 4 млн тоннаға дейін кен өндіруді мақсат еткен гидрометаллургиялық зауыт Қаратау қойнауындағы аз кездесетін металдарды игеретін болады.

Аталмыш зауыт облысқа тартылатын инвестиция мен жаңа жұмыс орындарын құру мәселесін шешетін болады.

"Облыста мұнай өндірісі төмендеген кезеңде өңдеу саласы мен металлургияны қолға алу, өңір экономикасын дамытудың басты жолы болып табылады. Осы меморандумға сәйкес "Тау-Кен Самұрық" акционерлік қоғамы Шалқия кенішінде бірнеше әлеуметтік нысандар құрылысын жүргізуді жоспарлап отыр. Мәселен, Шалқия кентіне дейін ұзындығы 6 шақырым жол, Кеншілер саябағы мен аллея және контейнерлік қонақ үй салу арқылы Құттықожа  бұлағының аумағын абаттандыру жұмыстарын жүргізу көзделуде", – деді Г.Әбдіқалықова.

Жыл сайын Ресейдің жоғары оқу орындарына облыс әкімдігінің гранты арқылы түсіп, оқып жатқан қызылордалық студенттердің алды елге келе бастады. Техникалық мамандықтарды игерген олар енді осы зауытқа жұмысқа тартылатын болады. Биыл көрші мемлекеттің жетекші университеттерін бітірген 111 түлектің ішінде 23 металлург пен 21 машинистер бар. Бұлардан бөлек, қазақстандық тау-кен ісі және металлургия саласында техникалық және кәсіптік білім ошақтарын бітірген 144 түлек бар.

"Осы уақытқа дейін озық технологиялық білімді игеріп келген түлектеріміз аймағымыздағы – цемент, күкірт қышқылы зауыттары мен "Фирма Балауса", "РУ-6" және "Энергосервис" секілді ірі кәсіпорындарға жұмысқа орналасты. Тәжірибемізді әрі қарай жалғастыру мақсатында Сіздерге 46 түлектің тізімі жолданды. Меморандумға сәйкес, облыстағы кәсіби білікті алғашқы "металлургтерді" тәрбиелеп, қалыптастырамыз деп сенемін", – деді облыс әкімі.

Негізгі инвестор "Тау-Кен Самұрық" акционерлік қоғамы кеніш айналасында бірнеше әлеуметтік нысандар салатын болады.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу