Жаңақорғанға қосымша газ тарату станциясы қажет

12863

Жалғыз автоматты газ тарату станциясының қуаты осында орналасқан зауыттардың артық өнім өндіруіне жетпейді.  

Жаңақорғанға қосымша газ тарату станциясы қажет

Аудандағы "Премиум класс-строй" ЖШС аймақ бойынша әк өндіретін жалғыз зауыт.

Қазіргі таңда кәсіпорынның қуаттылығы тәулігіне 100 тонна. Ал мамандар осы зауыттың өнімділігін 2 есеге дейін арттыруға болатындығын айтады. Алайда ол үшін ауданға қосымша газ тарату станциясы қажет дейді.

Әк зауыты осыдан 2 жыл бұрын іске қосылған. Содан бері Қызылордадан бөлек Павлодар, Жезқазған, Қарағанды облыстарында қамтамасыз етіп келеді. Өндіріс ошағында әк өндіретін 8 ошақ болса, бүгінде оның  алтауы жұмыс істеп тұр. Әрбір айналма пеште күніне 30 тоннаға дейін өнім дайындалады. Шалқия аумағындағы өнеркәсіп мекемелерінен келетін қиыршық тастар зауыт пешінде 1200 градуста күйдіріліп, нәтижесінде бірінші сортты әк шығарылады. 

"Өнімді көбейту үшін пештер соғылып жатыр. Ескі пештерді реконструкциялап қайта жасап жатырмыз. Тәулігіне 70 тонна өнім шығаратын пеш қою ойымызда бар. Оның құрылысы жүріп жатыр. Газ мәселесі шешілсе ол да шешілмек",– дейді серіктестік өкілі Мұрат Сүлейменов. 

Ал жаңа пештерді іске қосып өнім көлемін арттыру қосымша газ тарату станциясын қосуды міндеттейді. Себебі кенттегі жалғыз автоматты газ тарату станциясы сағатына 19 мың текше метр көгілдір отын өткізуге ғана қауқарлы және ол кент халқына мөлшерленген. Тұтас Жаңақорғанды жылытып отырған станцияның өзге кәсіпорындарға газ жеткізе алмау сыры осында.

"Өндірістік мақсатта тағы бір автоматты газ тарату станциясын құрып алсақ, өнімді жұмыс істеуге сеп болады. Әк шығаратын зауыт есебінен 460 мыңның көлемінде жобалық сметамалық құжаттар дайындалып жатыр. Оны экспертизаға өткізу үшін бізге "Казтрансгаз аймақтан" техникалық шарт керек. Соны алу қиындау болып тұр. Облыстық инновациялық және индрустриялық басқармасы, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы мен аудан әкімі тарапынан жұмыстар жасалынып жатыр. Біздегі жалғыз АГТС тек халыққа ғана арналған", – дейді аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің  басшысы Қаржыбек Бүркітбаев. 

Мамандардың айтуынша жаңа автоматты газ тарату станциясы іске қосылса, аталмыш кәсіпорын күніне 500 тоннадан аса әк өндіре алмақ. 

"30 мың текше метрлік АГТС салынса дейміз. Себебі осы үлкен жолда барлық өндіріс орны орналасқан. Осы серіктестік жанынан тағы әк шығаратын "Қуат-Әк" деген мекемеміз бар. Оның қасында керамзит шығаратын зауыт бар. Бүгінде уран бағасын тұрақтандыруға байланысты өндіріс көлемі азайды. Өндіру азайғаннан кейін өндеуде тұралап тұр", – дейді бөлім басшысы Қ.Бүркітбаев. 

Былтырға қарағанда биыл әк зауыты өндірісін 10 есеге ұлғайтып жергілікті бюджетке қомақты қаржы құйыпты.  

Нұрбек Дәуренбеков


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу