Жаңаөзеннен Ақтау қаласына 150 отбасы көшпек

2092

Бұл арнайы кешенді жоспар аясында жүзеге асып отыр. 

Жаңаөзеннен Ақтау қаласына 150 отбасы көшпек

Биыл Жаңаөзен қаласынан Ақтау қаласына 150 отбасы көшірілмек. Оған көшуге ұсыныс берілген 600 адамның ішінен 150-і іріктелген. 

Бұл жөнінде Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаров мәлім етті. Белгілі болғандай, тұрғындарды көшіру жергілікті мұнай компаниясы мен әкімдік арасында қол қойылған келісімшарт пен кешенді жоспар аясында жүзеге асады. Оған сәйкес, жаңаөзендіктер бұған дейін бірнеше рет облыс орталығына қоныстандырылған.

"Былтыр Ақтау қаласынан 394 жаңаөзендік отбасын жалдамалы тұрғын үйге көшіруге 8 млрд теңге бөлінді. Келесі жылы да 150 пәтер беру жоспарланып отыр. Тұрғын үй беруде көпбалалы аналарға, Ұлы Отан соғысының ардагердеріне, мүгедектерге, басқа да әлеуметтік осал топтарға басты көңіл бөлінеді", – дейді қала әкімі Мақсат Ибағаров. 

Айта кетейік, өнеркәсіптік ірі компаниялардың көмегімен тұрғындарды көшіру – мұнайлы аймақтардың тәжірибесінде кездесетін жағдай. Мұндай кезде өндірісі азайған, экологиясы нашарлаған немесе басқалай да себептермен көшірілуге жататын тұрғындар, әдетте облыс орталығына көшкенді жөн көреді. Ал "Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2019-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары" қаладағы жұмыссыздық мәселесін шешіп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға өңірдің әлеуметтік-экономикалық деңгейін арттыру және шамадан тыс қоныстану мәселесін шешу мақсатында жасақталған.

Өкінішке қарай, биыл өңірдегі өндіріс азайып отыр. Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 117,1 млрд теңгені құраған, бұл былтырғымен салыстырғанда 11,2 пайызға төмен. Оған Жаңаөзен қаласына тиесілі мұнайдың өндірілуі 56,3 мың тоннаға, сондай-ақ, табиғи газ өндіру 32,9 млн текше метрге азаюы себеп болып отыр. Өз кезегінде бұл фактор құрылыс көлемінің азаюына әкеп соғып отыр. Биыл жыл басынан бергі құрылыс жұмыстарының көлемі 9,4 млрд.теңгені құрап отыр. Бұл көрсеткіш те өткен жылғыдан аз, себебі мұнай-газ секторында құрылыс жұмыстары жоспары қысқарған. Қазір Қызылсай ауылындағы дәрігерлік амбулатория салынып, Білім инновация мектебі "Бизнес-Инкубатор" ғимаратына көшіліріп жатыр. Жалпы биыл білім саласына көп қаражат бөлінгенін атап өту керек. 2020 жылы бұл мақсатқа 15,4 млрд теңге бөлінген, бұл қала бюджетінің 52,6 пайызын құрайды. 

Сондай-ақ Жаңаөзен қаласы әкімінің айтуынша, қала тұрғындарына карантиндік шаралардың енгізілуіне байланысты бірқатар көмек көрсетілген. Мәселен, коммуналдық шығыстарды жабу үшін 7 079 адамға 15 мың теңгеден дербес шоттарына аударылған; халықтың әлеуметтік осал топтарының ішінен 8 860 адамға азық-түлік-тұрмыстық жиынтықтарымен қамтылған, 6 жасқа дейінгі 931 балаға кепілдендірілген әлеуметтік пакеттер берілді; 660 аз қамтылған отбасыға атаулы әлеуметтік көмек берілген.

Төтенше жағдай кезінде қала аумағында 67-ден астам шағын және орта бизнес субъектілері өз қызметін тоқтатты, онда 434-ке жуық адам жұмыс істеді. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде кредиттер төлеу бойынша 567 кәсіпкер 36,9 млн теңге көлемінде салық жеңілдіктерін алған. "Бизнестің жол картасы", "Қарапайым заттар экономикасы", "Еңбек" мемлекеттік бағдарламаларының барлық құралдары бойынша 1,2 млрд теңге сомасында 44 кәсіпкерге қолдау көрсетілді. Мемлекеттік субсидия түрінде кредиттер мен жеңілдікті 346,3 млн теңге сома көлемінде 23 субъект алыпты.

Құралай Қуатова


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу