Ресейді жайлаған ауқымды отын дағдарысы жағдайында көршінің жанармай құю станцияларының (ЖҚС) нарығы бұрын-соңды болмаған өзгерістермен бетпе-бет келіп отыр. "Авито" сияқты танымал сауда алаңдарында дайын бизнес жаппай сатылымға шығарылды.
РФ аймақтарында енді толыққанды стационарлық ЖҚС-ты 3 850 000 рублге сатып алуға болады. Бұл соманы ҚР Ұлттық банкінің бағамына шақсақ (1 рубль – 5,78 теңге), дайын тұрған бензин-дизель құю бекетінің құны шамамен 22,2 миллион теңгені құрайды.
Салыстырсақ, қазақстандық тегін хабарландырулар сайттарында дәл осы бағаға 2025 жылғы, қозғалтқышының көлемі 2.5 және жүрісі 29 000 шақырымды құрайтын "б/у" Toyota Camry седаны сатылуда. Ал, қолданыстағы қытайлық Deepal S09 гибридті кроссовері (2025 жылғы, 1.5 л, автомат) одан да қымбатқа – шамамен 23,5 миллион теңгеге түседі, деп жазды inbusiness.kz.
Әрине, ресейлік нарықта бұдан да арзан ұсыныстар кездеседі. Мәселен, "Газпромның" атын иеленген франчайзингтік ЖҚС-ты небары 1 миллион рублге бағалап отыр. Бірақ бір гәп бар: "нысан Белгород облысының ірі өнеркәсіптік кластерінде", яғни, іс жүзінде Украинамен шекаралас аймақта орналасқан. Оның үстіне күрделі жөндеуді талап етеді.
Сонымен қатар, еврокуб немесе шағын резервуар негізінде жасалған ықшам, қозғалмалы-мобилді немесе шағын ЖҚС-тардың ең төменгі бағасы шамамен 42 500 рублді (небәрі 243 мың теңге шамасында) құрайды. Қазақстанда бұл шағын сомаға тек кішігірім диван, ас үстелі, комод, кір жуғыш машина, орташа тоңазытқыш, орта санаттағы смартфон, оқу ноутбугын сатып алуға немесе Бурабай мен Шамалған курорттарында 2–3 күндік демалысты ғана төлеуге болады.
Ресейдегі дайын отын бизнесінің баға диапазоны келесідей:
• шағын ЖҚС пен модулдер: 42 500 – 150 000 рубль аралығында (кәсіпорындардағы дизель немесе бензинге арналған құтылар).
• өңірлердегі шағын ЖҚС-тар: 3 850 000 – 8 000 000 рубль аралығында (шалғай елді мекендерде немесе трасса бойында орналасқан, франшизасы бар нысандар).
• ірі трассаларда тұрған және брендтік алып кешендер: 50 000 000 – 100 000 000 рублден жоғары.
Ресейде автожанармай станциялары жаппай жабылуда
Биылғы қаңтар мен тамыз айлары аралығында Ресейде 322 автожанармай станциясы жұмысын тоқтатты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 70%-ға артық.
Бір жыл бұрын тоқтатылған нысандарды есепке алғанда, істен шыққан "заправкалардың" жалпы саны 500-ден асып түсті. Бұл ретте бүгінде Ресейде барлығы 28,4 мың ЖҚС қана қалды.
Жабылу географиясы нарықтың барлық сегменттерін қамтыған. Қайта құруға немесе ребрендингке кеткендердің көшін ірі тәуелсіз желілер бастап тұр ("Газойл", "Росгаз", "Звезда", Tamic Energy, MMK Petrol): олар 105 нүктені жапты, деп жазды "Известия" басылымы "ОМТ Консалт" деректеріне сілтеме жасап.
Ұсақ желілер 82 станцияның жұмысын тоқтатса, орташалары 69 ЖҚС-ті жапқан. Тіпті тікелей интеграцияланған мұнай-газ компаниялары (ВИНК) – "Лукойл", "Татнефть", "Газпромнефть", ННК, "Роснефть", "Сургутнефтегаз" және "Газпром" да бұл күйзелістен тыс қалмаған. Олардың 67 станциясы уақытша жұмыс істемей тұр, делінген жарияланымда.
Бұл апаттың түпкілікті себептері қарсыластың ресейлік мұнай өңдеу саласына жасалған жойқын соққыларынан тамыр тартып жатыр. Биыл украиналық ұшқышсыз ұшақтардың қашыққа жасалған соққылары ресейлік ірі 26 мұнай өңдеу зауытын (МӨЗ) істен шығард. Бұл туралы Financial Times спутниктік деректер мен S&P Global сараптамасына сүйене отырып жазған болатын.
Шілде айының соңында жарылған МӨЗ-дердің ішінен тек 8 зауыт қана жұмысын толық қалпына келтіре алыпты. Тағы 11 зауыт қызметін ішінара ғана жандандыра алды. 7 зауыт жайрап қалған күйде жатыр.
Соның кесірінен, EA Analytics бағалауынша, Ресейдегі мұнай өңдеу көлемі 2002 жылғы мамырдан бергі ең төменгі деңгейге – тәулігіне 3,6 миллион баррельге дейін құлдырады. Бұл өткен жылдардағы маусымдық нормадан шамамен үштен бізге төмен.
Салыстырсақ: 2020–2025 жылдары ресейлік МӨЗ-дер жазда тәулігіне орта есеппен 5,6 миллион баррелге дейін мұнай өңдеуші еді. Көршінің сол дәурендеген заманы артта қалғандай.
Дағдарысқа халық жауабы: шағын МӨЗ-ге сұраныс шарықтады
Отынның өткір тапшылығы және жаппай жайлаған қымбатшылығы аясында Ресейде жанармайды қолдан өндіруге деген қызығушылық күрт өсті. Yandex WordStat статистикасына сәйкес, "шағын МӨЗ" деген ауандағы іздеу сұраныстары мамыр мен шілде айлары аралығында 6 900%-ға (шамамен 70 есе) ұшып кеткен.
Егер мамырда іздеу жүйесі 781 сұранысты тіркесе, шілдеде бұл көрсеткіш 54 561-ге жетті. "Шағын МӨЗ сатып алу" форматындағы сұраныстар 230 есеге (22 000%-ға) – 60-тан 13 875-ке дейін шарықтады.
Нарықта ондаған қондырғы ұсынылуда: базалық шағын зауыттардың құны 42 500 рублден басталады, ал, қуаты жылына 100 мың тоннаға жететін ірі кешендер 475 миллион рублге бағаланып отыр. Елде осындай шағын отын өндірістерін дамыту міндетін бұған дейін РФ Президенті Владимир Путин қойған болатын.
Алайда сарапшылар қауымдастығы бұл бастамаға күмәнмен қарайды. Мамандардың түсіндіруінше, мұндай қарабайыр мини-зауыттардан шығатын бензиннің бағасы удай қымбат, әрі сапасы тым нашар: заманауи көліктердің моторы ұзаққа шыдамайды.
NEFT Research басқарушы серіктесі Сергей Фролов түсіндіргендей, мұндай нысандардың басым бөлігі ("самауыр-зауыттардың" қуаты жылына 1 млн тоннадан кем) заңмен реттелмейді және Энергетика министрлігінің тізіліміне енгізілмеген, деп жазды The Moscow Times.
Берлин Карнеги орталығының аға ғылыми қызметкері Сергей Вакуленко мұндай қондырғылардың тек тікелей айдалған сапасыз бензин мен дизель фракцияларын немесе заманауи автомобильдерге жарамсыз мазут қана беретінін нұсқады. Бұған қоса ірі МӨЗ-дерден айырмашылығы, шағын мұнай өңдеу қондырғыларын магистралды мұнай құбырларына қоса алмайсыз. Сонымен қатар, сарапшы бұлардың қатаң экологиялық және өрт қауіпсіздігі талаптарына жауап бермейтінін, өңірлерде тіпті кейбірі бұған дейін жарылғанын еске салды.