Жаңатас: Бес бүлдіршіннің ажалында не белгі бар?

7327

Кеше Жамбыл облысы күн арқан бойы көтерілгеннен дүрлікті. 

Жаңатас: Бес бүлдіршіннің ажалында не белгі бар? Фото: tengrinews.kz

Елтаңба құлады – ел іші бүлінді

Көк экранға телмірген жамбылдықтар алдымен аймақ басшысының қорытынды есебін онлайн тыңдады. Алқалы жиында әкімнің мінберінде тып-тыныш ілініп тұрған Елтаңба жын тигендей, өзінен өзі құлады да қалды. Жақсы ырым емес, әрине. Көпшілік те, әкімнің айналасындағы шенеуніктер де бір ауық демдерін іштеріне тартқан. Мезеттік тыныштықты "Алсаңдаршы ананы" деп гүрілдеген әкімнің үні бұзды. Шамасы, ненің құлағанын өзі де сезбеді немесе табан астындағы даңғыр-дұңғырдан сасып қалды. Алайда  сол Елтаңбаны Түркияның Президенті Ердоған сияқты Сапарбаевтың өзі тізерлеп отырып алып, орнына қойғанда, әлеуметтік желі басқаша дүрлігер ме еді...

Сол әлеуметтік желідегі бірер жазбаға назар аударсақ, жамбылдық ақын Азамат Есалы "Елтаңба үшін еңкеймеген әкім ел үшін еңбек етпей-ақ қойсын. Аяғының астында елтаңба жатса,  елбасы да иілмек болар. “Алсайшы ананы” деуі Сапарбаевтың қай сасқаны? Ол түсіп қалған қаламсап па? Қағаз ба? Ол – Елтаңба...", деп жазса, журналист Маржан Рақай "Мемлекеттік нышанды құрметтемегені үшін жауапкершілікке тартылса да артық болмас еді..." дейді. "Ол Елтаңба екенін білмей қалған шығар...", "Не құлағанын түсінбей қалды" дегендер де бар. Жарияланымдардың дені осылай өрбиді.

Бетегеден үзілген бес үміт...

Айтпақшы, жоғарыдағы посттардың тізбесінен Қуаныш Қуатбек есімді қолданушының "Бес сәби өрт ішінде қалып қаза тапты. Бәлкім, Елтаңба құлағанда, солар жанып жатқан шығар...", дегенін де көзіміз шалып қалды. Әбден мүмкін! Өйткені, іле-шала жайсыз хабар лезде тарады. Жамбыл облысы орталығынан 170 шақырымдай қашықтықта жатқан Жаңатас қаласында жас отбасының өсіріп отырған бес баласы бірдей қаза тапқан.

Бұл қайғылы оқиға жайында жергілікті әкімдік таратқан ресми ақпар ғаламторды шарлап кеткен. Содан білгеніміз, 2-ықшамаудандағы 5 қабатты тұрғын үйдің 3-қабатында болған өрт 16 шаршы метр аумақты шарпыпты. Пәтер ішінде ата-ананың қарауынсыз қалған балалар 2015, 2016, 2017, 2019 және 2020 жылы туған. Өңір басшысының орынбасары Ұлан Жазылбек бастаған арнайы комиссия мәселенің анық-қанығын анықтауға уақыт созбай аттанып кетті. Оның құрамында прокуратура, полиция департаменті, төтенше жағдайлар жөніндегі департамент пен басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері бар. Облыстық ТЖД басшысы мен жедел топ, жылжымалы өрт-техникалық зертхана, өрт сөндіру қызметі мен апаттық-құтқару қызметінің психологтары, бәрі-бәрі сонда жүр.

Жергілікті атқарушы органдар тарапынан қара жамылған отбасыға жан-жақты көмек көрсетіледі. Мұны әкім айтты.

Ал әзірге белгілісі, төтенше оқиға орын алған кезде үйдің отағасы жұмыста болған, Сарысу аудандық орталық ауруханасының кадр бөлімінде қызмет атқарады екен. Мұғалім болып еңбек ететін анасы сол кезде үйден біршама қашықтағы орталық базарға кетіпті. Бұл – жаңатастық тұрғындардың сөзі. Үйде қалған жеткіншектер кәдімгі үтікті қосып, салдарынан өрт тұтанған көрінеді. Ақыры, балалар түтінге уланған.

Ақиқаты, бес бүлдіршіннің төртеуі оқиға орнында көз жұмса, кенжесі ауруханада қаза тапты.

Қара жамылған отбасын танитындардан білгеніміздей, бұл үш бөлмелі пәтерді олар жалға алып тұрады екен.

Жұрт осы Жаңатасты біле ме өзі?

Кеңес заманында тікелей орталықтан – Мәскеуден қаржыландырылған Жаңатас қаласы негізінен фосфорымен әйгілі. Кеншілер шаһары деген балама атауы бар. Алдыңғы жылы ғана елу жылдығын атап өтті бұл қала.

Қаратаудың сілемдерінің ортасында жатқан Жаңатас бір замандары дүрілдегенімен, бүгінгі жағдайында біршама проблемалары бары жасырын емес. Айталық, қала орталықтандырылған жылу жүйесіне 20 жыл бұрын қосылған. Алайда, биылғы қыс тұрғындарға оңай соққан жоқ. Өйткені, жылу жүйесімен қамтуды мойнына алған мекеме қыс бойы су қосылған сапасыз мазут жағып келген. Одан қалса, өткен аптада мазут бітіп қалып, шаһар бес күн жылусыз, сусыз отырды. Сол тұста ғой, шалғайдағы елдің шуы елордаға дейін жетіп, Сарысу ауданының әкімі Бақытжан Жақсылықовтың өтірігі әшкере болды.

Бұған байланысты облыс әкімі Бердібек Сапарбаев "Сарысу ауданының әкімі Бақытжан Жақсылықовтан маусымның басында мән-жайды сұрағанымда, мәселе жоқ, отын жеткілікті деп сендірген болатын. Баяндағанда бәрі жақсы сияқты, енді келіп бүкіл республикаға әйгілі болдық. Қайта, ауа райы жылы, ал -15, -20 градус аяз болса, көп қабатты үйлер, аурухана, балабақшалар қайтпек еді? Қаржы берілді, мазут алынды, ал нәтиже не болды? Жауапкершіліктің жоқтығы осындай жағдайға алып келеді", – деген-ді.

Ал кешегі жиында аймақ басшысы осы жағдайға орай құзырлы орган өкілдері тексеру жұмыстарын бастап кеткенін тағы хабарлады.

Жаңатаста ауызсу да орталықтандырылған. Тек ыстық су сағатпен берілетіндігі болмаса, бүгінде ауызсудан проблема жоқ. Десе де көгілдір отынның мәселесі қиын. Тұрғындар күнделікті тұрмысқа баллондағы газды пайдаланады. Мұндағы үйлердің дені көпқабатты болса да, тұрғындар қауіпке бастарын тігуге мәжбүр.

Табиғатта күңіренді сол күні

Иә, түс ауа Тараз қаласында алай-дүлей жел соқты. Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, облыстың кей жерінде желдің күші секундына 30 метрге жетсе, қалада 28 метрге дейін барған.

Жойқын жел қалалық коммуникация қызметін әбігерге салды. Түс уақытына қарай басталған дауыл салдарынан ағаштар құлап, бағдаршамдар істен шығып қалды. Сондай-ақ облыс орталығының бірқатар аудандарында электр жарығы сөніп қалды.

Қала тұрғындары жұлынған шатыр, құлаған ағаш видеоларын әлеуметтік желіде бөлісіп жатты.

Сонымен қатар қатты боран қаланың ең жаңа аймағы саналатын 15-ықшамауданда жаңа салынған көпқабатты тұрғын үйдің бірінің шатырын жұлып әкетті. Осыған байланысты шағын ауданның жанындағы тасжолдағы қозғалысқа уақытша шектеу қойылды. Тараз қалалық әкімдік өкілдері дауылдың салдары желдің беті қайтқаннан кейін қалпына келтірілетінін айтқан.

Ал бүгін Тараз қаласындағы базарлардың бірі өртеніп жатыр деген жайсыз хабар тарады.

Әсел Мұратбекқызы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу