Жаңа жылдық демалыс күндері 8 қаңтарға дейін ұзартылады

25724

Бұған "елде қалыптасқан ахуал" ықпал етіпті.

Жаңа жылдық демалыс күндері 8 қаңтарға дейін ұзартылады Фото: canva.com

Бірден айта кетейік, әңгіме солтүстік көрші туралы болып отыр. РФ Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі "елде қалыптасқан ахуалға байланысты" жаңажылдық демалыстардың бері жылжытылатынын жариялады. Атап өтетін жайт, 2022 жылы Украинаға қарсы басталған әскери ұрыстар енді Ресей аумағына да ауысты6 деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

"Новогодние праздники 2024-2025 будут не такими, как прежде" деп күрсіне жазуда көршінің ақпарат құралдары. Басқаша айтқанда, көршінің халқының көңілінде алаң бар, мазасы қашқан.  

Шынында, басқа жағдай болғанда РФ тұрғындары тегіс қуанар ма еді? Өйткені осы елдің Еңбек министрлігі халықтың "жаңажылдық каникулын" күрт ұзартып отыр. Ресейліктер бұл жолы қыстың басты мерекесінде қатарынан бақандай 11 күн тынығып, тойлай алады. Салыстырсақ, олар өткен қыста 9–10 күндей демалған болатын.

"Ресей Еңбекмині 2024–2025 жылдардағы ресми мерекелік және демалыс күндеріне қатысты жаңартылған ережелерді ұсынды. Бұл өзгерістер жұмыс кестесін оңтайландыруға және азаматтардың демалысын қолайлы етуге бағытталған. Сондай-ақ, ережелер жұмыс емес күндерді бүкіл жыл бойына барынша ұтымды бөлуді қарастырады", – деп жазды "БезФормата" порталы ведомствоға сілтеме жасап.

Көршінің тұрғындары "Жаңа жыл" және мамыр мерекелерінде ең көп демала алады. Бұларды тиісінше, халыққа берілетін "жаңажылдық каникул" және "мамыр каникулы" атайды. Ел саяхатын да осы уақытқа жоспарлайды.

Соның ішінде басты өзгеріс 2025 жылғы жаңажылдық каникулдың мерзімін ұзартуға қатысты. Осылайша, Ресей тұрғындары бұл жолы ел тарихындағы ең ұзақ жаңажылдық думанға бой ұра алады. Ресейде 2024 жылдың 29 желтоқсанынан бастап, 2025 жылғы 8 қаңтарды қоса алғандағы мерзім – демалыс күндері болып жарияланады.   

РФ Еңбекмині осы арқылы "РФ тұрғындарына отбасымен көбірек уақыт өткізуге, тынығуға және жаңа жылдағы жаңа жұмыс аптасына лайықты дайындалуға мүмкіндік беруге" шешім қабылданғанын хабарлады.

Содан кейінгі екінші бұқаралық каникул екі кезеңге бөлініп отыр: Ресейде 2025 жылы мамыр мерекелері 1-ші және 4-ші мамырды қоса алғандағы кезеңде, сондай-ақ 8-ші және 11-ші мамырды қоса алғандағы күндерде атап өтіледі. Сол күндердің бәрі демалысқа айналды. Яғни, бұл мерекелерде жалпы есебі 8 күн демалыс болады.

"Бұл жұртшылыққа елдің аса маңызды мейрамдары – Көктем мен еңбек күнін және Жеңіс күнін толыққанды атап өтуге мүмкіндік береді", – деп түсіндірді РФ Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі.

Айтқандай, келесі жылы Мәскеу Ұлы Отан соғысының 80 жылдығын дүркіретіп атап өтудің қамын жасауда.

Салыстыра кетсек, Қазақстан тұрғындары "Жаңа жыл" мерекесінде ресми түрде тек 1 және 2 қаңтарда ғана демалады. Бірақ 2025 жылы бұл күндер сәрсенбі және бейсенбіге тұспа-тұс келеді. Сондықтан аптасына 5 күн істейтіндер жұма күні жұмысқа шығып, ары қарай сенбі-жексенбіде тағы екі күн тыныға алады.

Қазақстанда "7 қаңтар – православ Рождествосы" 2025 жылы сейсенбі күнге келеді. Тиісінше, бұл күн – демалыс. Соның нәтижесінде, сенбі-жексенбі күндерін қосқанда, Қазақстан халқы 2025 жылғы қаңтарда жалпы саны 11 күн демалады.

Ресей тұрғындары 14 күн тынығады (демалысқа айналған 29, 30 және 31 желтоқсан өткен жылдың еншісіне тиеді).

Мамыр айында демалыс және мереке күндерін қоса есептегенде, қазақстандықтар – 12 күн, ресейліктер – 13 күн демалады.

Еңбек министрлігі – кез келген елде салыстырмалы түрде бейбіт министрлік саналатыны мәлім. Осы орайда бір бағытта РФ Қазақстаннан озып кетті. Нақтылай кетсек, қазақстандық қоғам да, Парламент депутаттары да 31 желтоқсанды – ресми демалыс күн деп жариялау бастамасын қоярда-қоймай талап етіп келеді. Жоғарыда тыңдар құлақ жоқ. Биылғы жыл соңына қарай әлдебір депутат тағы мәселе көтеретін болар?

Өйткені бастама негізсіз емес. Жылдың қорытынды күнінде қазақстандықтар мерекелік дастарханды дайындауға, азық-түлік сатып алуға, қадірлі қонақтарын күтуге асығады. "Қолын мезгілінен кеш сермеген" адамдар сыйлық сатып алу үшін сүрлігеді. Қысқасы, жұмысты ойлаған азамат аз болады. Оның орнына жұмыста белгілі бір сағатты өткізіп, қала жұрты жапатармағай көшеге ұмтылады. Көшелер көлікке тығындалады, жол-көлік оқиғалары жиілеуі мүмкін. Содан етегіне сүріне жүгіріп, жаны мұрнының ұшына келе жаздаған қазақстандықтар – Жаңа жылға шаршап, стреспен кіреді.

Міне, бір үлгі: РФ Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылғы 31 желтоқсанды ресми түрде демалыс күн деп жариялайтын қаулы әзірледі (2024 жылғы 31 желтоқсанда ресейліктер онсыз да демалады). 31 желтоқсан көршіде ресми тілде "Жаңа жыл қарсаңы" (Канун Нового Года) деп белгіленеді.

Бұл өзгерісті көршінің еңбек шенеуніктері "демалыстар күнтізбесін жақсарту бастамасы" деп атады. Осы арқылы "азаматтарға Жаңа жылды мерекелеуге тыныш, сабырмен дайындалуға мүмкіндік беріледі" деп дәйектелді.

"Министр Светлана Жақыпова ханым, сен тыңда!" дейтін-ақ идея. Бұл қадам әділдік орнатып, "Әділетті Қазақстанның" әрін келтірер еді.

Негізі, Ресей Еңбекмині 2025 жылғы басқа да мерекелерде бір емес, үш-төрт күнге дейін демалуға рұқсат етіп, онысын ресми бекітті.

Мысалы, "РФ Отан қорғаушы күнінде" – қатарынан екі күн (22–23 ақпан), "Әйелдердің халықаралық мерекесінде" – екі күн (8–9 наурыз), "Көктем және еңбек күнінде" – төрт күн (1–4 мамыр), "Жеңіс күнінде" – үш күн (8–11 мамыр), "Ресей күнінде" – төрт күн (12–15 маусым), "Халық бірлігі күнінде" – үш күн (2–4 қараша) демалыс болып жарияланды.

eGov "Электронды Үкімет" порталының дерегінше, Қазақстанда азаматтарға тек "Жаңа жыл мерекесінде" – екі күн (1–2 қаңтар), Наурыз мейрамында – 3 күн (21–23 наурыз) демалуға рұқсат етіледі. Өзге мерекелердің бәрі – 1 күннен. Егер мереке күні сенбі не жексенбіге келсе ғана демалыс ауыстырылып, үш күнге ұзартылуы мүмкін.

"Одақтастан" тағы бір озық тәжірибе. Қазақстандық басшылар, бухгалтерлер ағымдағы жыл соңына таяп қалса да, Жақыпова ханымның министрлігі "жаңа 2025 жылға арналған демалыстар мен мерекелердің өндірістік күнтізбесін" жарияламағанына шағымданады. Солтүстік көрші болса, 2026 жылдыкін жариялауға әзірленуде.

"Осы арқылы ресейліктерге өз демалыстарын, саяхаттарын ертерек жоспарлауға, жұмыс уақытын барынша тиімді бөлуге жағдай жасалады. Осыған байланысты министрлік дәстүрлі мерекелердің ұзақтығын арттыру үшін 2026 жылғы демалыс күндерін ауыстыру мүмкіндігін де пысықтауда. Бұл азаматтарға жақсы демалып, күш-қуатын қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бұл ауыстыру жаңажылдық каникулға да қатысты. Соның нәтижесінде халыққа Жаңа жылды және Рождествоны бейғам, әрі қуаныш-шаттықпен қарсы алуға, жақындарымен уақытын көбірек өткізуге жағдай туғызылады", – делінген РФ Еңбекминінің түсініктемесінде.

"Соғыс уақытында қайдағы бейғамдық, шаттық?" деген сауал туындауы мүмкін. Бірақ бізді алаңдатқан сұрақтар басқа: біздің шенділер қайда? Олар қазақстандықтардың мерекелерін бейғам, шаттық жағдайында өткізуін қаламай ма? "Еститін мемлекет" Еңбекминінің есігіне келгенде, неге тосыла беретіні белгісіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу