Халықаралық бағдарламалар орталығы жұмыстың екпінін "Болашақ" бағдарламасынан студенттерге шетелде білім беру гранттары мен бағдарламалары бойынша білім алуға мүмкіндік беретін бағыттарды дамытуға ауыстырып жатыр. "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ президенті Жанболат Мелдешов қызметінен шеттетілгеннен кейін жұмысына қайта оралғандығы, туындаған жанжалдың себебі және жүргізіліп жатқан реформалар туралы abctv.kz - ке айтып берді.
– Жанжалдан кейін жақында жұмысыңызға қайта оралдыңыз. Осы оқиғадан кейін өзіңіз үшін қандай қорытынды шығардыңыз?
– Шынымды айтсам, мұндай болады деп күтпеген едім. Мен келгеннен кейін орталықта орын алып жатқан өзгерістерге ұжымның бір бөлігі қарсы болды. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің алдыма қойған жаңа міндеттеріне орай орталықтың жұмысы қайта құрылды. Әрине кез келген өзгеріс тікелей адамдарға келіп тіреледі. Біз штатты кеңейткен жоқпыз, тек еңбек ресурстарын орталықтың ішінде қайта бөлдік. Бұған дейін қызметкерлер "Болашақ" пен "болашақтықтардан" басқа ештеңемен айналысқан жоқ. Біреу рухани, біреу кәсіби түрде жаңа міндеттерді орындауға дайын емес болды.
Мысалға оқытуды ұйымдастыру департаментінде француз ЖОО-лары бойынша жетекшілік ететін қызметкер француз тілінде сөйлемейтін болып шықты, ал Германия бағытында жұмыс істейтін маман немісше білмейді. Бізде IT-бөлімі айналысатын ауқымды мәліметтер қоры бар, бірақ бұрынғы IT-мамандар бағдарламалауды білмейтін. Біліктілік талаптары бойынша білу керек. Бізге бағдарламалық жасақтама қажет болды, бірақ олар оны істей алмады.
Қойылған міндетті кім орындайтыны мен үшін маңызды емес, маңыздысы – жұмыстың ретімен жүріп жатқаны.
– Қызметкерлер жаңа өзгерістерді өздеріне қатысты деп ойлады ма? Комиссия бұған келісті ме?
– Комиссияның қорытындысына келер болсақ, онда орталық жұмысының дұрыстығы не бұрыстығы немесе ХБО-ның басшылығына мен келгеннен бері өзге бағытта жұмыс істегені туралы бірде-бір ескерту болған емес. ҚР БҒМ-ның комиссия төрағасы Арын Орсариев орталық жұмысында оң өзгерістер орын алғанын баса айтты. Ұжымның басым бөлігі бұл өзгерістерді қолдап отыр.
– Сіздің және орталық қызметкерлерінің алдына компания ішінде үлкен өзгерістер енгізуге түрткі болған қандай міндеттер қойылды?
– Мен бұл орынға тағайындалғаннан кейін халықаралық бағдарламалар орталығына жаңа бағыттарды қолға алу туралы тапсырма берілді. Бұған дейін орталық тек "Болашақ" бағдарламасымен ғана айналысқан еді.
Жыл басынан бастап бізге шетелде білім алу үшін үкіметаралық келісімдер бойынша студент жинау жұмысы тапсырылды. Бұл – өзге мемлекеттердің үкіметі қазақстандықтар үшін бөлген гранттар. Яғни "Болашақ" бағдарламасынан бөлек. Сөз студенттерді алмастыру туралы болып отыр, біз шетелге қанша студент жіберсек, сол елден сонша студент қабылдаймыз. Бұдан бұрын аталған бағытпен ҚР білім және ғылым министрлігінің өзі айналысып келген, бірақ бөлінетін гранттар саны аз болатын. Былтыр 400 шәкірақы бөлінсе, биыл бұл санды 2,5 есеге арттыруды жоспарлап отырмыз. Кейінгі жылдары қазақ елінің бұдан да көп азаматтарын шетелге білім алуға жібергіміз келеді. Бұл істі республикалық бюджетке салмақ түсірмей жасайтынымызды ескеріңіз.
Сонымен қатар 2016 жылдың қыркүйегінен бастап біз "Серпін" бағдарламасының әкімшісі болып келеміз, ол бойынша қазірде 12 мың адам білім алып жатыр. Бұл студенттерді еңбегі өнімсіз аймақтардан еңбек тапшылығы байқалатын аймақтарға ауыстыру үшін білім беріп, жұмысқа орналастыру жөніндегі бағдарлама. Жоба 2012 жылдан бері жұмыс істеп тұр және тиімділігін дәлелдеп отыр. 2017-2018 оқу жылында грант санын 5000-ға дейін арттыру туралы шешім қабылданды.
Сондай-ақ шетелдік ЖОО-ларда дәл біздің студенттерге бөлінетін орындар санын арттыру мақсатында елшіліктермен, CampusFrance, British Council, DAAD секілді шетелдік білім беру агенттіктерімен келіссөз жүргіземіз. Шынын айтсақ, бұл Қазақстан үшін тиімді. Бұл бағытты дамытудың болашағы үлкен.
– Қаншалықты үлкен?
– Германияның DAAD агенттігі Орталық Азия елдерінде 130-дан астам білім беру жобасын іске асырып келеді. Осыны неге пайдаланбасқа? Қазақстандықтар инженерлік және IT-білімді әлемнің үздік неміс және француз ЖОО-ларында неге алмайды, оның үстіне онда шетелдіктер үшін де білім тегін беріледі.
Біздің орталық та қазақстандық DAAD немесе CampusFrance сияқты болуға тырысу керек, яғни Қазақстанның білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың операторы болуға тиіс. Ал үкіметаралық келісімдер туралы айтар болсақ, бұл мәселеде бізбен қарым-қатынас жасайтын елдер мен гранттар санын арттыруға ден қойып отырмыз. Бүгінде ең көп грант Венгриядан бөлінеді – 200, Қазақстан студенттеріне берілетін гранттар санын 200-ге дейін арттыру үшін Чехиямен келіссіз жүргізіп жатырмыз. Қытайдан бөлінетін грант саны 55 болса, оны да 200-ге дейін көбейту жоспарда бар. Одан басқа Балтық жағалауының елдері, Ресей және өзге мемлекеттер де грант бөліп жатыр.
– Бұл ХБО жұмыс екпінін осы бағыттарға ауыстырып, "Болашақ" бағдарламасын қысқартады дегенді білдіре ме? "Болашақ" бағдарламасы қаражатының бір бөлігі Назарбаев университетіне бөлу туралы мемлекет басшысының сөзі осыны айғақтай ма?
– Бірден нақтылап кетейін, аталмыш жоба бойынша саясатты айқындайтын орган мемлекеттік хатшының төрағалығымен шетелде кадрларды даярлау жөніндегі республикалық комиссия болып табылады. Халықаралық бағдарламалар орталығы – бағдарламаның әкімшісі.
Өзімнің жеке пікірім, "Болашақ" әлеуметтік жағынан шектеу қоймайтын дарынды жастарға арналған бағдарлама болды және солай болып қалады. ХБО үшін де "Болашақ" басты жоба болып қала бермек.
Шәкіртақыға келер болсақ, 2015 жылы 700 шәкіртақы бөлінген, 2017 жылы – 600, ендігі жылы 300 шәкіртақы бөлінуі мүмкін. Бір қарағанда жоба қысқарып жатқандай. Бірақ салыстырмалы түрде, 1994-2004 жылдары, яғни 10 жылдың ішінде бар болғаны 780 шәкіртақы бөлінген болатын.
Өмір бір орында тұрмайды және бағдарлама да елдің кадрлық резервінің қажеттілігіне қарай өзгере береді. Иә, 2005-2006 жылдары 2500-ден артық шәкіртақы берілген болатын. Бұл рекорд болды. Бірақ естеріңізде болса, ол кезде студенттер бакалавриат бағдарламасы бойынша білім алған. Бүгінде Назарбаев университеті, өзге ЖОО-лар кадр даярлаумен айналысады. Бағдарламаны іске асыруда әдіс-тәсілдерді қайта қарайтын уақыт жеткен шығар.
– Келешекте шәкіртақының қысқаруы мен биыл түскен үміткерлерді іріктеу ережесінің күшеюі арасында байланыс бар ма?
– Бүгінгі таңдағы өзгерістер шәкіртақы алушы студенттерді сапалы іріктеуге бағытталған. Тіл мен диплом деңгейіне қойылатын талаптың күшейуінен шәкіртақы алушы студенттер саны толмай қалу қаупі бар. Шетелдік жоғары оқу орнының ешқайсысы IELTS бойынша жинаған балы 6.0 - дан төмен болған адамды оқуға қабылдамайды, тіпті техникалық мамандықтардың өзі алмауы мүмкін. GPA 3.3. біздің төрт деген бағаға оқитын студентіміздің дипломына сәйкес келеді. Яғни бұл тек оқу қабілеті мен берілген материалды шет тілінде игере алудың көрсеткіші ғана. Бұл ең бастысы, шәкіртақы алушылардың өздеріне қажет.
– Алайда ел ішінде "Болашақпен" оқығандар шетелдік дипломға ие болғанмен де, практикалық дағдысы және алған білімін тиімді қолдану үшін тәжірибесі жеткіліксіз деген пікір көп.
– "Болашақ" бағдарламасы материалдық мен әлеуметтік жағдайына қарамай әлемнің ең үздік жоғары оқу орындарында сапалы білім алу мүмкіндігі екенін бәрі мойындайтын шығар деп ойлаймын. Егер бұл тиімді болмаса, осы бағдарламамен оқығысы келетіндер де көп болмас еді. Бұл елбасының берген сыйлығы деп түсіну керек. Мен өзім "Болашақ" бағдарламасы арқылы оқыған адаммын. Егер осы бағдарлама болмағанда, менің ата-анам дәрігердің алатын жалақысымен мені Ұлыбританияда оқыта алмас еді. Бұл – студент жастар үшін беріліп отырған үлкен әлеуметтік мүмкіндік. Құдай бермегенді, "Болашақ" бермейді. "Болашақпен" оқып келгендердің бәріне бірдей күйе жағуға болмайды. Әртүрлі мамандық бойынша әлемнің сан түрлі университетін бітірген он мың түлек бар. Мәскеудегі Бакулев атындағы медициналық институтты бітірген дәрігермен Лондондағы гуманитарлық жоғары оқу орнын бітірген түлекті салыстырудың өзі дұрыс емес. Өйткені бұл кәсіби қабілеті әртүрлі адамдар. "Болашақпен" оқып келгендердің барлығын бірдей нашар деуге болмайды. Жалпы бағдарлама көптеген адамға шетелде сапалы білім алуға мүмкіндік берді.
– Шетелде қалғысы келетіндер көп пе? Оқуға жұмсалған қаражат қалай қайтарылып жатыр?
– "Болашақ" бағдарламасы басталғаннан бері 161 адам шәкіртақыдан қағылған. Оған себеп – дер кезінде елге қайтпау. Бұл – шетелдік компанияларда сұранысқа ие болған түлектер. Бұдан "Болашақ" шәкіртақысы "дұрыс болмады" деуге болмайды, керісінше, бұл – біздің түлектерімізді сапалы дайындаудың көрсеткіші.
Ереже бойынша, олар оқу біткеннен кейін елге оралып, жұмыс істеуі керек. Бірақ та кей жағдайда біздің студенттер шетелдік компанияларда немесе зертханаларда тәжірибе алу үшін қалып қояды. Ондай жағдайда олардың өзі ерікті түрде шәкіртақыдан бас тартып жатады немесе біз оларға шәкіртақы төлемеуге шешім қабылдаймыз. Шетелде қалып жұмыс істейтін студенттер саны шәкіртақы алушылардың жалпы санының 1%-ы ғана. Бірақ бұл олар сол жақтан мүлдем келмей қалады деген сөз емес. Көбі қайтып келіп жатады, оның ішінді таныстарым да бар.
– "Болашақ" бағдарламасымен оқу үшін кепіл қою талабына қатысты қандай да бір жеңілдік бола ма?
– Кепілзатты қамтамасыз етуге қатысты мәселе әрқашан болады. Бұл жерде мәселеге екіжақты қараған дұрыс. Егер кепілзатты алып тастайтын болсақ, шетелде қалып жұмыс істегісі келетіндердің саны көбеюі мүмкін. ХБО бұл мәселеге қатысты шешім шығармайды, тек бағдарламаның әкімшісі ретінде кепіл қоюға қатысты талапты жеңілдету бойынша ұсыныс жасай алады. Қазіргі уақытта мүлікті кепілге қою нұсқасын жұмыспен өтеу уақытын үйлесімді есептеу арқылы шешу қарастырылуда.
Мысалы, студенттің оқу ақысы 20 млн теңге болып, ол оқу ақысын қайтару кепілі үшін 10 млн тұратын екі пәтерді кепілге қойды дейік. Егер ол жұмыспен өтеу мерзімінің жартысын өтеген кезде екі пәтердің бірін кепілден алып тастауды ұсынып отырмыз. Бірақ та тағы қайталап айтамын, бұл механизм әлі дайындалып жатыр. Ал материалдық міндеттемесіз оқығысы келетіндер үкіметтік грант пен шәкіртақы бағдарламасы бойынша оқи алатынын тағы да қайталап айтқым келеді. Мен ол туралы жоғарыда айтып кеткенмін. Көптеген елде тегін білім беретін университеттер бар.
– Қазір мәжіліске жоғары оқу орындарының академиялық еркіндігін енгізу бойынша заң жобасы ұсынылып отыр. Осы заң жобасы бойынша жоғары оқу орындары шетелде филиалдарын аша алады. Біздің елде шетелде оқытуды экспорттай алатын университет бар деп ойлайсыз ба? ХБО бұған қатысады ма?
– Бұл дер кезінде қолданылып отырған шара. Ол Қазақстан үшін жаңалық емес. Әлемдік университеттер қазірдің өзінде бұл бағытта жұмыс істеп жатыр. Қазақстан – Болон процесіне қатысушы ел. Біз Болон декларациясына қол қойғанбыз, осыған сай біртұтас жалпы-еуропалық білім кеңістігіндегі еуропалық жоғары білім беру стандарттарын қалыптастыруға міндеттеме алдық.
Сіз айтып отырған заң жобасы, бұл – еліміздегі жоғары оқу орындарын шетелдік серіктес іздеуге итермелейтін реформа. Ұлттық жоғары оқу орындары өздерінің білім беру бағдарламасын жасауда академиялық еркіндік алады. Бірақ осыған сай жоғары стандарттар да қойылған. Осы стандарттарды қабылдау үшін біздегі көптеген жоғары оқу орнына мықты серіктесті ел ішінен немесе шетелден іздеу керек болады. Мұны іске асыру құралы екі диплом беру бағдарламасы болуы мүмкін.
Бұл жерде біздің орталық үшін жұмыс бар. Біз шетелдік серіктес-жоғары оқу орындарын іздеуге көмектесеміз. Бағдарламаны 12 жыл басқарудың нәтижесінде әлемнің көптеген жоғары оқу орындарымен байланыс орнаттық. Сөз арасында айта кетейін, орталық жақында халықаралық International Education Fair 2017 білім беру көрмесін ұйымдастырды. Осы көрме барысында біздің жоғары оқу орындарымыз 10 шақты шетелік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Оның ішінде екі дипломға қатыстысы бар.
Ал қазақстандық университеттердің білім беруді экспорттау әлеуетіне тоқталар болсақ, оны уақыт көрсетеді. Менің ойымша бұл қолдан келетін шаруа. Егер процесс іске қосылатын болса, онда бұл тек жоғары оқу орындарына ғана емес, сонымен қатар отандық және еуропалық екі диплом алып шығатын студенттерге де қызықты болады. Сол кезде Қазақстан жақын елдерден студенттер тарту үшін өңірлік білім беру орталығы бола алады. Бұл әбден мүмкін.
Әйгерім Сүлейменова, Динара Қуатова