Жандарбек Бекшин: Бесінші толқын наурыздың ортасында шарықтау шегіне жетеді

Алматыға "омикрон" штамы тіркелген елдерден 2 300 жолаушы келген.       

Жандарбек Бекшин: Бесінші толқын наурыздың ортасында шарықтау шегіне жетеді

Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында "Омикрон" штамы – жаңа қауіп деп мәлімдеді. Сол үшін ол алматылықтарды екпе алуға шақырды, деп жазады inbusiness.kz.

"Алдағы Жаңа жыл мерекесіне байланысты адам көп жиналатын орындарға баруды шектеп, мерекені отбасында тойлауды ұсынамыз. Жаңа жылдық мерекелер коронавирустың таралуына себеп болмауы керек", – деп бастады мегаполистің бас санитар дәрігері.

Бұл ретте ол қазір Алматыда эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін растады. Күніне 30-35 жұқтыру жағдайы тіркеледі. Бірақ бұл босаңсуға себеп болмауы тиіс. Коронавирустың жаңа штамы бүкіл әлемде тез таралуда және қазіргі кезде әлемнің 106 елінде анықталған.

Сонымен қатар "ерекше" болжамдарымен есте қалған Жандарбек Бекшин алдағы уақытта қазақстандықтарды қандай өзгерістер күтіп тұрғанына тоқталып өтті. Санитар дәрігердің орта мерзімді болжамына сәйкес, Алматыда "омикрон" COVID-19 індетінің келесі толқынын тудыруы мүмкін. 

"2022 жылдың қаңтар айының ортасында "омикрон" басым болады деп күтілуде. Ол біртіндеп "дельта" нұсқасын ығыстыра бастайды. Бесінші толқын келер жылдың наурыз айының ортасында шарықтау шегіне жетеді", – деді Жандарбек Бекшин. 

Сонымен қатар спикер қалада шетелден келетіндерге қатысты профилактикалық шаралар күшейтілгенін айтты. Оның сөзінше, 3-20 желтоқсан аралығында Алматыға 50 мыңға жуық жолаушы келген, оның ішінде 29,7 мыңы ПТР сертификатымен, 20 мыңы вакцинация паспортымен, оның ішінде "омикрон" штамы тіркелген елдерден 2 300 келген жолаушы да бар. 

"Барлық келгендер бір апта бойы оқшаулануға және медициналық бақылауға жіберілді. Оның ішінде 5 науқастан коронавирус анықталды. Олар жұқпалы аурулар ауруханасында оқшауланған. Жолаушылардың 90%-ға жуығы Германиядан, Мысырдан және Ұлыбританиядан келеді. Мұнда жаңа штамм қазірдің өзінде айналымда", – деді Бекшин. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу