Жандарбек Бекшин: Еуропадан қонақ шақырмаңыздар

2846

Мамандарды Еуропадағы жағдай алаңдатып отыр. 

Жандарбек Бекшин: Еуропадан қонақ шақырмаңыздар

Италия коронавирустың өлім-жітім көрсеткіші бойынша Қытайды артқа тастап, бірінші орынға шыққан. Еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин жалпы Еуропа одағына мүше елдердегі жағдай қатты алаңдатып отырғанын айтты. 

"Қытай Халық Республикасында жағдай тұрақтанды.Бүгін тіпті аурудың тіркелуі 0,02 пайызға дейін төмендеді. Бірақ бізді Еуропа одағындағы елдер алаңдатып отыр. Мысалы, Италияда 3-4 күн бұрын бірінші санаттың "Б" тобында болған. Бұл елде 3-4 күнде аурулар саны күн сайын 20 пайыз артты.Сол себепті "А" тобына кірді. Италия ауру көрсеткіші бойынша Қытайдан кейінгі екінші орында болса, өлім-жітім көрсеткіші бойынша  бірінші орынға шығып кетті. Германия, Франция, Испанияда аурулар саны өсіп кетті. Баға беру критерийлері әзірленген. 6 критерий бойынша барлық елге күнара баға беріп отырамыз", –деді бас санитар.

Оның айтуынша, коронавирустың таралуы Швеция, Шейцария, Нидерланд, Норвегия елдерінде де шұғыл артып келеді.

"Еуропа елдерінде жағдай 2-3 күн сайын өзгеріп отыр.Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі 6 қаңтардан бері тәуліктік жұмыс режиміне ауысқан болатын. Бүгінде бірінші санаттың "А" тобындағы Оңтүстік Корея мен Қытай Халық Республикасының қатарына Италия қосылды.Бірінші санаттың "Б" тобына Германия мен Испания кірді. Екінші санаттағы қауіпті елдер тобына Швейцария, Ұлыбритания, Нидерланд енді. Үшінші  санатта Бельгия, Швеция, Норвегия, Үндістан, Иран АҚШ бар. Көріп отырғандарыңыздай, Еуропалық одақтың барлық елінде шұғыл таралу байқалады.8 наурыздан бері бірінші санаттағы "Б" тобындағы Италияға шығуға тыйым салынған болатын. 12 наурыздан бастап бұл санатқа Германия, Франция, Испания кірді. Қазақстан азаматтарына шұғыл қажеттелік болмаса, Еуропа елдеріне шықпауға кеңес береміз. Әсіресе, мен атаған елдерге бармау керек. Аталмыш елдерге бармау керек және ол елдерден туысқандар мен достарды қонаққа шақырудың қажеті жоқ. Аурудың таралуы шұғыл болғандықтан, осындай шешім қабылданып отыр. Өйткені Еуропалық одақ ішінде шекара жоқ. Ал әуежайларының үлкендігі сонша, адамдарға жанасып, сол арқылы ауру жұқтыру ықтималдығы өте жоғары", – деді ол.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу