Жандарбек Бекшин қазақстандықтарды Уханьға бармауға шақырды

Ухань қаласында карантин жарияланды. 

Жандарбек Бекшин қазақстандықтарды Уханьға бармауға шақырды Фото: sputniknews.kz

Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігі комитеті төрағасының орынбасары Жандарбек Бекшин Қытайда тараған коронавирустық инфекциядан сақтану үшін қандай шаралар атқарылып жатқанын атады.

Оның айтуынша, 23 қаңтардағы жағдай бойынша 570 астам адам аталмыш дертке шалдығып, 17 адам қайтыс болған.

Қытай эпидемиологтары қазір инфекцияның қалай тұтанғанын анықтау үшін жанталасып жатқан көрінеді. Бірақ әзірге нақты бір тоқтамға келмеген.

"Қытай эпидемиологтарының мәліметі бойынша, дерт Хубей провинциясының Ухань қаласындағы базардан тарап жатыр.

Ол жерде 7 көтерме сауда базары бар. Нақты кесіп айтуға келмейді, бірақ алдын ала деректер бойынша аталмыш көтерме базарларда экзотикалық жануарлар сатылып жатыр. Теңіз жануарларының, жарқанаттың, құс еттерінің, жабайы мысық, жабайы иттің етінен жасалған тағамдар сатылуда. Аюдың табаны сияқты сирек өнімдер де осы базарда өте көп сатылады. Сондықтан осы көтерме сауда орындарына қатты назар аударып жатыр. Науқас жұққандардың көбі осы базармен байланыста болған. Оның ішінде сатушылар да бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл вирусты адамнан-адамға жұқпайды деп келген еді. Жоғары концентрация болған кезде адамнан-адамға да жұғатыны дәлелденіп отыр", – деді бас санитардың орынбасары.

Жандарбек Бекшин Қытай билігі Ухань қаласында карантин жариялағандықтан, қазақстандықтарға аталмыш  өңірге барудан бас тарту керектігін ескертті.

"Ухань қаласына карантин қойылған. Қытай билігі осындай шешім шығарды. Қаладан шығуға да, кіруге де болмайды. Қытайға барушыларға ең бірінші айтарымыз, себеп өте маңызды болмаса, жоспарлы сапардан бас тартқан жөн. Ухань қаласына бармауды ұсынамыз. Мұны жолаушылар да түсініп отыр. Көптеген жолаушы билеттерін қайтарып жатыр. Ол өте дұрыс. Туристік фирмаларға жадынама үлестіріп жатырмыз", – деді ол.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу