Жандос Ахметов үшін үлкен сынақ. ФK "Тараз" қалай өзгереді?

2792

2022 жыл басталды. Ал жанкүйерлер команда биыл қай жерге дейін жете алар екен деп күпті болып отыр. Мәселені тарқатып көрейікші.

Жандос Ахметов үшін үлкен сынақ. ФK "Тараз" қалай өзгереді?

Өткен жылы клубқа Бердібек Сапарбаев айқын мақсат қойып, "алғашқы алтылыққа еніңдер" деді. 4 қана легионер алып, жергілікті жастарға сенім артты. Алаңға 10 қазақ шығып жүріп, "Тараз" Қазақстан кубогінің ширек финалына жетті. Алғашқы алтылыққа команда іліге алмады. Команда көшбасшысы Бауыржан Байтана ұлттық құрамаға алынды. Мұхамеджан Сейсен де маусымдағы үздік қақпашылар қатарында болды. Алайда команда ойыншылары алаңға шығудан бас тартып, кейбір матчтарда құлықсыз ойнап, жігер танытпады. Себебі олар соңғы 5 ай бойы жалақы алмапты. Тіпті клуб базасында электр тоғы өшірілді. Себебі клуб бухгалтериясы жарықтың ақшасын да төлемепті. Осындай жағдайлардан кейін Талғат Тұрлыбайұлы қызметінен кетіп, орнына Жандос Ахметов таныстырылды. Енді қарызға белшесінен батқан клубтың шаруасы жас менеджерге үлкен сынақ болғалы тұр.

Ақпарат көздерінен оқып білгендеріңіздей команда тізгінін армениялық бас бапкер Вардан Минасян ұстайды. Бұл бапкер Бердібек Сапарбаевтың көңілінен шыққан маман. Өткен жылғы 4 легионердің бірі Урош Ненадович командадан кетуі тиіс. Сербиялық шабуылшының ойыны жергілікті жанкүйерлерге де, клуб басшылығына да ұнаған жоқ. Бірақ бұл ойыншымен бірден ұзақ мерзімдік келісім-шарт жасалыпты. Яғни ол биылғы жылдың соңына дейін келісімі бар футболшы. Демек клуб басшылығы бұл футболшымен қош айтысу үшін де біршама келіссөздер жүргізуі тиіс. Альфонсо Коджо деген легионер өзін жақсы жағынан көрсетті деп айта алмаймыз. Ол командаға келген кезде жарақаты бар, өз бабына келіп үлгермеген футболшы болатын. Сондықтан бұл жартылай қорғаушы 2022 жылы "Тараз" намысын қорғамайды. "Ақсу" командасымен келісімге келген Фэйт Обилордың да соңғы жаңалықтардан кейін "Таразға" қайтып келгісі келеді. Ал орталық қорғаушы жұбын құрған Елдос Ахметов те "Астанаға" ауысып кетті. Алайда бас бапкер Вардан Минасян бұл қорғаушыны командаға қайтару үшін бар күшін салады. "Тараз" футбол клубы Елдосты жалға алса да, бір маусымға қайтара тұратын сыңайлы. Айтпақшы легионерлерден Эривалдо деген футболшы бар болатын. Оның да тағы бір жылға қалатын келісімі бар. Өткен жылы қарық қылмаса да, қара маржан ойыншының қарымы енді ашылатын секілді.

Жас маман Жандос Ахметовтың ойынша команданың негізгі бөлігін жергілікті жастар құрауы тиіс. Сол үшін "Тараздың" жастар командасында көзге түскен 8 футболшы Түркияда өтетін алғашқы оқу-жаттығу жиынына барады. Клуб басшысы келе салысымен спорт директоры қызметіне Тараз футболының тарланы Азамат Ниязымбетовті шақырды. Демек алдағы уақытта командаға Нүркен Мәзбаев, Ғани Қайназаров секілді Жамбыл жерінің мамандары да тартылуы ықтимал деген сөз.

Сонымен қатар айта кетуіміз керек "Тараз" клубы тағы да бірнеше футболшымен келіссөздер жүргізіп жатыр. Олардың ішінде Қазақстанға есім-сойы жақсы таныс, шабуылшы Жерар Гоу да бар. Әлбетте, "Тараз" командасына тәжірбиелі шабуылшы қажет. Шамасы, биыл командада легионерлер саны көбірек болатынға ұқсайды. 4 легионер өткен жылы жеткіліксіз болып қалды. Себебі маусым ұзақ, ойындар көп. Кубок ойындарының өзінде жарақат алып қалып жатқан футболшылар көп болды. Өткен жылғы қарыздар жабылып, биылғы маусымның бюджеті анықталған кезде көп мәселенің шеті шығары түсінікті. Алайда алғашқы қызмет жылында Ахметов бар күшін салары анық.   

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу