Жандос Бижігітов "Бургос Вуэльтасына" қатысатын болды

1580

Қайта жалғасқан веломаусымды "Астана" командасы төрт қазақстандық шабандозбен бастайтын болды.

Жандос Бижігітов "Бургос Вуэльтасына" қатысатын болды

Қазақстандық "Астана Про Тим" велоклубы Испанияда 28-шілде мен 1-тамыз аралығында өтетін "Бургос Вуэльтасы" көпкүндігіне қатысатын шабандоздардың тізімін жариялады.

"Астана" үшін биылғы маусым наурыз айының басында тоқтатылды. Ол кезде Алексей Луценко бастаған шабандоздар "Біріккен Араб Әмірлектерінің Туры" көпкүндігіне қатысып, жарыс барысында спортшылардан коронавирус анықталды. Қазақстандық команданың басшылары шабандоздардың денсаулығына нұқсан келтірмеу үшін сайысты мерзімінен бұрын тоқтатуды жөн санады. Ал бірнеше апта өткен соң Халықаралық велесебедшілер одағы да дәл осындай шешімге келді.

Енді Испанияда өтетін көпкүндікпен маусым қайта жалғасын таппақ. "Астана" да жарыс жолына шығуға сақадай сай. Елордалық команда бескүндік "Бургос Вуэльтасына" қатысатын шабандоздардың тізімін жариялады. Қазақстандық велесебедшілерден Жандос Бижігітов, Даниил Фоминых, Юрий Натаров және Никита Стальновтар, сондай-ақ испаниялық

Алекс Аранбуру мен Оскар Родригес, колумбиялық  Родриго Контрерас "Астана" намысын қорғайтын болды. Ал көпкүндікке спорттық директорлардан Джузеппе Мартинелли мен Стефано Занини барады.

"Бургос Вуэльтасы" - Испанияның Бургос елді-мекенінде тас жолда өтетін көпкүндік веложарыс. Алғаш рет XX-ғасырдың 40-жылдарында өткен. Кейіннен ұзақ уақыт үзілістен соң "Бургос Вуэльтасы" 1981 жылы қайта жаңғырды. 2005-жылы аталған жарыс UCI Europe Tour күнтізбесіне енді және 2.НС дәрежесіне ие болды. Осыған дейін 40 мәрте ұйымдастырылған  сайыста 27-рет испаниялық велошабандоздар жеңіске жеткен. Яғни нағыз испаниялық сайыс деуге болады. Дегенмен, осы күнге дейін қазақстандық велесебедшілер арасынан да "Бургос Вуэльтасында" жетістікке жеткен  спортшылар бар. Солардың бірі Даниил Фоминых 2016- жылы "Астанамен" бірге жарыстың командалық кезеңінде жеңіске жеткен.

Ал, былтыр Алекс Аранбуру испаниялық Caja Rural–Seguros RGA клубының сапында көпкүндіктің 4-кезеңінде үздік нәтиже көрсетіп, жалпы есепте 36-орынға ие болды.  Сондай-ақ Оскар Родригес тағы бір испаниялық Euskadi Basque Country – Murias велокомандасымен бірге жалпы есепте 2-орын иеленген. Ол жеңімпаз Team INEOS командасының өкілі колумбиялық Ивану Рамиро Сосеге небәрі 31 секунд ұтылған. Биыл қыста "Астанаға" ауысқан Родригес алда өтетін жарыста қазақстандық командаға жеңіске жетуге көмектеседі деген үміттеміз.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу