Қазақстандық велошабандоз Жандос Бижігітов 150 шақырымнан аса жарыс жолын төрт шабандозбен бірге көшбасшы топта өткізіп, екі аралық таулы аймақта жеңіске жетіп, велобәйгенің тау классификациясы бойынша үздік шықты.
"Астана" шабандозы Мерхави Құдыс жарысты он үздіктің қатарында аяқтады. Ол жарыстың шешуші сәтінде шабуылға шықты. Мерхави кезең жеңімпазы италиялық Джованни Висконтиға 58 секунд уақыт ұтылып, мәреге 8-болып келді.
- Жарыс басталған сәттен-ақ алға озуды жоспарладым. Команданы негізгі топтағы жұмыстан босатып, тау классификациясының жеңімпазы атандым. Аралық үш таулы финиш болды. Соның екеуінде жеңіске жеттім. Шамамен финишке 30 шақырым қалғанда бізді соңымызда келе жатқан топ қуып жетті. Мен өз жұмысымды одан әрі жалғастырып, бірқалыпты жүріп отырдым. Жалпы бүгін көшбасшы топта болғаныма көңілім толады. Өзімді сынап, командаға көмектестім. Келесі жарыстар алдында бабыма көңілім толады. Және Әлем чемпионатында мен көшбасшымызға көмектесетін боламын, - деді фиништен кейін Жандос Бижігітов.
Ермұхамед Мәулен