Соңғы екі жыл ішінде Әлімханұлы әлеуметтік желілерде өз салмағында әлем чемпионы болған немесе "Канело" сияқты орта салмаққа ауысқан әлем чемпиондарын кездесу өткізуге шақырды. Әлімханұлының соңғы рет үндеу тастаған боксшысы WBA бойынша әлем чемпионы Риота Мурата болатын. Осығайн байланысты қазақстандық боксшы жұмыс істейтін Top Rank компаниясы тоғыз жеңісті жекпе-жектің бесеуін нокаутпен аяқтаған Әлімханұлының егер Мурата жекпе-жекке дайын болмаса, онда басқа боксшымен кездесуге дайын екенін мәлімдеді.
Енді Жәнібекке лайықты қарсылас табылды. Ол 2018-жылдың күзінде төрешілердің шешімімен Головкиннің салмағында WBA титулын Муратадан тартып алған америкалық Роб Брант болмақ.
Чемпиондармен жұдырықтасуға асық болған Әлімханұлының Брантпен кездесетіні жайлы BoxingScene.com ақпараттық порталы мәлімдеді. Баспасөздің хабарлауынша қазақстандық боксшы мен Брант арасындағы кездесу 26-маусымда Лас-Вегаста өтеді. 10 раундқа есептелген жекпе-жек украиналық Василий Ломаченко мен жапониялық Масайоша Накатана жұдырықтасатын бокс кеші аясында өтпек. Брантқа қарсы өтетін жекпе-жек Әлімханұлы үшін былтырғы жылдың қазан айында екінші раундта аргентиналық Гонсало Корианы нокаутқа жібергеннен кейінгі алғашқы жекпе-жек болмақ.
Айта кетейік, Әлімханұлының қазір орта салмақта екі титулы - WBO Global Middleweight Title және үш рет сәтті қорғаған WBC Continental Americas Middleweight Title атағы бар. Ал Брант өткен жылдың тамызында украиналық Виталий Копыленконы бесінші раундта техникалық нокаутпен жеңіп, жекпе-жек барысында қарсыласына толықтай үстемдік етті. Бұл оның Муратамен өткен екінші кездесуіндегі жеңілістен кейінгі алғашқы жекпе-жек болды. Жалпы бір жылдық үзіліс 30 жастағы боксшы үшін ұзақ уақыт. Дегенмен, соңғы төрт жылда Брант жылына екі жекпе-жектен артық өткізбеген екен.
Ермұхамед Мәулен