Жәнібек Әлімханұлы алғашқы белбеулеріне қол жеткізді

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
4931

Қазақтың талантты ұлдарының бірі кәсіпқой бокс рингіндегі алтыншы жеңісіне қол жеткізіп, екі белбеуге ие болды.

Жәнібек Әлімханұлы алғашқы белбеулеріне қол жеткізді Фото: express-k.kz

Біздің уақытпен, бүгін таңда, Лос-Анджелестегі Staples Center аренасында, украин Василий Ломаченко (12-1, 9 KO) және британдық Энтони Кролла (34-6-3, 13 KO) арасындағы бокс кеші басталды. Бұл шоудың андеркардтағы жекпе-жектерінің бірінде Жәнібек Әлімханұлы көпшілікті өз өнеріне тәнті қылды. Оның бұл жолғы қарсыласы Мексика боксшысы Кристиан Оливас (16-4, 13 KO) еді.

Әлімханұлы мен Оливас жекпе-жегі әу бастан 10 раундқа жоспарланған болатын. Қазақтың күрзі жұдырықты қайсар қыраны қарсыласынан үстем түсіп, басымдық танытқанымен, мексикалық жігіт құламады. Жаны сірі, жанкешті боксшы екен, он раунд бойы шыдап бақты. Жәнібектің пәрменді соққыларына төтеп берді.

Әйтсе де, төрешілер жеңісті бірауыздан Жәнібекке берді. Сөйтіп, ол осы жекпе-жекте ортаға салынған екі бірдей белбеуді жеңіп алып, екеуін де қос білегіне ілді. Атап айтқанда, WBC Continental Americas аймақтық титулы мен бірінші рет сарапқа салынған WBO Global белбеуіне қол жеткізді.

Ең бастысы, Жәнібек өзінің кәсіпқой боксқа мейілінше бейімделіп, жетіліп келе жатқандығын көрсетті. Әсіресе, қарсыласы өзіне тұра ұмтылғанда, қуатты соққысымен сабасына түсіріп отырды. Әрі өз дивизионында арманы асқақ, мақсаты биік екендігін де сездірді. Кәсіпқой бокс рингіне осыдан бір жыл бұрын шыққан жерлесіміз содан бері алты рет жеңіске жетіп, оның екеуін нокаутпен аяқтады (6-0, 2 KO).

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу