Жәнібек Әлімханұлы Америкада жекпе-жек өткізеді

2551

Қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы (11-0, 7 КО) мен британиялық боксшы Дэнни Дигнум (14-0-1, 8 КО) арасындағы титулдық жекпе-жек ESPN арнасындағы кәсіпқой бокс кешінің басты жекпе-жегі болмақ.

Жәнібек Әлімханұлы Америкада жекпе-жек өткізеді

WBO "уақытша" чемпионының белбеуі үшін жекпе-жек 21 мамырға жоспарланған. Бұл туралы инсайдер Дэн Рафаэль хабарлады.

"WBO титулы үшін Жәнібек Әлімханұлы мен Дэнни Дигнум кездесуін өткізу құқын беретін сейсенбіге белгіленген промоутерлік сауда өтпейді. Олар 21 мамырда ESPN-дегі басты жекпе-жекте шаршы алаңға шығады. Бұл туралы маған атақты Карл Моретти айтты. Ал жекпе-жектің әзірге өтетін орны белгісіз", – дейді Дэн Рафаэль.

Сонымен қатар қазақстандық боксшының командасы да жекпе-жекке қатысты пікір білдірді.

"Бұйыртса 21 мамыр жекпе-жек. Америкада Қазақстан үшін тарихи жекпе-жек болады. Жәнібек Әлімханұлы WBО-ның чемпиондық титулына жұдырықтасады. Қарсылас британиялық солақай Дигнум. Рейтингте Жәнібектен соң үшінші орында тұр. Алла амандығын берсе тарих жасаймыз. Біздің уақыт келді", – деп команда фейсбукте жазба қалдырды.

Боксшылар орта салмақта WBO титулын сарапқа салады. Ал бұл дивизионда IBF және IBO белбеулері Геннадий Головкинге (41-1-1, 36 КО) тиесілі.

Айта кетейік, Әлімханұлы-Дигнум арасындағы жекпе-жектің жеңімпазының толық чемпион мәртебесіне көтерілу мүмкіндігі бар. Егер қазіргі орта салмақтағы WBO белбеуінің иегері Деметриус Андраде суперорта салмақта қалуды және орта салмақтағы титулды босату туралы шешім қабылдаса, жеңімпаз чемпионның орнын басады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу