Жекпе-жек 21 мамырда Лас-Вегаста (Невада, АҚШ) өтеді. Жәнібек пен Дэнни орта салмақтағы WBO уақытша титулын сарапқа салады. Бұл ұйымның толық чемпионы – америкалық Деметриус Андраде (31-0, 19 КО) екенін айта кетейік.
Әлімханұлы былтырғы жылдың қараша айында өткен соңғы жекпе-жегінде француз Хассан Ндам Нжикамды (38-6, 21 КО) сегізінші раундта нокаутқа түсірген болатын. Ал Дигнум ақпан айында тағы бір британдық Грант Денниске қарсы (17-4, 3 КО) текетіресте мерзімінен бұрын жеңіске жетті.
Кездесудің қашан өтетіні ресми жарияланғаннан кейін боксшылар алдағы жекпе-жекке қатысты өз пікірлерін білдірді.
"Андраде мен Мунгуя менен қашты. Сондықтан Дигнумға жекпе-жекті өткізуге келісім бергені үшін алғыс айтамын. Бүкіл әлемге нағыз "қазақ стилін" көрсетіп, титулды аламын. Дивизионның ең танымал боксшылары әзірге менен қашып жүргенімен, олар мәңгілікке қашып кете алмайды. Resorts World-та тартысты жекпе-жек өткізуді асыға күтемін", – деді Жәнібек Әлімханұлы.
"Жәнібекпен уақытша WBO чемпионы атағы үшін жекпе-жек өткізетініме өте қуаныштымын. Мен өз-өзіме сенімдімін. Аренадан жеңіспен және титулмен кетемін", – дейді британиялық боксшы.
Ал промоутер Боб Арумның пікірінше бұл кездесудегі басты фаворит – Жәнібек.
"Жәнібек – аса талантты. Соңғы жылдары Шығыс Еуропадан келген үздіктердің бірі. Ол осы деңгейге лайықты түрде жетті. Лас-Вегас, ESPN арнасының басты оқиғасы. Ол Дэнни Дигнумға қарсы керемет өнер көрсетеді деп ойлаймын. Жәнібекте чемпион болу үшін барлық мүмкіндік бар", – деді Боб Арум.
Ермұхамед Мәулен