Орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы (10-0, 6 КО) бұрынғы әлем чемпионы, француз Хассан Н'Дам Н'Жикамға (38-5-0, 21 КО) қарсы жекпе-жек өткізеді. Бұл Әлімханұлы үшін биылғы екінші жекпе-жек болмақ. Маусым айында Лас-Вегаста қазақстандық былғары қолғап шебері тағы бір экс-чемпион – америкалық Роб Брантты (26-3, 18 КО) мерзімінен бұрын жеңді.
72,6 келіге дейінгі орта салмақта өтетін 10 раундтық кездесу Лас-Вегастағы Top Rank Boxing Night турнирі аясында өтеді. Бұл турнирдегі басты жекпе-жек америкалық Теренс Кроуфорд (37-0, 28 КО) пен Шон Портер (31-3-1, 17 КО) арасындағы айқас болмақ. Жекпе-жек 21 қарашада Лас-Вегаста (Невада, АҚШ) өтеді және Нұр-Сұлтан уақыты бойынша таңертең 8:00-де басталады. Кездесуді тікелей эфирде Qazsport телеарнасынан тамашалауға болады.
Бүгін қазақстандық боксшы (10-0, 6 КО) қарсыласы Хассан Н'Дам Н'Жикаммен (38-5, 21 КО) жекпе-жек алдында міндетті салмақ өлшеу рәсіміне қатысты. Әлімханұлы таразыда 72,5 келі, ал Н'Жикам 72 келі салмақ көрсетті.
Кездесу алдында Жәнібек Әлімханұлы The Ring басылымына сұхбат беріп, алда өтетін жекпе-жекке байланысты өз ойын білдірді.
"Н'Жикам – бұрынғы әлем чемпионы. Мен оны құрметтеймін. Ол жақсы боксшылармен жұдырықтасқан. Бірақ менің стилім басқаша және мұны бәрі біледі. Менің стилім Qazaq style. Бұл әлемдегі ең жақсы стиль. Алдағы кездесу мансабымдағы ең оңай жекпе-жек болады. Мен бұрынғы чемпиондармен жұдырықтасуды ұнатпаймын. Тек қазіргі чемпиондармен жекпе-жек өткізгім келеді. Барлығына чемпиондық жекпе-жекке дайын екенімді дәлелдегім келеді. Джермалл Чарло (WBC чемпионы), Деметриус Андраде (WBO чемпионы) және Риота Муратаны (WBA Super титулының иегері) нокаутқа түсіргім келеді. Мен мұны жақын арада орындаймын", – деді Жәнібек Әлімханұлы сұхбатында.
Өздеріңіз білетіндей, тағы бір қазақстандық боксшы Геннадий Головкин де (41-1-1, 36 КО) орта салмақта өнер көрсетеді. Ол 29 желтоқсанда рингке қайта оралып, Токиода WBA Super белбеуінің иегері жапониялық Риота Муратамен (16-2, 13 CO) кездеседі.
Ермұхамед Мәулен