Жәнібек Әлімханұлы "Хитмэнге" әлімжеттік жасады

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
4906

Қазақтың шойын жұдырықты жұлдызы Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой бокс рингінде бесінші жеңісіне қол жеткізді.

Жәнібек Әлімханұлы "Хитмэнге" әлімжеттік жасады

Американың Фриско қаласында (Техас штаты) кәсіпқой бокс кеші өтіп, андеркардтағы жекпе-жектердің бірінде Жәнібек Әлімханұлы 28 жастағы АҚШ боксшысы Стивен Мартинеспен (18-4, 13 KO) жұдырық түйістірді. Орта салмақтағы сегіз раундқа созылған жекпе-жек мерзімінен бұрын аяқталып, қазақтың таланты тарланы жеңіске жетті.

Бірінші раундтан бастап-ақ Жәнібектің деңгейі жоғарылау екені байқалып тұрды. Қимылы шалт, соққысы пәрменді отандасымыз "Хитмэн" атанған тәжірибелі қарсыласының аптығын тез басты. Үшінші раундта нокдаунға түсіріп, тізесіне отырғызды. Бұдан кейін өзінің техникалық шеберлігін паш етуге тырысып, қарсыласымен "ойнай" бастады десек те болар...

Кейде қорғана жүріп, жұдырығын дөп тигізуге тырысса, ара-тұра бастырмалата соққының астына алып, әбден састырды. Бесінші раундағы осындай жойқын шабуылдарының бірінен соң төреші жекпе-жекті тоқтатты. Әрі "Хитмэннің" секунданттарының бірі қол шапалақтап, жеңілгендерін мойындады.

Сөйтіп, Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой бокс рингіндегі бесінші жеңісіне қол жеткізді (5-0, 2 KO). Ал оның аса тәжірибелі қарсыласы Стивен Мартинес бесінші рет жеңілістің кермек дәмін татты. Естеріңізге сала кетейік, бұл жекпе-жек жартылай ауыр салмақтағы WBO чемпионы, Колумбия қыраны Элейдер Альварес (24-0, 12 KO) және Ресей боксшысы Сергей Ковалев (32-3-1, 28 KO) арасындағы қарымта кездесу қарсаңында өткен болатын. 

Жәнібек бесінші жеңісінен кейін өзіне қолдау білдірген отандастарына алғыс білдіріп, ыстық ықыласын жолдады. "Жеңістеріңіз құтты болсын, Қазақ елі! Біз бұл жекпе-жекке тыңғылықты дайындалдық. Америка көрермендеріне Қазақ боксының қандай болатындығын көрсетіп жатырмыз. Қолдауларыңызды сезіндім. Сіздерге көп рақмет. Жеңісті күндерде жүздесе берейік!", – деді әлеуметтік желідегі жеке парақшасы арқылы.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу